Экология • Бүгін, 11:59

Алматыда қытайлық компания заманауи қоқыс өңдеу зауытын салады

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда қытайлық Junxin Environmental Protection компаниясы қалдық өңдеп, электр қуатын өндіретін зауыт салады. Инвестиция көлемі 280 млн АҚШ долларынан асады. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қалдық өңдеуге жетеді, қаланың энергетикалық жүйесіне 60 МВт-қа дейін электр қуатын өндіреді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда қытайлық компания заманауи қоқыс өңдеу зауытын салады

Фото: Алматы әкімдігі

Қазіргі кезеңде зауыттың құрылыс жұмыстарына дайындық аяқталды. Экология және табиғи ресурстар министрлігімен инвестициялық келісім жасалып, қалдық жеткізу және өндірілетін электр қуатын энергожүйеге беру бойынша негізгі келісімдер бекітілді. Жоба халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес келетін заманауи автоматтандырылған газ тазарту жүйелерімен жабдықтауды көздейді. Құрылыс кезеңінде шамамен 700 жұмыс орны ашылады, ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 120-ға жуық тұрақты жұмыс орны құрылмақ.
Аталған жобаны жүзеге асыру полигондарға түсетін жүктемені азайтып, қалдық көлемін қысқартуға және оларды қайта өңдеу арқылы қосымша электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Junxin Environmental Protection компаниясы арасында Алматы қаласында электр қуатын өндіретін қоқыс өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойылған болатын. Аталған компания «жасыл» энергетика және қалдық өңдеу саласындағы ірі операторлардың бірі саналады, 455 патентке ие және осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибесі бар.
Соңғы жаңалықтар