Қоғам • Бүгін, 15:59

Қазақстанда еңбек мигранттарының саны 20%-ға азайды

5 мин
оқу үшін

Елімізде ішкі еңбек мигранттарының саны айтарлықтай азайды. Егер 2025 жылдың бірінші тоқсанында өз тұрғылықты жерінен тыс жерде жұмыс істейтін азаматтар саны 506,8 мың адамды құраса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 401 мың адамға дейін төмендеген. Яғни, ішкі еңбек мигранттарының саны 20,9%-ға қысқарған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда еңбек мигранттарының саны 20%-ға азайды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл өзгеріске ең алдымен өз облысы ішінде басқа қалада немесе ауылда жұмыс істейтіндердің азаюы әсер еткен. Олардың саны 36,5%-ға қысқарып, 134,8 мың адам болған. Ал басқа өңірлерде вахталық әдіспен еңбек ететіндердің саны 176,2 мың адамды құрап, 7,8%-ға төмендеген.

Қазақстандағы барлық ішкі еңбек мигранттарының 37,2%-ы Алматы облысының тұрғындары. Бұл шамамен 149,3 мың адамды құрайды. Көш басында Алматы облысы тұрса, одан кейін Ақтөбе облысы (36,7 мың адам) мен Батыс Қазақстан облысы (29,2 мың адам) орналасқан. Мамандардың пікірінше, бұл көрсеткіштер аталған өңірлерде табысы жоғары жұмыс орындарының жеткіліксіз екенін аңғартады. Ал жұмыс орындары көп әрі жалақысы жоғары Алматы мен Астана қалаларында басқа өңірлерге кетіп жұмыс істейтіндер аз. Ішкі еңбек миграциясын екі түрге бөлуге болады: маятниктік және вахталық. Маятниктік миграция кезінде адамдар күн сайын көршілес елді мекенге барып жұмыс істеп, кешке үйлеріне қайтады. Мұндай құбылыс ірі агломерацияларға тән. Мысалы, Алматы облысындағы 127,1 мың еңбек мигрантының 124,6 мыңы немесе 98%-ы Алматы қаласына қатынап жұмыс істейді. Ақмола облысында да ұқсас жағдай қалыптасқан: еңбек мигранттарының 93,4%-ы Астанаға барып еңбек етеді. Осындай үрдіс Шымкент агломерациясында да байқалады.

Түркия Иран елінен келетін мигранттарды қабылдайды

Өңіраралық еңбек көші-қоны негізінен вахталық жұмыспен байланысты. Әсіресе мұнай-газ және тау-кен өндірісі дамыған аймақтарда бұл құбылыс кең таралған. Мәселен, Атырау облысындағы ірі өндіріс орындары өткен жылы Ақтөбе облысынан келген 8,8 мыңнан астам вахталық жұмысшыны қабылдаған. Бұл өңірдегі барлық ішкі еңбек мигранттарының 90%-дан астамын құрайды. Сонымен қатар Атырау кәсіпорындарына Батыс Қазақстан облысынан да көптеген жұмысшылар келеді. Жалпы алғанда, еңбек мигранттары үшін ең тартымды өңірлер қатарында Алматы, Астана және Атырау облысы бар. Өткен жылы Алматыда басқа өңірлерден келген 127,3 мың адам еңбек еткен. Атырау облысына 17,2 мың, ал Астанаға 13,4 мың адам жұмысқа барған. Керісінше, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары еңбек мигранттары үшін ең аз тартымды өңірлер қатарында қалып отыр. Негізгі донор-аймақтардың көшін Алматы облысы бастап тұр. Бұл өңірден басқа аймақтарға жұмыс істеуге 127,1 мың адам кеткен. Одан кейін Ақмола (10,8 мың адам), Ақтөбе (9,8 мың адам) және Жамбыл (7,6 мың адам) облыстары орналасқан

Жамбыл облысында басқа өңірлерге жұмысқа кететіндердің саны келетіндерден 48 есе көп. Ал Түркістан облысында бұл айырмашылық тіпті 85 есеге жеткен. Керісінше, Қарағанды облысында еңбек мигранттарының келуі мен кетуі шамалас: 2,1 мың адам кетсе, 2,2 мың адам келген. Бұл деректер Қазақстандағы еңбек ресурстарының өңірлер бойынша біркелкі бөлінбегенін көрсетеді. Сарапшылар вахталық жұмысшылар санының азаюын еңбек нарығындағы өзгерістермен байланыстырады. Hh.kz платформасының мәліметіне сәйкес, вахталық жұмыс ұсынатын бос орындар саны бір жыл ішінде шамамен 10%-ға қысқарған. 26 мамырдағы жағдай бойынша сайтта небәрі 1,3 мыңға жуық осындай вакансия тіркелген. Ең үлкен төмендеу дәстүрлі өндірістік салаларда байқалды. Мұнай-газ секторындағы вахталық вакансиялар саны 40%-ға азайып, 164-тен 100-ге түскен.

Қырғызстан мигранттардың құқығын бұзғаны үшін Ресейді сотқа берді

Металлургия және металл өңдеу саласында бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмендеп, 153-тен 78-ге қысқарған. Энергетика саласында да бос жұмыс орындарының саны азайған. Дегенмен барлық салада құлдырау байқалмайды. Кейбір бағыттарда өсім тіркелген. Мысалы, HoReCa секторында (қонақүй, мейрамхана және мейрамхана бизнесі) вахталық жұмыс орындарының саны 66,7%-ға артқан. Сондай-ақ тасымал және логистика саласында өсім 27,2%-ды, ал өндірістік жабдықтар секторында 11,1%-ды құраған. Осылайша, Қазақстандағы ішкі еңбек миграциясының азаюы еңбек нарығындағы өзгерістермен және өңірлер арасындағы экономикалық айырмашылықтармен тығыз байланысты болып отыр.   

Жанасыл ЗАЙТИМХАН,

ЕҰУ студенті                                    

Соңғы жаңалықтар