• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жансарай 30 Қаңтар, 2026

Айтқали Жайымов, Қазақстанның халық әртісі: Халықтың шынайы ықыласынан артық құрмет жоқ

10 рет
көрсетілді

Есімі елге танымал болса да Айтқали аға – өте қарапайым. Болмысы бекзат. Ешқашан асып-таспайды. Алайда айтулы тұлғаның ұлттық өнердің дамуына қосқан үлесі мол. Бірнеше өнер ұжымын басқарды. Тамаша музыкалық туындылар жазды. Біз бүгін дирижер, композитор, профессор Айтқали Тілепқалиұлымен өмір жолы мен ұлттық музыка өнері туралы әңгіме өрбіттік.

Жастарға еңбегіне сай сыйлық жарасады

– Былтыр «Қазақстанның халық әртісі» атағын алдыңыз. Бұл марапатты кеш алдым деп ойлаған жоқсыз ба?

– Шынымды айтсам, ондай ой болған емес. 1998 жылы бұл атақ алынып тасталды. Алайда оған бола ештеңеміз кеткен жоқ. Ел қатарлы еңбек етіп келе жатырмыз. Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының шешімімен бұл марапат қай­та қалпына келтірілді. Бір жа­ғынан, жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Әйтпесе, осы атаққа ла­йық қаншама талантты тұлға өмірден өтіп кетті. Солардың ара­сында жақын достарым да бар еді. Сондықтан шүкіршілік деймін. Бұған дейін де марапаттан кем болған жоқпын. 1994 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерін» алдым. Одан кейін «Парасат» орденін иелендім. Кейде ел ішінде «өнер адамдары ғана марапаттала­ды» деген сөз айтылады. Елімізде осы кемістіктің орны толған секілді. Былтыр «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Президент қолынан еңбектің қазанында қайнап жүрген түр­лі сала өкілі марапат алды. Осыны теледидардан көріп, қуан­дым. Қандай көңілге шуақ құятын көрініс!

– Жалпы, атаққа қалай қарайсыз?

– Шетелде концертке кө­рер­мендер өнерпаздың дүркіре­ген атағына келеді. Өйткені атақ­тың айналадағы адамдарға әсері бар. Әрине, еңбегімнің мемлекет тарапынан бағаланғаны – мере­йім­ді өсірді. Отбасым да қуанды. Дегенмен қандай атақ алсам да өзгерген ештеңем жоқ. Бұрын қандаймын, қазір де сондаймын. Адам өзі үшін еңбектенеді. Біреу бізге оны міндеттеп жатқан жоқ. Еңбегімді елге еткен қызметім деп білемін. Шындығында, өнер адамдарына халықтың шынайы ықыласынан артық құрмет жоқ.

Осы марапат жөнінде бір айтарым бар. Бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» нағыз өнер майталмандарына берілетін. Қазір оны сахнаға енді шыққан жастар да алып жатыр. Содан кейін бұл марапаттың беделіне нұқсан келді. Жалпы, атақ саты-сатымен берілгені дұрыс. Мәселен, сахнада өнер көрсетіп жүрген жастарға өздерінің еңбе­гіне сай сыйлық жарасады.

– Өнер адамға бекер қонбай­ды. Қандай отбасында өстіңіз? Ата-анаңыз кімдер еді?

