Саясат • Бүгін, 10:20

Барлыбай Садықов: Қазақстан мен Кения байланысы жаңа деңгейге көтерілмек

12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының шақыруымен Африкадағы көшбасшы елдердің бірі саналатын Кения Республика­сының Президенті Уильям Руто елімізге мемлекеттік сапармен келді. Елдеріміз дипломатиялық қарым-қатынастың алғашқы кірпішін сонау 1993 жылы қалағанымен, екіжақты байланыс әлі де қалыптасу кезеңін өткізіп жатыр. Осы ретте еліміздің Кения Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Барлыбай САДЫҚОВПЕН сұхбаттасып, екі мем­лекет арасындағы қарым-қатынастың келешегі туралы әңгімелестік.

Барлыбай Садықов: Қазақстан мен Кения байланысы жаңа деңгейге көтерілмек

– Елші мырза, осы аптада­ Кения Президенті Уильям Руто елордада екі күн­­дік мемлекеттік сапармен болады. Осы ретте Қа­зақ­стан­ның Кениямен, жал­пы, Аф­рикамен ын­ты­мақ­тас­тығы туралы айтып бер­сеңіз.

– Ең алдымен Қазақстан­ның Африка елдерімен жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға барынша мүдделілік таныта­тынын және осы бағыт­та жұ­мыс істеп келе жатқа­нын атап өткім келеді. Афри­ка­ның бүгінде сауда және эко­номикалық әлеуеті жылдам дамып келе жатыр. БҰҰ мә­лі­ме­тіне сүйенсек, 2050 жылға қарай әлем халқының 25%-ы (2,5 млрд-тан аса адам) Аф­рикада шоғырланып, тұтыну нарығының жалпы көлемі 16 трлн долларды құрамақ. 2021 жылы күшіне енген Континенттік еркін сауда өңірі туралы келісім қазіргі уақытта 1,3 млрд африкалықты жалпы ІЖӨ ауқымы 3,4 трлн долларды құрайтын экономикалық блокқа біріктіріп отыр. Ал әлемдегі минералды қордың 30%-ы – Африкада. Оның ішінде қазіргі заманғы өнер­кәсіп пен жоғары технологияларды дамытуға қажетті маңыздылары да бар.

Африка елдері де Қазақ­станға саяси және эконо­ми­калық тұрақтылығы, жа­һандық деңгейде өзін ұстам­ды таныта білуі, қандай да бір қақтығысқа тартыл­мауы, сондай-ақ энергетика, азық-түлік, ғылым-бі­лім­ және инвестициялық әлеуе­ті, мемлекеттік басқару жүйе­сінің жоғары рейтингі ар­қа­сында қызығушылық танытып отыр. Қазақстанның 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуші ел ретінде сайлануында Африка елдерінің қолдауы шешуші рөл атқарғанын айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ Кения еліміздің 2039–2040 жылдар аралығында БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлану кандидатурасын қолдады.

Континент елдерімен ын­ты­мақтастықты одан әрі ке­ңейту мақсатында был­тыр қыркүйекте Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­ саяси, құқықтық, сау­да-эко­но­микалық, инвес­ти­циялық, мәдени және гуманитарлық си­паттағы іс-шаралар ке­шенін көздейтін «2025–2030 жылдарға арналған Қа­зақстан Республикасы мен Африка елдері арасындағы ын­тымақтастықты дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері мен іс-қимыл жоспарын» бекітті. Сонымен қатар Мем­лекет басшысының шақы­­руымен 2024–2025 жыл­дары бірнеше африка­лық мемле­кеттер басшылары­ның біздің елге сапарлары ұйымдастырылып, нәти­же­сін­де, ынтымақтастықты дамыту бойынша маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылды.

– Осы орайда Кениямен әріптестікті нығайтудың артықшылықтарына тоқ­тала кетсеңіз.

– Кения – 1993 жылы біз­дің елмен бірінші болып дипломатиялық байланыс­ орнатқан африкалық ел­дер­дің бірі. 2023 жылы 20 қыр­күйекте дипломатиялық қа­рым-қатынастардың орна­ға­нына 30 жыл толуына орай екі ел көшбасшылары Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында алғаш рет кездесіп, Уильям Рутоны елімізге сапармен келуге шақырды.

Кения – бүгінде Афри­ка­ның қарқынды дамып келе жатқан елдерінің бірі. Момбаса және Ламу теңіз порттары экспорт аясын кеңейтіп, еліміздің Шығыс және Орталық Афри­ка нарықтарына шығуы­на мүмкіндік ашатын страте­гиялық маңызға ие. Соны­мен қатар Кениямен ынты­мақтастықты кеңейту мақса­тын­да былтыр 27 маусымда Найробиде еліміздің Кения Республикасындағы Елшілігі ашылды.

