Білім • Бүгін, 19:10

Қазақстан Horizon Europe ғылыми бағдарламасына қосылуды жоспарлап отыр

2 мин
оқу үшін

Қазақстан ғылым мен инновация саласындағы Еуропалық одақтың ең ірі бағдарламаларының бірі Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған ел мәртебесімен қосылуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан Horizon Europe ғылыми бағдарламасына қосылуды жоспарлап отыр

Бағдарламаның жалпы бюджеті 175 миллиард еуроны құрайды. Оған қатысу қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына халықаралық гранттарға қол жеткізуге мүмкіндік ашып, ғылым мен білім беру саласының дамуына тың серпін беруі мүмкін.

Бұл мәселе Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Еуропалық одақ өкілдерімен, Брюссель дипломатиялық академиясының басшылығымен және бірқатар жетекші университеттердің өкілдерімен кездесуі барысында талқыланды.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның мақсаты Horizon Europe бағдарламасына толыққанды қатысушы ретінде қосылу.

«Бұл оңай процесс емес. Қазіргі таңда бағдарламаға Еуроодаққа мүше емес Жапония, Оңтүстік Корея және Австралия секілді ірі мемлекеттер қатысып отыр. Біз дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Еуропалық комиссияның бірнеше құрылымы бұл бастамаға қолдау білдірді», деді Саясат Нұрбек.

Кездесу барысында дипломатиялық кадрларды даярлау және академиялық ынтымақтастық мәселелері де сөз болды.

Брюссель дипломатиялық академиясының директоры Гунтер Хабблом Қазақстанмен әріптестікті дамытуға қызығушылық танытатынын атап өтті.

«Біз Қазақстанның дипломатиялық корпусын кәсіби даярлау мәселесін талқыладық. Брюссель дипломатиялық академиясы әлемдегі ең мықты бағдарламалардың біріне ие және тәжірибелік дайындыққа ерекше көңіл бөледі. Сонымен қатар Орталық Азияны зерттеу бағытын дамытып, өңірдегі маңызды мемлекеттердің бірі ретінде Қазақстанға ерекше назар аударғымыз келеді», деді Гунтер Хабблом.

Тараптар алдағы уақытта ғылым, білім және дипломатиялық кадрларды даярлау бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар