Қоғам • 05 Ақпан, 2026

Нұрай Серікбайдың ісі «Аса қатыгездікпен кісі өлтіру» бабына өзгертілді

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу ісі «Аса қатыгездікпен кісі өлтіру» бабына өзгертілді. Бұл туралы марқұмның отбасылық адвокаты Аянхан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұрай Серікбайдың ісі «Аса қатыгездікпен кісі өлтіру» бабына өзгертілді

Бұған дейін аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша қаралған болатын. Бұл бап 8 жылдан 15 жылға дейінгі түрме жазасын көздейді. Істің «Аса қатыгездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша қайта саралануы күдіктіге берілетін жазаны айтарлықтай ауырлатады: енді оны 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына түрмеге кесу жазасы күтіп тұр.

Адвокаттың айтуынша, іс бойынша баптың өзгеруі жәбірленуші тараптың табанды жұмысы мен әділдікке қол жеткізуге талпынысының нәтижесі болды.

«Бұл – әділдікке жету жолындағы атқарылған жұмыстың қорытындысы», деді Аянхан Омаров.

Сондай-ақ адвокат Шымкент қалалық полиция департаментінің тергеу жұмысы бойынша жаңа тағайындалған орынбасары Ережепов пен тергеу басқармасының басшысы Құлмаханға істі формализмсіз, жан-жақты қарағаны үшін ризашылығын білдірді.

Жәбірленуші тараптың мәліметі бойынша, күдікті Нұрайға қысым көрсеткен. Қыз некелесуден бас тартқан соң, күдікті оны қудалап, кейін ерекше қатыгездікпен өлтірген. Осы жағдайдан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қызметінен босатылды. 

Президент те жағдайға назар аударып, құқық қорғау органдарының әрекеттеріне принципті баға беру қажеттігін айтты және тергеудің әділ жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар

«Спартак» тағы да жеңілді

Спорт • Бүгін, 11:55