Елімізде Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ауқымды әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл бір реттік төлемдерге 32,9 мыңға жуық адамға 3,3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Олардың қатарында тыл еңбеккерлері, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері және соғыс салдарынан мүгедектік алған азаматтар бар, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі таңда Қазақстанда 57 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Олардың әрқайсысына тұрғылықты өңіріне қарамастан 5 миллион теңгеден төленді.
Ардагерлерге көрсетілетін материалдық көмек көлемі бойынша Қазақстан аймақтағы жетекші елдердің бірі саналады. 2026 жылы Қазақстандағы төлем көлемі 5 миллион теңгеге жетсе, Өзбекстанда бұл көрсеткіш шамамен 1,1 миллион теңге, ал Беларусьте 715–825 мың теңге шамасында болды.
Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілді
Ресейде федералдық төлем көлемі шамамен 61 мың теңгені құрайды. Кей өңірлерде қосымша үстемақылар қарастырылғанымен, жалпы көлемі Қазақстандағы төлемнен әлдеқайда төмен.
Мемлекет қаржылай көмектен бөлек, ардагерлерге ерекше құрмет көрсетуді де жалғастырып келеді. Ел басшылығы соғыс және еңбек ерлерінің ерлігі мен еңбегін ұмытпай, олардың есімін ұлықтау маңызды екенін атап өтуде.