Астана қаласында 2026 жылғы 7 мамырда «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өз жұмысын бастады. Оған Қазақстанның барлық өңірінен шамамен 1000 делегат қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Партия төрағасы болып Дәдебай Айбек Арқабайұлы сайланды. Делегаттар алдында сөз сөйлеген «Әділет» партиясының төрағасы негізгі жұмыс бағыттарын айқындады.
«Біздің партиямыздың негізі заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарына құрылады. Халықтың заң үстемдігіне деген сенімі – мемлекеттің басты ресурсы әрі тірегі. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – әділдікті жариялау ғана емес, оны ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне әрі күнделікті өміріміздің шартына айналдыру. Басқаша айтқанда, Әділдік ұлттық сана мен болмыстың айрықша сипатына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарын үнемі дәл осы бағытқа аударып келеді», деді Айбек Дәдебай.
«Әділет» партиясы өз қызметін заң және тәртіп, тиімді институттар, қуатты өңірлер – қуатты ел, іс жүзіндегі Халық үніне құлақ асатын мемлекет, әділетті әрі бәсекеге қабілетті экономика, әлеуметтік ынтымақ пен атаулы қолдау, адами әлеуетке басымдық беру, цифрлық мемлекет, Таза Қазақстан, жауапты орта держава және жаңа геосаяси этика қағидаттары төңірегінде құрады.«Әділет» идеологиясының негізінде Қазақстанның жарқын болашағы әр азаматтың бүгінгі күнделікті таңдауы арқылы қалыптасады деген сенім жатыр. Бұл – адал еңбек ету, заңды құрметтеу және ел өміріне бейжай қарамай, қоғам ісіне белсенді атсалысу.
«Біздің ниеттестеріміз – дәл осындай азаматтар. Олар – белсенді, жауапкершілігі жоғары, ел дамуына үлес қосатын жандар. Біз бірге еңбек етеміз, жұмысты ашық, адал әрі қоғам алдында есеп бере отырып жүргіземіз. Біз жеңіл шешімдер ұсынбаймыз. Жүйелі, жауапты және дәйекті жұмыс жүргізуге уәде береміз», деп атап өтті Айбек Дәдебай.
«Әділет» партиясы өз құндылықтары ретінде әділеттілік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және дамуды жариялады. Бағдарламада «Заң мен тәртіп» қағидасы басты негіз ретінде көрсетілген.
Партияның мақсаты – Қазақстандағы әрбір адал еңбектің әділ әрі лайықты бағалануына жағдай жасау. Сонымен қатар елдің технологиялық, интеллектуалдық және институционалдық дамуын қолдау көзделген.
Білім, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Медицина саласында басты назар адамның денсаулығына аударылып, алғашқы медициналық көмекті күшейту және дәрігерлердің жағдайын жақсарту жоспарланған.
Аймақтардың тең дамуы да негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылған. Партия пікірінше, әр өңірдің орталықтан әділ қолдау алуы маңызды.
Халықаралық деңгейде «Әділет» Қазақстанды орта державалық және тұрақтандырушы ел ретінде көрсетуге ұмтылады.
Сонымен қатар партия әрбір уәдесі бойынша тұрақты түрде жария есеп беруді енгізуді жоспарлап отыр.
«Әділет» партиясы арнайы цифрлық платформаны іске қосты, ол арқылы азаматтар мүшелікке өтініш бере алады және бастамалар ұсына алады.
Партияға 18 жасқа толған, заң талаптарына сай азаматтар мүше бола алады. Қазіргі таңда ұйымға 9812 адам тіркелген, бұл заңмен белгіленген талаптарды толық орындайды.
Құрылтай съезі партияны ресми тіркеудің маңызды кезеңі әрі Қазақстандағы саяси мәдениетті дамытудағы маңызды қадам ретінде бағалануда.