Зерде • Бүгін, 09:43

Астаналық оқушы әр адамның күніне қанша су тұтынатынын есептейтін платформа әзірледі

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Жәңгір Әбуов «Су ізі» атты интерактивті платформаны әзірледі. Жүйе әрбір қолданушыға өзінің күнделікті су тұтыну көлемін нақты есептеп, оны азайтуға арналған ұсыныстар алуға мүмкіндік береді, деп жазады Egemen.kz.

Астаналық оқушы әр адамның күніне қанша су тұтынатынын есептейтін платформа әзірледі

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жобаның авторымен және оған жетекшілік еткен педагогтермен кездесті. Кездесу қорытындысында «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен оқушының ата-анасы арасында «Су ізі» платформасын бірлесіп жетілдіру және енгізу туралы келісім жасалды. Құжат интерактивті жүйені дамытуға бағытталған нақты қадамдарды көздейді.

Платформадағы есептеулер қолданушылардың күнделікті дағдылары негізінде жүргізіледі. Тұрмыста және тамақтану барысында тікелей пайдаланылатын су ғана емес, жанама тұтыну да есепке алынады. Жүйе енгізілген деректерді автоматты түрде талдап, су үнемдеудің тиімді жолдарын ұсынады. Бұл – әр адамның өз әдетін қайта қарап, ресурсты ұтымды пайдалануға көшуіне ықпал ететін құрал.

Жобаның тең авторы, осы мектептің 10-сынып оқушысы Адият Шадияр да бастаманы толықтыра түсті. Ол балалар арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға арналған қысқаметражды бейнероликтер сериясын ұсынды. Роликтерде «Тамшы» анимациялық кейіпкері арқылы суды үнемдеудің қарапайым әрі тиімді тәсілдері түсіндіріледі.

Су ресурстарын басқару саласын цифрландыру тетіктері қаралды

Сонымен қатар Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен оқушының ата-анасы аталған ақпараттық материалдарды бірлесіп тарату туралы келісімге қол қойды. Бұл бастама ағартушылық жұмыстың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Министр Нұржан Нұржігітов оқушылардың еңбегіне жоғары баға беріп, педагогтер мен ата-аналардың үлесін ерекше атап өтті.

«Біздің алдымызда тұрған міндеттердің бірі – суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру арқылы қоғамның су ресурстарына деген көзқарасын өзгерту. 2024 жылдан бастап «Суды үнемде – болашақты сақта» жобасы жүзеге асырылып келеді. Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында экосағаттар өтуде. Ортақ күш-жігердің арқасында су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастырамыз деп сенемін», деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, былтыр министрлік Алматы қаласындағы №79 гимназия оқушысы Дана Қадырбекпен меморандум жасасқан еді. Ол заманауи наноматериалдар арқылы атмосферадан су жинайтын құрылғы әзірлеген. Жас өнертапқыш жуырда Венада өткен БҰҰ форумында үздік жобалар қатарынан көрініп, үздік үштікке енді.

GIZ Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігіне 240 жаңа техника береді

Соңғы жаңалықтар