– Біз отбасымызда он үш баламыз. Мен – ұлдың үлкенімін. Көзімді ашқаннан домбыра­ның дауысын естіп өстім. Әке-шешемде өнерден қара жаяу емес. Анамның ән салатын әуезді әдемі дауысы бар-тын. Халық әндерін керемет шырқайтын. Ал әкем Мұхиттың әндерін на­қы­шына келтіріп орындайтын. Сондай-ақ үйге ауылдағы күйші қариялар жиі келетін. Бала күнімнен солардың күй тартқанын тыңдадым. Сосын Елкелді Меңдияров деген туыс ағам болды. Бұл кісі Жылыой ауданында алғашқы домбыра оркестрін құрған. Дәулескер күйші болатын. Өз бетімен нота үйреніп, күйлерді оркестрге түсірген. Соның да ықпалы тиді. Мектепте жүргеннен домбы­ра, баян, мандолинада ойнадым. 9-сыныпта оқып жүргенде мектеп директорының айтуымен өнерлі оқушылардан домбыра ансамблін ұйымдастыр­дым. Сөйтіп, ұжыммен жұмыс істеу оқушы кезімнен басталды. Оқу бітіргесін ауылдағы мектепте екі жыл музыка мен бейнелеу өнерінен сабақ бердім. Одан кейін Атыраудағы музыкалық училищеге түстім. Бұл оқуға ба­руымның өзі қызық. 1968 жылы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының курсына келдім. Сонда училище­нің директоры, ұстазым Сейілхан Құсайыновты кездестірдім. Бұл кісі мені бұрыннан таниды. Талай концертке қатысқаным­ды көрген. «Айтқали, сен мұнда нағып жүрсің?», деп сұрады. Оған осында оқуға келгенімді айт­тым. «Онда жүр» деп қолым­нан ­жетектеп, өзі қызмет істейтін училищеге алып келді. Тамыз айы. Оқу ордасына талапкерлер­ді қабылдайтын емтихан әлдеқа­шан өтіп кеткен. Соған қарамас­тан комиссия мүшелерін қайта шақырып, жалғыз өзімнен емтихан алды. Ағайым: «Оқуға түстің. Енді күзде құжаттарыңды алып кел», деді. Сосын мен ол кісіге: «Гүлжан деген қарындасым бар еді. Биыл 8-сыныпты бітірді. Ол да домбыра тартады» деп, едім: «Оны да оқуға аламыз, келсін» деп, күлімсіреді. Сөйтіп, қарындасыммен музыкалық училищеде бірге оқыдым. Аталған оқуды бітірерде белгілі музыкатанушы, профессор Болат Сарыбаев Алматыдан келіп, консерваторияға түсуге жолдама берді. Бірақ оның реті келмеді. Аудан басшыларының ұсынысымен ауылға оралып, аудандық музыка мектебінің директоры болдым. Аудан оркестрін басқардым. Бірақ «Қазақ радиосын» тыңдаған са­йын көңілім бұзылады. Алма­тыны аңсаймын. Аудан басшылары мені жібергілері келмеді. Сосын Құрманғазы атындағы консерваторияның сырттай бөліміне оқуға түсейін деп ойладым. Алайда комиссия мүшелері мені күндізгі бөлімге оқуға алып қалды. 

Дирижер – орындаушылық мамандық

– Бір басыңызда сан түрлі өнер тоғысқан. Бірақ соның ішінде дирижерлігіңіз бөлек. Осы туралы айтасыз ба?

– Еліміздегі дирижерлік мек­тептің іргетасын көрнекті өнер зерттеушісі, ғалым Ахмет Жұбанов қалады. Ол 1934 жылы алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізін­де Қазақ ұлттық халық оркестрін құрды. Өнер ұжымының алғаш­қы дирижері болды. 1944 жылы қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ашылды. Осы кезеңде арнайы дирижерлер класы ашылып, кәсіби түрде оқытыла бастады. Одан көрнекті композитор Леонид Шаргородский сабақ берді. Отандық дирижерлік мектеп осылай қалыптасты. Бұл мектептен Шамғон Қажығалиев, Фуат Мансұров секілді айтулы дирижерлер шықты. Атақты Нұр­ғиса Тілендиев Мәскеу консерваториясында оқыды. Соны­мен қатар Нұрғиса мен Шам­ғон ағамыз дәулескер күйшілер болатын. Ал Фуат Мансұров Бүкілодақтық дирижерлер фестивалінде лауреат атанып, Мәскеу консерваториясының аспирантурасын тәмамдады. Сон­да ұстаздық қызмет атқар­ды. Үлкен театрда дирижер болды. Мен ол кісімен Алматыда ­1976 жылы таныстым. 1978 жылы консерваторияны бітіргенде Фуат Шәкірұлы Мәскеуден мемлекет­тік комиссияның төрағасы бо­лып келді. Әйгілі өнерпаз Алма­тыға келген сайын қасында жүріп, дирижерлік өнердің қыр-сырын үйрендім.

– Бұл өнердің ерекшілігі қандай?

