Фото: Ашық дереккөз
Жалпыхалықтық рейтингте Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында ең үздік нәтиже көрсетіп, 69-орынға жайғасты. Айта кетейік, бұл жаһандық зерттеуге әлемнің 197 мемлекеті енген.
Рейтинг әдістемесі 10 негізгі бағыт пен 50 жеке индикаторды терең талдауға негізделген. Олардың қатарында мынадай маңызды көрсеткіштер бар:
- Мемлекеттің экономикалық әлеуеті;
- Басқару жүйесінің тиімділігі;
- Ішкі және сыртқы саясат;
- Инвестициялық тартымдылық;
- Инновациялар мен технологиялардың даму деңгейі және басқа да индикаторлар.
Қорытынды баға 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша бірыңғай көрсеткішке біріктіріліп шығарылған, мұнда 100 балл – ең жоғары нәтиже болып саналады.
Қазақстан әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде 33-орынға көтерілді
ТМД елдерінің ішінде Қазақстан халықаралық бедел деңгейі бойынша екінші орынды иеленді. Елдің қорытынды көрсеткіші 66,62 балды құрады.
Рейтингте Қазақстаннан кейін орналасқан ТМД-ға мүше мемлекеттердің көрсеткіштері төмендегідей:
- Беларусь – 89-орын (59,27 балл);
- Армения – 93-орын (57,14 балл);
- Әзербайжан – 101-орын (54,15 балл);
- Өзбекстан – 134-орын (37,7 балл);
- Қырғызстан – 145-орын (34,87 балл);
- Тәжікстан – 160-орын (27,92 балл).
Айта кетейік, биылғы жаһандық рейтингтің көшбасшысы – Сингапур мемлекеті болды.
«Елдің беделі енді абстрактілі ұғым емес. Бұл бәсекеге қабілеттілікке, ықпалға және өркендеуге тікелей әсер ететін өлшенетін әрі стратегиялық фактор», деп атап өтті CEOWORLD редакциялық алқасы.
Зерттеу авторларының пікірінше, CEOWORLD-тың 2026 жылғы жаһандық бедел индексі мемлекеттерді жай ғана рейтингке қойып қоймай, халықаралық ықпал қағидаттарының қалай өзгеріп жатқанын да айқын көрсетеді.
Қазіргі әлемде сенім, басқару сапасы, инновациялық даму және елдің сыртқы серіктестермен тұрақты қарым-қатынас орната алу қабілеті барған сайын маңызды бола түсуде. Авторлардың айтуынша, этика, инновация және адамға бағдарланған ұстанымды өз бойында үйлестіре алған мемлекеттер ғана болашақты айқындайтын болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан әскері әлемдік әскери қуат рейтингі – Global Firepower 2026 бойынша 145 елдің ішінде 58-орынға жайғасты.