Қазақстан мен Кения орта державалар ретінде маңызды халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұқсас тәсілдерді ұстанатынын атап өткен жөн. Кения біздің ел сияқты БҰҰ-ның қағидаттары мен халықаралық құқыққа негізделген көпжақты тәртіпті жақтап, Ұйымның жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелерін шешуде ор­талық рөл атқарады. Мұ­хитқа тікелей шыға алмайтын әлемдегі ең үлкен ел ре-­тінде Қазақстан жаңа көлік дәліздерін құруға аса мүдделі. Бұл ретте Кения біздің ел үшін Шығыс Африка өңіріне апаратын «қақпа» болып отыр. Ел аумағында орналасқан Шығыс Африкадағы ең ірі Момбаса теңіз порты төңірегіндегі ынтымақтастық елімізге Ор­талық Азия мен Африканы байланыстыратын жаңа логис­тикалық тізбектерді құруға мүмкіндік береді.

– Бүгінде екі елдің ара­сындағы алыс-берісі қай бағытта дамып келеді?

– Қазақстан Кенияны өз өнім­дері үшін болашағы жар­қын нарық ретінде қарас­тырады. Себебі астық, тыңайт­қыштар, металл өнімдері, мұ­най химиясы және өзге де өнім­дер Африка нарығында жоғары сұранысқа ие. Ал Қа­зақстан, өз кезегінде, жоғары сапалы кениялық шай, кофе және гүлдерді тікелей алып отыр.
Сонымен қатар Кения қар­жы технологиялары мен мобильді төлемдерді дамыту тұрғысынан Африкадағы көшбасшы позицияға ие. Яғни Африканың «технологиялық хабы» («Кремний Саваннасы») болып, бұл стартаптар мен кибер­қауіпсіздік саласында өзара тәжірибе алмасу үшін тамаша мүмкіндік бере­ді. Осы­лайша, электрондық үкімет және финтех сала­сын­дағы отан­дық IT шешімдер (Kaspi, e-Gov) Кенияда үлкен қызы­ғу­шылық тудыруы әбден мүмкін.

Сауданы ілгерілету мақса­тында У.Рутоның елімізге са­­пары барысында 70-тен аса ке­­­ниялық бизнесменнің қаты­­суы­­мен бизнес-форум өтеді. Бұл екі елдің бизнес қауым­­­дас­тықтары арасында ті­келей бай­ланыс орнатуға және сауда-экономикалық ын­тымақ­тас­тықты кеңейтуге ықпал етеді.
Әлемдік тұрақсыздық жағ­дайында мемлекетіміз үшін өз одақтастарының шеңберін кеңейтудің маңызы зор. Осы ретте Африка мен жаһандық деңгейде де ықпалды ойыншы саналатын Кениямен арадағы ынтымақтастық еліміздің халықаралық аренада ұлттық мүдделерін ілгерілетуге өз көмегін тигізбек.

– Барлыбай Кәрім­ұлы, Кенияда жаңа технологиялар қаншалықты дамыған және біз ол бағытта қандай са­лаларда ынтымақтаса аламыз?

– Кенияны халықаралық қауымдастық технологиялық тұрғыдан дамыған ел деп мойындайды. Сол себепті де елді «Кремний Саваннасы» деп атайды. Сондай-ақ Пре­зидент У.Рутоның көздеген басымдықтарының бірі цифр­лық экономиканы дамыту бол­ғандықтан, инновациялық секторда қазірдің өзінде