– Алдымен дирижерге кәсі­би музыкалық білім қажет. Өйт­кені шығарманың құрылымы әртүрлі. Оркестрдің де даусы бірнеше түрге бөлінеді. Соның бәрін бір арнаға тоғыстыра білу керек. Анығында, дирижер – орындаушылық мамандық. Ол бір аспапты еркін меңгерген музыкант болса, сонда шығар­маны орындауды жақсы түсінеді. Мәселен, ол қай дәуірдің композиторы, стилі, бағыт-бағ­дары қандай? Дирижер жетекші ре­тінде соны оркестр мүшеле­рі­не ұғындырып, жеткізеді. Дәлі­рек айтқанда, дирижер оркестр өнерпаздарынан бір саты жоғары тұруы керек. Дирижер болу – оңай емес. Өте қүрделі мамандық. Ол жан-жақты білімді болуы қажет. Дирижер негізінен қолдың қимылымен жұмыс іс­тейді. Егер оның техникасын білмесең, оркестрді шашып ала­сың. Оркестр – әртүрлі аспаптан құрылады. Оның адамдар секілді түрлі мінезі бар. Айталық, симфониялық оркестр ертеден қалыптасты. Оған шығарманы әлемнің барлық композито­ры жазды. Ал қазақ оркестрінің құ­рылғанына ғасыр толған жоқ. Соған қарағанда біздің оркестр әлі жас. Репертуары да көп емес. Әрине, туындылар жазылып жатыр. Ұлттық қазынамызға айналған мыңдаған күй мен ха­лық әні оркестрге толық түскен жоқ. Бұл қыруар жұмысты талап етеді. Дирижердің компо­зиторлық қабілеті болғаны да жақсы. Өйткені композитор му­зыкалық туындының табиға­тын терең түсінеді. Бір өкініш­тісі, біздегі кейбір дирижерлер оркестрге шығарма түсіре алмайды. Өз басым оркестрге туындыны дайындап түсіретін дирижерді жоғары бағалай­мын. Нұрғиса Тілендиевтің бір мықтылығы – осында. Мысалы, бізге консерваторияда осы пән­нен Кенжебек Күмісбеков, Ба­зар­бай Жұманиязов, Мәкә­лім Қойшыбаев секілді белгілі тұл­ғалар дәріс берді. Қазір жоғары оқу орнында осы пәнге назар ­аударылса деймін. Себебі бұл сабақ дирижерге де, компози­тор­ға да ауадай қажет.

– Күйді оркестрге түсіргенде қасиеті толық сақтала ма?

– Бастысы, оркестрде күйдің табиғатын сақтауымыз керек. Күй – жеке домбырада қалай орын­далса, оркестрде соны ескерген жөн. Күйді оркестрге түсіру – басқа әңгіме. Оның өзіне тән гар­мониялық үндестігін таба білу қажет. Мәселе – осында. 

Домбырашылар күйді жылдам тартуға әуес

– Қазір күйді заманауи музы­каға лайықтап тартады. Бұған қалай қарайсыз?

– Барлық шығарманы зама­науи­ландыруға болмайды. Онда туындының табиғатын жоғал­тамыз. Күйдің қасиеті өзгермеу қажет. Күй өнерін «шертпе», «төкпе» деп екі үлкен дәстүрге бөліп жүрміз ғой. Бірақ оның өзі бірнеше дәстүрлі мектепке айналған. Арқа, Қаратау шертпесі – жеке мектеп. Сондай-ақ Алтай-Тарбағатай, Іле аймағы, Же­тісу дәстүрлі күй мектептері бар. Сыр бойындағы күй мектебі де – ғажап әлем. Батыс Қазақстан­дағы күйшілік мектеп – өз алдына ­бір төбе. Ақтөбе өңірінің күйші­лік мектебі де ешкімге ұқсамайды. Маңғыстаудағы Адай күйлері де бірнеше мектепке ұласқан. Осы шығармаларды оркестрге түсір­генде бұл дәстүрлі мектеп­тердің ерекшелігі ескеріл­гені дұрыс.

 – Біз осыны сақтап жүрміз бе?

– Қазақта шебер домбырашыны күйші деп атаған. Олар әр шы­ғарманы орындағанда өз дәстүрлі мектебінің иірімін ше­берлік­пен жеткізген. Өкінішке қарай, қа­зір кейбір күйшілер ­бар­­лық дәстүрлі мектептің туын­ды­сын біркелкі орындап жүрге­нін көреміз. Олардың ерекшелі­гіне бойламайды. Шындап кел­генде, әр өңірдің өз мәнері бар. Кейбір домбырашылар күйді шебер орындайды. Алайда олар әр күйшілік мектептің қағысы мен пернедегі саусақ басу дәстүріне мән бермейді. Айталық, Құрманғазы мен Дәу­леткерейдің шығармаларын «төкпе күй» деп түсініп, бір бағытта тартады. Мәселен, Дәу­лет­керей болса ақсүйек отбасынан шыққан. Құрманғазы секіл­ді ел аралап, өнер көрсе­тіп жүрмеген. Мінезінде бекзат­тық бар. Отаршылдық саясаттың қан­дай екенін көзбен көріп, біліп отырса да ел мұңын ашық айта алмаған. Оны шығармасында тұспалмен жеткізген. Күйшілер осыны ескергені абзал. Кейбір домбырашылар негізінен күйді өте жылдам тартуға әуес. Күй – қа­зақтың болмысы. Мысалы, Дина шешеміздің орын­дауын­дағы күйлерді тыңда­ғанда оның қоңыр үні мен шеберлігіне тәнті боласың.

– Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында екі жыл қызмет іс­­теп­­­сіз. Оған қалай барып жүр­сіз?

– 1978 жылы Құрманғазы консерваториясын тәмамдағаннан кейін осында домбыра кафед­ра­сына оқытушылыққа қал­дырды. 1979 жылдың күзінде консерватория ректоры Ғазиза Жұбановаға біздің Мәдениет ми­нистрлігіне КСРО Мәдениет министрлігі жіберген арнайы хат келеді. Онда Моңғолияға бір музыкант, ол әрі дирижер әрі бір аспапта орындаушы болуы керек деген талап қойылған.

Осыған байланысты комиссия құрылып, оған 5-6 музыкантты шақырды. Солардың іші­нен мені ұсынды. Ол жылдары Моңғолия астанасы – Ұлан-Батырда музыкалық жоғары оқу орны жоқ екен. Колледж ғана бар. Сонда кеңес одағынан барған отызға жуық маман жұмыс істеді. Мен сонда колледж түлектеріне моңғолдардың халық аспабынан сабақ бердім. Сонымен бірге 50-ден астам мүшесі бар студенттер оркестрін басқардым. Оның құрамында хор мен биші­лер тобы болды. Осы өнер ұжымы­мен үкіметтік деңгейдегі концерт­терге қатыстық. Камералық оркестр құрып, соған жетекшілік еттім. Жергілікті композиторлардың туындыларын оркестрге түсірдім. Моңғолияда екі жыл қызмет істедім. Содан кейін өзім сұранып, елге оралдым. Ұлан-Батырда тұратын қандастармен де жақын араластым. Кейін мен оқытқан моңғол студенттері Алматыға келіп, Құрманғазы консерваториясында білім алды.

– Құрманғазы оркестріне көркемдік жетекші болып келгенде алғаш қылқобыз, шертер аспабын жеке топ ретінде ен­гізіпсіз. Осыған тоқтала кетсеңіз.

– Жалпы қазақтың музыка­лық аспаптарын Болат Сары­баев жан-жақты зерттеді. Ол кісі осы аспаптарды оркестрге ен­гізуді ұсынды. Бірақ кейбір музыка мамандары «бұл аспап­тар әлі дамымаған» деп оған қар­­сы шықты. Бұл туралы сол жыл­дары мерзімді баспасөзде біраз мақала жарияланды. Моңғо­лия­дан келгеннен кейін музыка­лық аспаптардың жасалуы және бұрауымен айналыса баста­­­дым. Консерваторияда «Әсемқо­­­ңыр» атты эксперименттік оркестр құрдым. Оған оқытушылар мен студенттерді тарттым. Осы жыл­дары шертер, сазсырнай, қылқобыз аспаптары еліміздегі бірқатар ансамбльге енді. 1982 жылы Нұрғиса Тілендиев «Оты­рар сазы» оркестрін құрғанда біраз көне аспаптарды енгізген болатын. Алдымен шертер ас­пабын консерваторияға пән ре­тінде оқытуды қолға алдым. Ол кезде домбыра кафедрасы­ның мең­герушісі едім.

90-жылдардың басында Баш­құртстаннан Ешмұрат Елбақов есімді өнерпаз келді. Қурайды керемет тартады. Сол Құрманғазы консерваториясында оқығысы келетінін айтты. Оқуға түсті. Қурай аспабы сыбызғыға ұқсай­ды. Осы жігіт «Әсемқоңыр» ансамблінде өнер көрсетті. Бір жылы консерваторияға мем­ле­кеттік комиссияға бұрынғы Мәдениет министрі, өзі домбырашы Жексенбек Еркімбеков төраға болып келді. Сол кісі Еш­мұраттың қурайды тартқанын көрді. Таңғалды. Кейін ол еліне кетіп қалды. Үй мәселесін шешіп бере алмадық. Осы комиссия барысында Жексенбек ағамен сөйлесіп, сыбызғы, сазсырнай, жетіген аспабын консерватория­ға факультативтік сабақ ретінде енгізгім келетінін айттым. Ол кісі бірден қолдады. Кейбір оқы­тушылар «бұл әлі жетілмеген аспаптар» деп қарсылық танытты. Кейін бұл музыкалық аспаптарды Құрманғазы оркестріне топ қылып енгіздім.

