Алматы • Бүгін, 11:44

Алматы облысында 20 түрлі дәрі шығаратын жаңа зауыт салынады

2 мин
оқу үшін

Қазақстанда отандық фармацевтика өндірісін дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі жүзеге асады. Үкімет Алматы облысында құны 32,5 млрд теңге болатын биофармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында 20 түрлі дәрі шығаратын жаңа зауыт салынады

Фото: Ашық дереккөз

Жоба Алматы облысындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында іске асады. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігі мен «Steppe pharmaceuticals» ЖШС арасындағы инвестициялық келісімді бекітетін қаулыға қол қойды.

Жаңа кешен толық циклді фармацевтикалық өндіріс ретінде жұмыс істемек. Кәсіпорында 20 түрлі дәрілік препарат шығару жоспарланған. Оның ішінде онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілер, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық препараттар бар.

2027 жылдан бастап ел тұрғындары өздеріне қажетті дәрі-дәрмекті тегін алады

Жобаны іске қосу 2031 жылға жоспарланған. Ал өндіріс толық қуатына 2032 жылы шығады деп күтіледі. Негізгі бағыттар бойынша толық өндірістік циклге көшу 2034 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Кешен тек дәрі өндірумен шектелмейді. Мұнда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар да жүргізіледі. Атап айтқанда, биоэквиваленттілік зерттеулері ұйымдастырылып, халықаралық GMP стандарттары енгізіледі. Сонымен қатар қазақстандық мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі құрылады.

Жоба нәтижесінде шамамен 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Үкімет бұл бастама елдің дәрілік қауіпсіздігін күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді деп отыр.

Отандық ғалымдар жусанға аллергияны бір аптада емдейтін дәріні әзірледі

Қазір Қазақстанда фармацевтика саласында сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық фармацевтикалық өнім өндірісі 191,1 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 8,7 пайызға өскен. Ал салаға тартылған инвестиция көлемі 390 млрд теңгеден асты.

Соңғы жаңалықтар