Фото: Ашық дереккөз
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім еткендей, Токиоға тікелей рейстер 2026 жылдың IV тоқсанында, ал АҚШ-қа 2027 жылдың II тоқсанында іске қосылады.
Қазіргі таңда Астанадан 34 халықаралық бағыт бойынша рейстер орындалып жатыр. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа бағыт ашу жосспарланған.
Министрдің айтуынша, авиация саласында жаңа технологиялар да енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, қалалық әуе таксиі (Urban Air Mobility) жобасы әзірленіп жатыр, сондай-ақ инвесторлар тестілік ұшқышсыз аппараттарды сатып алуға кіріскен.
Сонымен қатар ұшу алаңдары мен операциялық орталықтың құрылысы басталған.
Аэропорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да алдағы үш жылда кезең-кезеңімен жүргізіледі. Ерекше назар ірі әуежайларға ғана емес, өңірлік шағын әуежайларға да аударылмақ.
Президент тапсырмасына сәйкес, туристік аймақтарда жаңа әуежайлар салу жоспарланған. Атап айтқанда, Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі аумақтарында әуежай құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Арқалық әуежайын қайта жаңарту қолға алынған.
Н. Сауранбаевтың айтуынша, авиация саласын дамыту үшін кадр даярлау мәселесі де өзекті. Қазір салада 23 мың маман жұмыс істейді, ал жыл сайын кемінде 500 жаңа маман қажет.
Осы мақсатта шетелдік серіктеспен бірлескен сертификатталған оқу орталығын ашу жоспары қарастырылып жатыр.