Сурет: 7-su.kz
Бұған дейін мұндай жоғары технологиялы операциялар негізінен республикалық деңгейдегі орталықтарда ғана жасалып келсе, енді өңір тұрғындары күрделі медициналық көмекті өз облысында ала бастады. Төрт сағатқа созылған операцияға Жетісу кардиологиялық орталығы мен Астана қаласындағы «Жүрек орталығының» мамандары қатысты. Жалпы саны 15 медицина қызметкері жұмылған күрделі хирургиялық араласу сәтті аяқталды. Бұл – бір ғана операцияның нәтижесі емес, жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе мен өңірлік медицинаның жүйелі дамуының жемісі.
Облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсана Сурашевтің айтуынша, мұндай технологияларды енгізу жергілікті тұрғындарға жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түседі.
«Бұл біздің ұжым үшін үлкен кәсіби тәжірибе болды. Алдағы уақытта осындай күрделі операцияларды жергілікті мамандардың өздері де толық көлемде орындай алады деп сенеміз. Ең бастысы – жоғары технологиялы медициналық көмекті халыққа жақындату. Әр науқастың сапалы ем алуға алысқа сабылмай, өз өңірінде қажетті көмекті алуына жағдай жасауымыз керек», дейді орталық басшысы.
Жасанды сол жақ қарынша жүрек бұлшық еті әлсіреген кезде оның қызметін қолдап, ағзадағы қан айналымын қамтамасыз етеді. Мұндай құрылғы көбіне жүрек трансплантациясын күтіп жүрген немесе жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы науқастарға өмір сыйлайтын мүмкіндік ретінде қарастырылады.
Бүгінде облыс көлемінде жүрек-қан тамырлары ауруларымен диспансерлік есепте 90 мыңға жуық адам тұр. Олардың арасында жоғары технологиялы медициналық араласуды қажет ететін науқастар да бар. Сондықтан мұндай операциялардың өңірде қолға алынуы мыңдаған тұрғын үшін маңызды жаңалық. Осы ретте «Жүрек орталығының» №2 кардиохирургиялық бөлімінің меңгерушісі Светлана Новикова да бұл бастаманың әлеуметтік маңызына ерекше тоқталды.
«Бұрын мұндай диагнозы бар науқастар міндетті түрде Астанаға немесе басқа ірі қалаларға жолданатын. Бұл науқастың өзіне ғана емес, отбасы мүшелеріне де үлкен салмақ түсіретін. Енді тұрғындар емдеу, бақылау, оңалту қызметтерін өз өңірінде ала алады. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, адамдардың өмір сапасына да оң әсер етеді», дейді кар-диохирург.
Жалпы, кейінгі жылдары өңірде кардиологиялық қызмет қарқынды дамып келеді. Ашық жүрекке жасалатын операциялармен қатар, аз инвазивті емдеу тәсілдері де кеңінен енгізілуде. Атап айтқанда, ауыр аритмияларды емдеуге арналған үш камералы кардиовертер-дефибрилляторлар орнату, сондай-ақ митралды қақпақша жеткіліксіздігін ашық операциясыз түзетуге мүмкіндік беретін MitraClip технологиясы сәтті қолданылып жатыр.
Әрине, өңірдегі медицина саласында маман тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе жоғары технологиялы бағыттарда тәжірибелі дәрігерлерге сұраныс жоғары. Дегенмен, соған қарамастан, жергілікті мамандар республикалық орталықтармен тығыз байланыс орнатып, жаңа технологияларды меңгеріп, күрделі операцияларды жүзеге асырып келеді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері облыстық кардиологиялық орталықта коронарография, стенттеу, аритмияны емдеу бағытында 1200-ден астам жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіш – өңір медицинасындағы оң өзгерістердің нақты көрінісі.
Талдықорғанда алғаш рет жасалған жасанды қарынша имплантациясы – бір науқастың ғана емес, тұтас өңір медицинасының жетістігі. Жергілікті дәрігерлердің кәсіби әлеуеті өсіп, заманауи медицинаның мүмкіндіктері облыс тұрғындарына бұрынғыдан да жақындай түскенінің айқын дәлелі.
Жетісу облысы