1 млн-нан аса адам жұмыспен қам­тылған. Кенияның бұл саладағы жетістіктері мақ­тауға тұрарлық. Мәселен, Най­робиде Google мен Microsoft компанияларының кампустары тұрақтап, ал «Cisco «компаниясы өзінің Country Digital Acceleration бағдарламасын іске қосты, Африкадағы ал­ғашқы Киберқауіпсіздік бо­йынша оқыту және тәжірибе орталығын ашты. Сондай-ақ M-Pesa мобильді қаржы жүйесін әзірлеп, енгізді. Өткен жылдың соңына қарай мобильді ақшаның ену деңгейі 93%-ды құрады. Кенияның e-Citizen платформасы біздегі eGov платформасына ұқсас. Бұдан бөлек, бүгінде Кенияда ірі инфрақұрылымдық жо­баларға назар аударылып­ отыр. Найробиден 60 шақы­рым жерде салынып жат­қан ақылды қала және техно­ло­гиялық парк – Конза Техно­полисі біздің «Alatau city» қаласымен өте ұқсас. Сонымен қатар бұл ел 5G желілерін белсенді түрде енгізіп жатыр.
Екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 52,2 млн дол­ларды құрап, бұл көр­сеткіш 2024 жылмен салыс­тырғанда (42,4 млн доллар) 23,3%-ға жоғары болды. Сондай-ақ дата орталықтарын жаңартылатын энергия көз­дерімен (геотермалдық энергия) қуаттандыруда көш­басшы орынға көтеріліп, бұл Microsoft және Google сияқты алып­тарды елге тартуға ықпал етіп отыр. Ауыл шаруашылығы секторы экономикасының негізі болғандықтан, IT жобалар да осы салаға белсенді түрде енгізіліп жатыр. Кения ғарыш агенттігі 2023 жылы өзінің алғашқы «Taifa1» жер серігін орбитаға ұшырды. Соны­мен қатар келесі жылы атом электр стансасының құ­рылысын бастап, оны 2034 жылы іске қосуды жоспарлап отыр.

– Кения климаттың өзге­руі­мен күресуге және био­әртүрлілікті сақтауға ерек­ше назар аударып отыр­ған ел екені белгілі. Осы рет­те Кенияның қор­ша­ған­ ортаны қорғау саясатын­ және осы саладағы елде­рі­­міз арасындағы ын­ты­мақ­тастықтың келешегіне тоқталсаңыз.

– Кения Африкада «жасыл көшбасшы» ел саналады. Яғни әлемдегі ең таза энергия жүйелерінің біріне ие, оның электр энергиясының 90%-дан астамы жаңар­тылатын көздерден (гео­термал­дық, жел және күн) өндіріледі. Бұл ел 2030 жылға қарай қуат­ өндірісін 100% жасыл энер­гетикаға көшіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар 2032 жылға қарай 15 млрд ағаш отырғызу бойын­ша ұлттық бағ­дарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл – еліміздегі 2 млрд ағаш отырғызу бастамасымен үндес жоба.

Биыл Кения көміртегі на­рығы туралы жаңа заңна­ма­ны әзірлеуді аяқтап, эко­жүйелерді қорғау үшін ғы­лымды, бизнесті және қауым­дас­тықтарды біріктіретін Ұлт­тық биоәртүрлілікті үйлестіру механизмін енгізді. Сондай-ақ осы жылы пілдер санының 36 мыңға жеткені жарияланып, бұл браконьерлікке қарсы ондаған жылдар бойы жұмсалған күш-жігердің нәтижесінің жемісті болғанын көрсетті.

Кения БҰҰ аясында Ха­лықаралық су ұйымын құру туралы Қазақстанның бастамасын оң бағалаған алғашқы африкалық елдердің бірі және біз Найробимен экология және жалпы су мәселелері саласында тығыз ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Сонымен қатар Кениямен қоршаған орта мәселелері бойынша ынтымақтастық бізге тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар БҰҰ-ның халықаралық форумдарында біртұтас фронт ұсынуға, дамушы елдер үшін әділ климаттық қаржыландырудағы ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге мүмкіндік береді.

– Кения әлемге сафари­лерімен әйгілі. Соған байла­нысты бұл елде туризм жо­ғары деңгейде дамығанын білеміз. Жалпы, ол жаққа турист ретінде қанша отандасымыз барады және оларды онда не қызықтырады?

– Шынында да, Кения өзі­нің табиғатымен және жануарларымен, сондай-ақ тамаша қызмет көрсету деңгейімен бүкіл әлемнен туристер тартып отыр. Мұн­да сирек кездесетін жануарлар мен экзотикалық өсім­діктердің мекені болып отыр­ған 40-тан аса ұлттық сая­бақ пен қорық бар. Үнді мұ­хиты­ның жағалауында әдемі жағажайлары, флора мен фаунаға бай суасты әлемі бар көптеген қонақүй орналасқан.

Статистикаға сүйенсек, Кенияға турист ретінде келе­тін отандастарымыз көп емес. Дегенмен елге келу­ші­лер санының арту үрдісі байқалады. Сапар барысында елдеріміздің туризм министрліктері арасындағы ын­тымақтастық туралы ме­морандумға қол қою жос­пар­ланған. Бұл келешекте туризмді кеңейту жобаларын жүзеге асыруға серпін бермек. Жалпы, Кения ресми делегациясының сапары бұл елмен ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашатынына және біздің қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,

Соңғы жаңалықтар