Сурет ЖИ көмегімен жасалған
Сенімгерлік басқаруда қанша қаржы бар?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарының 50 пайызына дейін, ал ерікті зейнетақы жарналарының 100 пайызын инвестициялық портфельді басқарушыларға бере алады.
Қордың дерегіне сәйкес, бүгінде бұл мүмкіндікті 134 мыңнан астам салымшы пайдаланып үлгерген.
Зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізіледі: 5 маусымнан бастап не өзгереді?
БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 105,88 млрд теңгені құраған. Оның ішінде ең үлкен үлес 59,69 млрд теңгемен Halyk Finance компаниясына тиесілі.
Қор өкілдерінің айтуынша, салымшылардың жинақтарын жеке басқарушыларға аударуының басты себебі – жоғары инвестициялық табысқа қол жеткізу мүмкіндігі.
«Салымшылардың өз жинақтарын ИПБ-ға беруінің басты себептерінің бірі – қаржы сарапшыларының кәсіби білімі мен тәжірибесін пайдалана отырып, жоғары инвестициялық кірістілікке қол жеткізу. Сонымен қатар активтерді әртүрлі қаржы құралдарына бөлу арқылы тәуекелдерді азайтуға болады», деп хабарлады БЖЗҚ.
Халыққа таңдау еркіндігі беріледі
Қордың мәліметінше, соңғы екі жылда бұл механизмге қызығушылық айтарлықтай артқан. Мәселен, 2024 жылы Ұлттық банктен жеке басқарушыларға 26 498 аударым жасалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 60 396-ға жеткен.
Алайда сарапшылар бұл тетік барлық азаматқа бірдей сәйкес келе бермейтінін айтады.

Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, сенімгерлік басқару ең алдымен азаматтарға таңдау еркіндігін береді.
«Бұл тетік бұрыннан бар және қазақстандықтар үшін жақсы мүмкіндік. Біріншіден, азаматтарға таңдау еркіндігін ұсынады. Екіншіден, зейнетақы жинақтарының инвестициялық табыстылығын стандартты деңгейден жоғары арттыруға мүмкіндік береді», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, әрбір басқарушы компанияның инвестициялық нәтижесі әртүрлі болуы мүмкін, өйткені олардың инвестициялық стратегиялары да өзгеше.
«Мысалы, бір компания қаражаттың басым бөлігін акцияларға салуы мүмкін. Егер нарық өссе, табыстылық жоғары болады. Ал облигацияларға көбірек инвестиция салған компаниялардың нәтижесі басқа болуы ықтимал. Сондықтан табыс көлемі де әртүрлі қалыптасады», дейді Айбар Олжаев.
Сарапшының сөзінше, мұндай шешім қабылдамас бұрын азаматтар инвестициялық декларациялармен мұқият танысуы қажет.
«Әр компания өз инвестициялық саясатын ашық жариялайды. Олар активтердің қанша бөлігін акцияларға, облигацияларға немесе басқа қаржы құралдарына салатынын көрсетеді. Сондықтан салымшы белгілі бір деңгейде қаржылық сауатты болуы керек», дейді ол.
Қай компания жоғары табыс көрсетіп отыр?
БЖЗҚ мәліметіне сәйкес, бүгінде зейнетақы активтерін басқаруға лицензия алған алты компания жұмыс істейді. Олар – BCC Invest, Alatau City Invest, Сентрас Секьюритиз, Halyk Finance, Halyk Global Markets және Tansar Capital.
Қордың мәліметінше, инвестициялық портфельді басқарушылардың қызметі қатаң реттеледі. Егер басқарушы компанияның нәтижесі белгіленген бенчмарк көрсеткішінен төмен болса, айырмашылық компанияның меншікті капиталы есебінен өтеледі.
«Конверттегі жалақы» зейнетақы мен жәрдемақыға қалай әсер етеді?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілген. Енді олардың жұмысы инвестициялық портфель түріне қарай арнайы бенчмарк – Ki композиттік индексі арқылы бағаланады.
«Қазіргі таңда ИПБ-лар үш түрлі инвестициялық портфельдің бірін ұсына алады. Оның алғашқысы – жасына қарамастан барлық салымшыларға арналған Ki$ (12) портфелі. Бұл бағыт бойынша нәтижелер соңғы 12 айдағы табыстылық негізінде бағаланады.
Екінші портфель – зейнетке шығуына кемінде үш жыл қалған азаматтарға арналған Ki (36) портфелі. Мұнда инвестициялық нәтижелер үш жылдық кезең бойынша сараланады.
Ал зейнеткерлікке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған салымшылар үшін Ki (60) портфелі қарастырылған. Бұл стратегияның тиімділігі бес жылдық кезеңнің қорытындысы бойынша бағаланады. Бүгінге дейін сенімгерлік басқаруға берілген қаражаттың шығын әкелген жағдайлары тіркелген жоқ. Инвестициялық портфельді басқару оң нәтиже көрсетіп келеді», деп хабарлады БЖЗҚ.
2026 жылғы 1 мамырдағы дерек бойынша соңғы 12 айдағы ең жоғары табыстылықты 17,60 пайыз көрсеткішпен «Сентрас Секьюритиз» АҚ көрсеткен. Ал Ұлттық банктің басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы осы кезеңде 8,57 пайыз болған.
Бұл тетік неліктен әлі кең таралмай отыр?
Соған қарамастан Айбар Олжаев салымшылардың басым бөлігі әлі де мемлекеттік басқаруды таңдауға бейім екенін айтады.
«Қазіргі таңда Қазақстандағы шамамен 25 триллион теңге көлеміндегі зейнетақы жинақтарының небәрі 0,35 пайызы ғана жеке басқарушылардың қарауында. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан басқарушы компаниялар халыққа өз мүмкіндіктерін көбірек түсіндіруі керек», дейді сарапшы.
Оның пікірінше, бұл құрал тәуекелге дайын және жоғары табыс іздейтін азаматтар үшін қызықты болуы мүмкін.
«Егер адам тұрақтылықты қаласа және тәуекелге барғысы келмесе, онда жинақтарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалдырғаны дұрыс. Ал әртүрлі инвестициялық стратегияларды пайдаланып көргісі келетін азаматтар үшін жеке басқарушы компаниялардың қызметін қарастыруға болады», дейді Айбар Олжаев.
Зейнетақы қаржысының үй мен емге алынатын сомасы азаюы мүмкін
БЖЗҚ мәліметінше Қазақстанда сенімгерлік басқару тетіктері белсенді түрде жетілдіріліп келеді.
«Жоғарыда айтылған Кi композиттік индекстері негізінде бағалау жүйесінің енгізілуімен қатар, жеке басқаруға берілетін МЗЖ мөлшерін 100%-ға дейін ұлғайту бойынша, сондай-ақ мультипортфельді тәсілді енгізуге қатысты талқылаулар жүргізіліп жатыр. Өзгерістердің басты мақсаты – салымшылардың сенімі мен қатысуын арттыру, азаматтарға өздерінің зейнеткерлік болашағын қалыптастыруға қатысу құралдарын беру, сондай-ақ зейнетақы активтерінің кірістілігін өсіру», делінген қор хабарламасында.
Түйін
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сенімгерлік басқару тетігі қазақстандықтарға өз зейнетақы активтерін басқаруға белсендірек қатысуға мүмкіндік береді. Алайда жоғары табыс мүмкіндігімен бірге белгілі бір тәуекел де қатар жүретіндіктен, шешім қабылдамас бұрын басқарушы компаниялардың стратегиясы мен нәтижелерін мұқият зерделеген жөн.