Мемлекет басшысы дауыс беру нәтижесі мажар халқы TISZA партиясының жетекшілері мен бағдарламасына жоғары деңгейде сенім білдіргенін көрсетіп, бұл Мажарстанның орнықты дамуын қамтамасыз ететінін атап өтті, деп жазады Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Астананың Будапештпен стратегиялық серіктестікті нығайтуға айрықша мән беретініне тоқталып, қос халықтың игілігі үшін екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев Петер Мадьярдың аса жауапты қызметіне табыс, ал достас мажар халқына құт-береке тіледі.
Бұған дейін Президент «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымын қабылдады. Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдап, өңірде туризмді дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.