Форум • Бүгін, 08:05

Көмір өнеркәсібі және энергетикалық қауіпсіздік

6 мин
оқу үшін

Алдағы жылдары көмір генерациясын дамытуға басымдық беріледі. Астанада өткен VII Көмір өнеркәсібі форумында энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көмір химиясын дамыту, жаңа инвестиция тарту мен саланың кадрлық әлеуетін нығайту мәселесі кеңінен талқыланды.

Көмір өнеркәсібі және энергетикалық қауіпсіздік

«Қазақстанның көмір өнер­кәсібі: энергетикалық қауіп­сіздіктің стратегиялық негізі» тақырыбындағы жиынға тиісті мемлекеттік орган қызметкерлері, Парламент депутаттары, салалық қауымдастықтар мен жетекші көмір өндіруші кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Форумды ашқан Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов электр энергиясына сұраныстың артуы, цифрлық экономиканың дамуы мен жаңа өндірістердің іске қосылуы жағдайында сенімді базалық генерацияның маңызы күшейгенін айтты.

Министрдің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын бекіткен. Құжат жаңа энергетикалық нысандар салуды, қолданыстағы стансаларды жаңғыртуды әрі олардың қуатын арттыруды көздейді.

«Жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу көмір өндіру көлемінің өсуімен, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы мен логистиканың дамуымен қатар жүруге тиіс. Тұрақты отын базасы болмаса, жаңа стансалар күткен нәтижені бере алмайды», деді Ерлан Ақкенженов.

Оның айтуынша, Ұлттық жоба аясында көмірге қатысты ұзақмерзімді отын балансы жа­салып, ішкі нарықтағы тұтыну­шыларды көмірмен қамта­масыз етудің тұрақты тетіктері қалып­тастырылады. Бұл жылу беру маусымында энергия жүйесі­нің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Мәжіліс депутаты Арман Қалықов көмір өнеркәсібінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған заңна­малық өзгерістерге тоқталды.

Халық қалаулысының пікірін­ше, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану кодексіне енгізілген түзетулер жер қой­науын пайдалану құқықтарын беру рәсімдерін жетілдіруге, геоло­гиялық барлауды дамытуға әрі цифрлық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, экологиялық заңнама өндірістерді, озық технологияларды пайдалануға әрі табиғи ресурстарды ұтымды игеруге ынталандырады.

«Өндірістегі әрбір көрсет­кіштің артында адамдардың денсау­лығы мен әл-ауқаты тұр. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі, лайықты жалақы мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі әрда­йым басты назарда болуы керек», деді депутат.

Форумда көмірді тек энергия көзі емес, қосылған құны жоғары өнім өндіретін шикізат ретінде пайдалану мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтің айтуынша, еліміз көмір химиясын дамыту арқылы жаңа өндіріс­тер құрып, экспорттық әлеуетін кеңейтуді көздеп отыр.

«Бүгінде елімізде көмір негі­зінде металлургиялық кокс пен синтетикалық отын өндіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұған қоса көмірден газ, аммиак, карбамид пен басқа да өнім түрлерін шығару бағытындағы ­ба­­­­­­­стамалар қарастырылып жатыр», деді вице-министр. 

Осы мақсатта 2026–2031 жыл­дарға арналған көмір химиясын дамыту жөніндегі жол картасы әзірленген. Мемлекет пен ұлттық компаниялар ұзақмерзімді оффтейк-келісімдер жасау мүм­кіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец көмір саласының тұрақты дамуы үшін нарықтық қағидаттарды сақтау маңызды екенін айтты.  Көмір нарығы – бәсекелі нарық. Сондықтан оны баға белгілеу арқылы әкімшілік жолмен реттеу дұрыс емес», деді ол.

Николай Радостовец көмір өндіру саласы мемлекеттен тіке­лей субсидия алмайтынын, соған қарамастан өңірлердегі жұ­мыспен қамтуды, салық түсім­дері мен эконо­микалық тұрақ­­тылықты қамта­масыз етіп отыр­ғанын атап өтті. Сондай-ақ ол көмір химия­сына инвестиция салатын кәсіп­орын­дарға салықтық ынталан­дыру тетіктерін енгізуді әрі көмір қабаттарынан метан өндіру бағытындағы жобаларды қолдауды ұсынды.

Қазақстан электр энергети­касы қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов көмір өндіру көлемінің өсуі жаңа энер­гетикалық қуаттарды іске қосу жоспарларымен қатар жүруі керектігін айтты. Ұлттық жоба аясында елде шамамен 7,8 ГВт көмір генерациясын іске қосу көзделген. Бұл үшін 7,5 трлн теңгеге жуық инвестиция қажет. Алайда сала алдында тұр­ған басты мәселелердің бірі – кадр тапшылығы.

«Әсіресе моноқалалардағы кәсіпорындар мамандардың басқа жаққа кетуі мен жастардың аз келуіне байланысты қиындықтар­ға тап болып отыр. Бұл мәсе­лені шешу үшін тек жалақыны көтеру жеткіліксіз. Қалалардың инфрақұрылымын дамыту қажет», деді Талғат Темірханов.

Сарапшы сондай-ақ көмір генерациясын дамыту жоспарлары мен еліміздің парниктік газдарды азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерінің арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігіне назар аударды.

Іс-шара барысында «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мастернак кәсіпорынның жаңғырту бағдарламасын таныс-тырды. Оның айтуынша, алдағы жылдары елімізде электр энергиясына сұраныс айтарлықтай өседі. Осыған байланысты компания өндірістік қуатын арттыруға кіріскен.

Қазір кәсіпорын «Ақылды карьер» тұжырымдамасын іске асырып жатыр. Өндірісте бұрғылау-жару жұмыстарын басқару, көлік қозғалысын бақылау, отын мен энергия ресурстарын есепке алу жүйелері енгізілген. Алдағы кезеңде өндірістік процестерді басқарудың жаңа цифрлық жүйелері іске қосылады.

2032 жылға дейінгі даму ­жо­­­с­пары аясында компания шамамен 360 млрд теңге инвестиция салуды көздеп отыр. Нәтижесінде, өндірістік қуат жылына 42 млн тоннадан 58 млн тонна көмірге дейін ұлғайтылмақ.

«Елдің энергетикалық қауіп­сіздігі көмір саласының дамуымен тікелей байланысты. Заманауи технологиялар мен ұзақмерзім­ді жоспарлау саланың алдағы сын-қатерлерге төтеп беруіне мүмкіндік береді», деді Евгений Мастернак.

Форум қорытындысында қатысушылар көмір генерация­сын дамыту, көмір химиясын ілгерілету, көлік инфра­құры­лымын жетілдіру мен кадрлық әлеуетті күшейту жөніндегі ұсыныстарды қамтыған қарар жобасын талқылады. Сарап­шылардың ортақ пікірінше, көмір өнеркәсібі алдағы онжылдықта да елдің энергетикалық қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ететін негіз­гі салалардың бірі болып қала береді.

Соңғы жаңалықтар