Оқиға • Бүгін, 09:27

Шымкентте балаларын үтікпен күйдірген анаға үкім шықты

1 мин
оқу үшін

Шымкентте өз балаларын азаптаған әйел сотталды. Сот шешімімен оған 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте балаларын үтікпен күйдірген анаға үкім шықты

Фото: Видеодан алынған кадр

Бұл резонанс тудырған оқиға қаңтар айында болған еді. Сол кезде екі мектеп оқушысы ауыр жарақаттармен, денесіндегі күйік іздерімен және соққы белгілерімен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Балалар мектепке бармай қойғаннан кейін жағдай әшкере болды.

Тергеу барысында қорқынышты жайттар анықталды. Балалардың айтуынша, анасы оларды үнемі ұрып-соғып, қорлап, тіпті суға батырып өлтіруге әрекет жасаған. Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындап, балаларынан кешірім сұрап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Дегенмен ол шығарылған үкімді тым қатаң деп есептейтінін жеткізді. Әйелдің сөзінше, ол мұндай әрекеттерге «ашуға берілген сәттерде» барған.

Балалардың әкесі сол уақытта Еуропада жұмыс істеп жүрген. Әйел оның отбасыға қолдау көрсетпегенін де мәлімдеді. Қазір балалар мемлекет қамқорлығына алынған. Ал наурыз айында азаматтық сот әйелдің ата-аналық құқығын шектеген болатын.

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Алтын Білтебай сотталушының балаларын ерекше қатыгездікпен азаптап, оларға физикалық және психологиялық зардап келтіргенін айтты. Судьяның сөзінше, бұл әрекеттердің барлығы сот барысында толық дәлелденген.

Айта кетейік, Қызылорда қаласында құтқарушылар терезеден құлап кеткелі тұрған баланы құтқарып қалды.

Ауғанстандағы әкелер балаларын сатуға мәжбүр болған.

Соңғы жаңалықтар