• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ Бүгін, 14:15

Айғыржалдан аттанған арыстар

30 рет
көрсетілді

Қан майданға аттанған ер-азаматтар отқа оранып, оқ бораған ызғарлы өмірді бастан кешті. Солардың санатында Қарағанды облысының Шет ауданына қарайтын Айғыржал дейтін шағын ауылдың тумалары – Омар әулеті де болды. Ел басына күн туғанда Омар ақсақалдың төрт бірдей ұлы – Ысқақ, Жолдас, Серік, Бөде майданға шақырылып, қолдарына қару алды.

Ысқақ Омарұлы 1890 жылы Семей губерниясы Қарқаралы уезінің Мойынты аумағында дүниеге келген. Түрксіб темір­жолын салуға қатысқан. Жасы асып кетуіне байланысты соғысқа алынбай, еңбек майданына жіберілген. Бейбіт заман орнағанда қарапайым колхозшы болып еңбек еткен.

Жолдас Омарұлы 1904 жылы Қарқаралы уезі Мойынты-Сары­бұлақ болысына қарасты Шалтас мекенінде туған. Жас кезінен қоғамдық өмірге етене араласып, 1923 жылы Шет ауданының «Бозшакөл» мойынсерігін құруға атсалысқан. Оның мүшелігіне Сыдан Өтенов, Кешубай, Ақыжан Түйтебаевтар, Абай Төлегенов, Алтыбай Нақыпов, Шаян Қой­шыбаев, Саржан Домалақов, Айт­бай Шілікбаев, Сыздық Ақылбаев сынды ел ішінде белгілі, беделді азаматтар кірген. 1928 жылы Шет ауданы құрылып, әкімшілік жа­ғынан қайта бөлуіне орай мойынсерік тараған.

Жолдас Омарұлы 30-жылдарғы колхоздастыру жұмыстарына да белсене қатысып, ауыл шаруа­шылығын дамытуға елеулі үлес қосқан. Ферма басқарушысы, бригадир сияқты жауапты жұмыстар атқарып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақ­саруына көп еңбек сіңірген.

Соғыс басталғанда майданға аттанып, әскери қызметін Украина жерінде, 39-атқыштар полкінің құрамында аға сержант, бөлімше командирі дәрежесінде өткерген. Небір қанқұйлы ұрыстарда жау­герлік ерлігімен көзге түсіп, бірнеше мәрте жоғары наградаларға ие болған. Атап айтқанда, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, үш рет «Қызыл Жұл­дыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» басқа да көптеген медальмен марапат­талған.

Серік Омарұлы 1906 жылы туған. Соғыс басталғанда алғаш­қылардың бірі болып майданға аттанған. Соғыс жылдарында көпке дейін хабарсыз кетіп, 1943 жылы «қаза болды» деген қара қағаз келген. Кейіннен туысқандары ғаламтор желісі арқылы іздеу сал­ғанда Ресейдің Орел қаласына таяу бір деревняда жерленгені анықталған. Серік Омарұлының артында ұрпақтары бар.

Бөде Омарұлы 1916 жылы туған. Жастайынан еңбекке араласып, 30-жылдары қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Босаға елді мекенінде мойынсерік мүшесі болған. Соғыс басталғанда Шет аудандық әскери комиссариа­тынан майданға аттанып, жауға қарсы шайқастарға қатысқан. Соғыс барысында жараланып, 1946 жылы ғана елге оралған.

Бөде де түрлі жауынгерлік наградаларға ие болған. ІІІ дәре­желі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» орден­дерімен, «Ерлігі үшін», басқа да медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін елге оралып, бейбіт еңбекке араласқан. Өмірінің соңына дейін туған жерінде еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, Айғыржал елді мекенінде дүниеден өткен.

Сұрапыл соғысқа басынан аяғына дейін қатысып, ерлік көр­сеткен ағайынды жігіттердің, бір отбасынан шыққан баты­рлардың ондаған ордені, жиырмадан аса жа­уынгерлік медалі кейінгі ұр­пақ­тарының қолында әлі күнге сақтаулы. Қымбат жәдігердей ша­ңы­рақ төрінде тұр.

Ағайынды азаматтардың арасынан Жолдас көкемізге қосым­ша тоқталсақ, соғыстан аман келі­сімен, 1945–1950 жылдары Ленин, Жастерек, Қатпар ұжым­шарларында, 1952–1953 жылдары Айғыржалда басқарма, сиыр фермасының меңгерушісі болып, ауыл шаруашылығы саласында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Зейнеткерлікке шыққан соң да қатардан қалмай, ауылдың бетке ұстар ақсақалдарының санатында жүрді. Барлық саналы ғұмырын қоғам қызметіне арнаған абыз ақсақал 1995 жылы 91 жасында Айғыржал ауылында өмірден өтті. Жолдас әкеміз бен Шырын ана­мыздың берекелі шаңырағында бірнеше перзент өсіп тәрбиеленді.

Соғыс ардагерлері, майдангер қарттар сол кезде жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында кездесуге шақырылатын. Жолдас көкеміз де біздің мектепке талай мәрте келіп, соғыс туралы талай-талай толғамды естеліктер айтқан еді. Өкініштісі, бәрі де сол ауызша айтылған күйде, ұмытылып қалған, жазып алынбаған, сақ­тал­маған. Анығында, Жолдас Омар­ұлының қан майданда төрт жыл бойы соғысып, Украина даласы­нан Берлинге дейін жүріп өткен жорықты жолы, Житомир, тағы басқа қалаларды жаудан азат ету­дегі ерліктерінің астарында соғыс шежіресіне қатысты небір сыр тұнып тұр.

Екінші дүниежүзілік соғыс­та ерлікпен қаза тапқан жауын­герлерді, сол майданнан аман келген, кейіннен бейбіт өмірде ел дәулетін еселеген Омар әулеті сынды соғыс, еңбек ардагерлерін жиі насихаттап, өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі етіп отырудың мән-маңызы ерекше. Ер­лікті ұмытпау – баршаның парызы.

 

Әлімжан ЖАҚАН,

журналист

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар