Қоғам • Бүгін, 09:07

Болашаққа бағдарланған білім: Қазақстан білім инфрақұрылымы бойынша ЕАЭО-да қалай көш бастады?

6 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріндегі әлеуметтік инфрақұрылымның кеңейіп, адами капиталдың сапалық тұрғыдан өсуіне бағытталған оң үдерістер белең алып келеді. Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, 2026 жылдың тек алғашқы үш айында ғана одақ аясында 17 937 жаңа оқушы орны мен балабақшаларда 6 778 орын пайдалануға беріліп, бірқатар заманауи әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұл ретте Қазақстан қысқа мерзім ішінде 10 300-ден астам оқушы орнының ашылуын қамтамасыз етіп, Одақ бойынша білім беру инфрақұрылымын дамытудың көш басына шықты.

Болашаққа бағдарланған білім: Қазақстан білім инфрақұрылымы бойынша ЕАЭО-да қалай көш бастады?

Фото: жеке мұрағаттан

Сарапшылар қауымдастығы үшін бұл жетістік жалаң көрсеткіш емес, елдің ертеңгі экономикалық қуаты мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын адами капиталға құйылған ең тиімді стратегиялық инвестиция болып саналады. Мұндай серпінді қадамдар мемлекетіміздің әлеуметтік салаға басымдық берген реформаларының және «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты дәлелі.

Еліміздің білім беру саласын жаңғыртудағы осы институционалдық табыстары мен алдағы стратегиялық міндеттері төңірегінде белгілі әлеуметтанушы, сарапшы-маман Айдар Хамитпен әңгімелескен едік.

– ЕАЭО статистикасына сәйкес, 2026 жылдың І тоқсанында Қазақстан жаңа оқушы орындарын пайдалануға беру бойынша бірінші орынға шықты. Бұл нәтижені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жүйесін жаңғыртуға және сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған реформаларының нақты жемісі деп бағалауға бола ма?

– Соңғы жылдары еліміздегі білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы нақты институционалдық нәтижелер көрініп жатыр. Биылдың өзінде І тоқсанда 10 мыңнан аса жаңа оқушы қамтитын орта білім беру мектептер және 1 307 балабақшалар мен мектепке дейінгі орталықтар ашылды. Ресми статистикаға сәйкес, 2026 жылғы қаңтар − наурыз аралығында Қазақстанда 19 жалпы білім беретін мектеп, 11 мектепке дейінгі ұйым және 1 емхана пайдалануға берілген. Мұндай жоғары көрсеткіштер Мемлекет басшысының сапалы білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған реформаларының іс жүзінде жемісті орындалып жатқанын айқын дәлелдейді. Сондықтан бұл жетістікті еліміздің әлеуметтік әлеуетін арттыру жолындағы ауқымды жаңғыру үдерістерінің нақты әрі практикалық нәтижесі деп толық бағалауға болады.

«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында адами капиталды дамытуға ерекше мән беріліп жатыр. Қазақстанда 10 300 жаңа оқушы орнының ашылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан білім беру реформаларының тиімділігін қаншалықты көрсетеді?

– Бұл жердегі басты мәселе – адами капиталға ұзақ мерзімді инвестиция салу. Дүниежүзілік банк Қазақстанның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігі үшін инфрақұрылым мен адами капиталды дамыту маңызды екенін атап өтеді. Яғни жаңа мектептер – болашақ еңбек нарығына, сапалы кадрларға және әлеуметтік тұрақтылыққа салынған инвестиция.

Финляндия, Сингапур және Оңтүстік Корея сияқты озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, сапалы білім беру инфрақұрылымы – ұлттық дамудың ең басты қозғаушы күші. Бұл мемлекеттер мектептердің қолжетімділігін, қауіпсіздігін, заманауи жабдықталуын және мұғалімдердің жоғары біліктілігін бір арнаға тоғыстыру арқылы білім сапасын жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде Қазақстанда жаңа оқу орындарының ашылуы – осы табысты жолдың алғашқы нық қадамы.

– Жоғарыда елімізде 2026 жылдың алғашқы үш айында мектепке дейінгі ұйымдарда 1 307 жаңа орын ашылды деп атап өттіңіз. Бұл көрсеткіш Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасыларды қолдауға және әлеуметтік мемлекетті нығайтуға бағытталған саясатының нәтижесі ретінде қаншалықты маңызды?

 Менің ойымша, бұл көрсеткіштерді бүгінгі жүргізіп отырған реформалардың практикалық нәтижесі ретінде бағалауға толық негіз бар. Себебі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы оқушы орын тапшылығын, апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған. Үкімет дерегінше, жоба аясында 2026 жылға дейін 369 жаңа форматтағы мектеп салып, 740 мың оқушы орнын ашу жоспарланған.

– Соңғы жылдары Қазақстандағы білім беру және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында ауқымды ұлттық жобалар іске асырылып келеді. Қазақстанның ЕАЭО елдері арасында білім беру нысандарын дамыту бойынша көшбасшылыққа шығуына қандай бастамалардың ықпалы болды?

– Әлемдік рейтингтер де осы жүйелі жұмыстардың маңыздылығын көрсетеді. Мысалы, PISA халықаралық зерттеуі білім сапасын тек ғимаратпен емес, оқушының оқу, математика және жаратылыстану сауаттылығы арқылы бағалайды. OECD деректері бойынша Қазақстан PISA-ға 2009 жылдан бері қатысып келеді, бұл елге өз білім жүйесін халықаралық өлшемдермен салыстыруға мүмкіндік береді.

Сондықтан мектептер мен балабақша орны – реформалардың тиімділігін көрсететін маңызды индикатор. Мұны біз жүйелі өзгерістің бастамасы деп қарағанымыз дұрыс. Қысқаша айтқанда, Қазақстанның ЕАЭО кеңістігінде жаңа оқушы орындарын ашу бойынша алға шығуы – әлеуметтік мемлекетті нығайту, адами капиталды дамыту және сапалы білімге тең қолжетімділік қағидаттарының нақты көрінісі. Бұл – «Әділетті Қазақстан» идеясының білім беру саласындағы практикалық мазмұны.

Соңғы жаңалықтар

Ел рекорды жаңарды

Спорт • Бүгін, 20:51