Мемлекет басшысы жаһандық технологиялық өзгерістер жағдайында ЕАЭО елдері жаңа табыс көздерін іздеп, жасанды интеллект, робот техникасы және биотехнология секілді перспективті бағыттарда бірлескен жобаларды дамытуы қажет екенін атап өтті.
– Жаһандық азық-түлік нарығындағы ЕАЭО позициясын нығайтатын жоғары технологиялық бастамаларды қолдауға күш салуға болады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа агроөнеркәсіп кешеніндегі кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау бойынша түзетулер енгізіліп, қабылданды. Бұл – осы жолдағы маңызды қадамның бірі. Мұндай технологиялық бастамаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту үшін Еуразия даму банкінің мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Құрылғаннан бергі жиырма жыл ішінде аталған қаржы институты еуразиялық интеграцияның тиімді әрі сұранысқа ие құралы екенін дәлелдеді. Біз шағын құрамдағы кездесуде Банктің басқарма төрағасы жасаған мазмұнды баяндаманы тыңдап, оны бекіттік. ЕАДБ алдағы уақытта да Одақ кеңістігіндегі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда басты локомотив болуға тиіс деген ұйғарымға келдік, – деді Президент.
Мемлекет басшысы: Елімізде 650-ден астам «ақылды» фермалар жұмыс істеп тұр
Қасым-Жомарт Тоқаев әлем экономикасы трансформацияланып жатқан кезеңде жаңа табыс көздерін іздеу тағы бір басымдық екенін атап өтті.
– Ұлттық экономикалардың ұзақмерзімді орнықтылығы мен болашақтағы орнын сайлауы жаңа технологиялық сын-қатерлерге жедел бейімделуіне тікелей байланысты. Бұл жөнінде біз кеше, Еуразиялық экономикалық форумның алғашқы күнінде егжей-тегжейлі талқыладық. Жаппай цифрландырудан бастап жасанды интеллектіге дейінгі технологиялық прогресс толқыны бірінен соң бірі туындап жатыр. Осылайша, технологиядағы әрбір жаңа белес озық ойлы адамдарға мүмкіндік сыйлайтын келесі соны серпіліске негіз қалайды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 20 жылдың ішінде биотехнология, автономды жүйелер, ғарыш экономикасы, энергияны сақтау, кванттық есептеу секілді маңызды технологиялық үдерістердің тұтас легі пайда болады. Мәселен, ұзақмерзімді болжам бойынша 2035 жылға қарай әлемдік робот техникасы нарығының көлемі 376 миллиард доллардан асады. Виртуалды шынайылық индустриясындағы қаржы айналымы 700 миллиард долларға жуықтайды. Әрине, біздің елдеріміз осы жаһандық жаңашылдықтардан кенже қалмауға тиіс. Еуразиялық экономикалық комиссия перспективті даму бағыттарында нақты тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуі керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.