Әлбетте, ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Біздің кейіпкеріміз де өзінің өлшеусіз еңбегінің арқасында мұндай құрметтен кенде болған емес.
1958 жылдың 5 желтоқсанында қасиетті Торғай топырағында дүниеге келген Әсия Әмірханқызы бала күнінен білімге құштар болып өсті. Кейін Өскемен педагогикалық институтын «химия-биология мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдап, ұстаздық жолын бастады. Оның еңбек жолы 1980-1981 оқу жылында Киров орта мектебінен бастау алып, кейінгі тағдырын да білім ордасымен мәңгі байланыстырды.
Шәкірт жүрегінен орын алған ұстаз
Содан бері, міне, қырық жылға жуық уақытын шәкірт тәрбиесіне арнады. Оның ішінде 37 жыл бойы Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай орта мектебінде химия-биология пәнінен сабақ беріп, талай буынның жүрегінен орын алды.
Ұстаз болу тек пән үйрету деп ойлайтындар қателессе керек. Біздіңше, бұл – бала жүрегіне жол табу, өмірге бағыт беру, сенім сыйлау. Әсия Әмірханқызы осы қасиеттің бәрін бойына сіңіре білген жан. Сабақ үстінде оқушыны тек білімге баулып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, өмірге деген қызығушылығын арттыруға күш салды. Жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, оқушылардың пәнге деген ынтасын оята білді.
Оның шәкірттері түрлі пәндік олимпиадаларда жүлделі орындар алып, аудандық, облыстық деңгейде мектеп мерейін асқақтатты. Ұстаз еңбегінің жемісі де осы болса керек. Себебі жақсы мұғалімнің ізі, әрине, шәкіртінің жетістігінен көрінеді.
Ізденіс пен еңбектің жемісі
Әсия Әмірханқызы – үнемі ізденісте жүретін ұстаздардың қатарынан. Ол білім жетілдіру курстарына қатысып, заман талабына сай жаңашыл әдістерді меңгеріп отырды. PISA халықаралық зерттеулері аясында функционалдық сауаттылықты арттыру бағытында да білімін толықтырды.
Ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары аудандық, облыстық марапаттарға ие болып, 2023 жылы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломымен марапатталды. Ал 2024 жылы ұстаздар үшін ең үлкен марапаттардың бірі саналатын «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін иеленді.
Дегенмен Әсия Әмірханқызы үшін де ең үлкен марапат – шәкірттерінің алғысы. Себебі ұстаз жүрегінің жылуы жылдар өтсе де ұмытылмайды. Бүгінде оның алдынан білім алған талай шәкірт өмірдің әр саласында еңбек етіп жүр. Олар үшін ұстазының орны қашанда бөлек.
Ұстазға деген шәкірт құрметі
«Ұстаздық жол – ұлы жол», адам баласының санасына сәуле түсіріп, рухани байытатын, Отанның болашағын қалыптастыратын ең қасиетті әрі жауапты мамандық. Ұрпаққа өмірлік бағдар беретін өмірлік ұстаным.
Шәкірттерінің алғысы демекші, Әсия апайымыз біздің де сүйікті ұстазымыз. Сыйлы сынып жетекшіміз. Әрдайым мақтан тұтатын жан! Оның тәрбиесін көрген талай шәкірт бүгінде ел дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Аудан, облыс, республиканы былай қойғанда, шетелдерде жауапты қызметтер атқарып жүр. Ұстазының берген білімі мен тәлім-тәрбиесінің арқасында талай биік белестерді бағындырып, кейінгі жас буынға үлгі-өнеге болып келеді.
Өнегелі отбасы – ұлтқа үлгі
Алайда Әсия апайдың аппақ әлемі тек мектеп қабырғасымен ғана шектелмейді. Оның өміріндегі ең үлкен тіректерінің бірі – отбасы. Өмірлік серігі Айтбаев Ерлан ағай да Торғай өңіріне кеңінен танылған азаматтардың қатарынан еді... Өмірден ерте кетті...
Ерлан аға 1958 жылы дүниеге келді. 1975 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебін тәмамдап, кейін Арқалық педагогикалық институтын сызу және сурет мамандығы бойынша 1986 жылы аяқтады. Еңбек жолында №157 кәсіптік-техникалық училищеде мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аудандық мектеп-интернат басшысы, Торғайдағы М. Иванов атындағы орыс орта мектебі мен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры қызметтерін атқарды.
Ол тек білікті педагог қана емес, кәсіби суретші ретінде де Торғай өңіріне кеңінен танылған жан. Мәскеуде өткен бүкілодақтық суретшілер көрмесіне қатысып, күміс жүлдеге ие болуы – соның айқын дәлелі. Ауданның көркеюіне зор үлес қосып, Торғай өңірінің мәдени келбетіне өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде Жангелдин ауданының гербі де Ерлан ағайдың шығармашылық еңбегінің жемісі.
Осындай өнегелі шаңырақтан тәрбиелі ұрпақ өсіп шыққаны да заңдылық секілді. Балалары бүгінде еліміздің әр саласында абыройлы қызметтер атқарып жүр. Руслан Ерланұлы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Қостанай пайдалану вагон депосында еңбек етеді. Досұлан Ерланұлы – Ақмола облысы әкімінің орынбасары. Сапаржан Ерланұлы – Жангелдин ауданы Торғай ауылы әкімінің орынбасары. Ал Нариман Ерланұлы – Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Жобаларды басқару департаментінің директоры.
Бұл ата-ананың берген тәрбиесі мен үлгі-өнегесінің нәтижесі екеніне дау жоқ. Себебі ұлағатты ұстаздың тәлімі алдымен өз отбасынан басталады. Әсия апай мен Ерлан ағай тәрбиелеген ұрпақ елге қызмет етуді өмірлік мұратқа айналдырған.
Ұстаз есімі ұмытылмайды
Саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, шәкірт жүрегіне білім мен мейірім дәнін сепкен Әсия Әмірханқызы Исмағұлова сынды жандардың есімі ешқашан ұмытылмайды. Оның өнегелі жолы кейінгі буынға үлгі, ал ұстаздық ғұмыры Торғай өңірінің білім тарихындағы тағылымды белестердің бірі болып қала бермек.
Гүлім ЫСМАҒҰЛ,
AMANAT партиясы
Жангелдин аудандық филиалының
Атқарушы хатшысы,
журналист,
Қостанай облысы
Жангелдин ауданы
Торғай ауылы