Төрт ішекті қобыздың мәселесі

– Қазақ оркестрінде әлі де жетіл­діретін қандай аспап бар деп ойлайсыз?

– Кезінде Ахмет Жұбанов қо­быз­ды үш ішекті етіп жасады. Оның екі ішегі тарамыс болады да, үшіншісі сым ішектен жасалған. Кейін төрт ішекті қобыз пайда болды. Осы аспапқа музыкалық оқу орындарында класс ашылды. Оны елімізге белгілі қобызшылар бітірді. Бұл төрт ішекті қобыз алғашында құрпын сақтады. Кейін құрпы скрипкаға ұқсап кеткеннен кейін, дыбысы шыңылтыр болып өзгерді. Төрт ішекті қобызды орын­даушылардың техникалық жа­ғынан шеберлігі өскенімен, ондағы ұлттық бояуымызды жоғал­тып алдық. Осы аспаптың мәселесі мені толғандырады. Төрт ішекті қобызды «сым қобыз» деп атаймын. Себебі – ішегі сым. Кеңес дәуірінде қазақтың екі ішекті қылқобызы жойылып кете жаздады ғой. Енді осы қобызды қайтадан қалпына келтіру үшін көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев консерваторияға бас­шылыққа келгеннен кейін Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевты шақырып алып, қылқобыз класын ашып берді. Соның арқасында бұл аспап бү­гінгі жоғары деңгейге жетті.

Мені қазіргі ұлттық музыка­лық аспаптардың жасалу сапасы ойландырады. Себебі осы бағытты дамыту мақсатында ғылыми зерттеу орталығы бар шеберхана ашылуы қажет деп санаймын.

– Танымал композиторсыз. Қаншама көлемді шығарма жаз­дыңыз. Бірақ мемлекет тарапынан сіздерге қолдау бар ма?

– Бүгінгі таңда кәсіби компо­­зи­­торларға сұраныс аз. Бұрын ­Ком­­позиторлар одағының мү­ше­сі әртүрлі кәсіби өнер ұжым­да­ры­нан музыкалық шығар­ма­ға тап­сырыс алып, солай жұ­мыс істейтін. Оған қаламақы­ның тиісті пайызы алдын-ала төле­нетін. Туынды көркемдік кеңесте талқыланады. Содан кейін орындалып, тыңдарманға жететін. Бүгінде ондай тапсырыс жоқ. Көркемдік кеңес те жоқ. Кәсіби композиторларға арналған бай­қаулар да аз. Қолдау да кемшін. Насихат та жетіспейді.

– Елдің белгілі азаматы ре­тінде сізді қоғамдағы қандай мәселе алаңдатады?

– Бүгінде жас ұрпақ ұлт­тық тәрбиеден алыстап бара­ды. Осы­ған менің жүрегім ауы­рады. Ұлт­тық тәрбие – қазақы­лығымыздың берік тұғыры. Одан айырылсақ, болмысымыздан ажыраймыз. Ертеде әке-шешеміз «ұят болады» деген сөзді жиі айтатын. Бұл сөзді де біраздан бері естімедім. Халқымыз ұят пен обал-сауаптың қадірін жақсы білген. Қазір осы ұғымның мәні арзандап кетті. Бір жылы гастрольдік сапармен алыс ауыл­ға келдік. Қасымда екі-үш жігіт бар, орталық көшемен келе жатырмыз. Анадай жерде жолдан үш-төрт апа өтіп барады. Біз­ді көріп тоқтап қалды. Оларға жа­қындағаннан кейін: «Апалар, неге өте бермедіңіздер?» деп едік, «ер адамдар келе жатқаннан кейін алдарыңызды кесіп өтпейік деп тұрмыз», деді. Қандай өнеге! Құрманғазы оркестрінде қызмет істеп жүргенде аға-апалар деген кеңес құрдым. Онда ұжым­дағы үлкендер жастарға қазақы тәлім-тәрбиенің қасиетін түсіндірді.Ел­ордалық филармонияға кел­ген­де де осы кеңесті қайта қол­ға ал­дым. Шынында, қазіргі жас­тар­дың көзқарасы басқаша. Се­бебі өскелең заманның таным-түсі­нігі де бөлек. Біз осыны ұға білуі­міз керек. Ұлттық тәрбиені жаң­ғыртудың түрлі жолы бар. Соны жас­тардың санасына сіңіре біл­сек, ұтарымыз мол. Қазір әлем құбы­лып тұр. Бастысы, еліміз­дің аман­дығы мен тыныштығын тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар