• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мирас Бүгін, 09:35

Әнші Майра тұрған үй

30 рет
көрсетілді

Павлодар қаласының Астана көшесі, 167 мекенжайында 1992 жылға дейін мезонині бар көне ағаш үй сақталып келген екен. Оны ХХ ғасырдың басында қаладағы сыйлы әрі дәулетті адам Жұпаш Қыстаубаев тұрғызған.

Төңкеріске дейін қаладағы Сауда алаңына жақын орналасқан Владимир көшесінде бай көпестер мен ауқатты мещандар қоныстанған. Қазіргі Толстой көшесімен қиылысқан бұрышта көпес Иннокентий Кошелевтің үйі тұрған. Оның жанына Қыстаубаев өз үйін салып, ауласында ат-көлікпен тоқтайтын орын ашқан. Арзан әрі жайлы қонақүйге саудагерлер, іскер адамдар мен гастрольге келген әртістер түсетін. Мұнда Павлодар өңіріне сапарлап келгенде атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлы да тұрған.

«Бұл үймен Павлодардағы қазақ әдебиеті мен драма өнерінің қалыптасу тарихы тығыз бай­­ланысты. Мұнда поэзия кештері, концерт­тер мен спектакльдердің дайындығы өткізі­ліп, қаланың шығармашыл жастары жиналатын. Осындай кештерді өткі­зу идеясын үй иесінің өзі ұсын­ған. Көне­көз қариялардың айтуынша, мұн­да Жұ­мат Шаниннің кейіннен Қазақ драма театры­­ның репертуарына енген «Ар­қа­лық батыр» атты алғашқы пьесасының дайын­дығы  өткен», дейді өлкетанушы Людмила Баюшева.

Ж.Шанин ол кезде Павлодар уездік коми­те­тінің мүшесі (1920–1921) екен. Партия­лық-кеңестік органдардағы жұмысынан бөлек, ол театр қызметімен айналысып, әдеби кештер­ге қатысты. 20-жылдары бұл үйде көпте­ген танымал шығармашылық тұлға қонақ­та болған. Атап айтқанда, ақын Иса Байзақов, жазушы Мұхтар Әуезов, сондай-ақ мұнда біршама уақыт атақты әнші Майра Уәлиқызы тұрған.

Майра шағын балконға шығып, өзінің әйгілі тальянкасымен қазақ, татар, орыс әндерін шырқайтын. Қоңыраулы сырнай ол кезде далалық өлкеде сирек кездесетін музыкалық аспап еді. Майра сырнайда ғана емес, домбыра мен балалайкада да шебер ойнаған. Талантты әншінің әндерін, сырнайдағы саздарын тыңдауға көршілес көшелердегі тұрғындар жиналатын. Оның сыңғырлаған дауысы алысқа жететін:

«Қызы едім Уәлидің атым Майра,

Отыз тіс көмекейде тілім сайра.

Қолыма гармонь алып жөнелгенде,

Ілесер сонда маған жігіт қайда?!»

Людмила Баюшеваның айтуынша, кеңес өкі­меті жылдары бұл көне үйге «Қазгалан­терей­­торгтің» облысаралық базасы орналас­қан. 1972 жылы ғимаратқа Майраның барелье­фі бар ме­мориалдық тақта орнатылады. Уақыт өте келе ғи­мараттың қабырғалары қақы­рап, тоза бас­тай­ды. Алайда оны сақтап қалуға ешкім әре­кет жасамаған. 1992 жылы жергі­лікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерт­кіші ретінде тір­кел­ген үй бұзылып қала­ды. Қазіргі уақытта бұл жер­де жеке үй салынған.

 

ПАВЛОДАР 

Соңғы жаңалықтар