Фото: gov.kz
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғаларына кінәлі кейбір азаматтардың жалған нөмірлерді қолданатынын айтты.
Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 386-бабы тек мемлекеттік нөмірлерді қолдан жасау және оларды өткізу әрекеттерін ғана реттейді. Ал жалған нөмірлерді пайдалану құқық бұзушылық екеніне қарамастан әкімшілік жауапкершілікке жатқызылған.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабына сәйкес, жалған нөмір пайдаланған тұлғаға 15 айлық есептік көрсеткіш (64 875 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұл айыппұл аса ауыр жаза емес. Ал мұндай әрекеттердің салдарынан адам шығыны болып жатыр. Қайталанған жағдайда 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру қарастырылған», деді депутат.
Оралда көлігіне қағаздан жасалған жалған нөмір таққан жүргізуші жауапқа тартылды
Осыған байланысты ол мұндай құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.
Вице-министр Санжар Әділов бұл мәселенің өзекті екенін растады. Оның сөзінше, жалған нөмірлер көбіне қылмыстық топтар тарапынан түрлі пайдакүнемдік және мүліктік құқықбұзушылықтар жасау кезінде қолданылады.
«Жол-көлік оқиғаларына қатысты да жалған нөмір қолдану фактілері кездеседі. Қазіргі таңда нөмірді қолдан жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Дегенмен, Қылмыстық кодекстің 385-бабына ұқсас түрде, яғни қолдан жасаумен қатар оны пайдаланғаны үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру орынды. Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі – жол қауіпсіздігінің маңызды элементі», деді Санжар Әділов.
Елімізде жалған нөмірмен жүрген 900-ден астам жүргізуші ұсталды
Ішкі істер министрлігі депутаттың бұл ұсынысын қылмыстық заңнаманы қайта қарау аясында зерделеп көрмек.