Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев, сондай-ақ екі елдің музей, театр, білім беру, кино және концерттік ұйымдар саласындағы кәсіби қауымдастық өкілдері қатысты.
Аида Балаева Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстардың стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, тараптар бірлескен көрмелер ұйымдастыру, кинофестивальдер өткізу, шығармашылық ұжымдардың гастрольдік сапарларын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық салада жаңа өзара іс-қимыл тетіктері қарастырылып жатыр.
«Кездесулеріміздің дәстүрлі сипат алуы өте маңызды. Өткен жылы да осындай дөңгелек үстелде бас қосып, ынтымақтастықтың келешегін талқылаған едік. Бүгінде мәдениет саласының барлық бағытында нақты нәтижелер бар. Бұл музей және архив ісінен бастап, театрлар мен концерттік ұйымдар арасындағы байланыстарға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Осындай диалогтар нақты нәтижелер беріп, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға жол ашып отыр. Бүгінгі кездесу де жаңа бастамаларға және бірлескен жобаларды кеңейтуге мүмкіндік береді», деді Аида Балаева.
Ресей мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев те екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.
«Қазақстанмен мәдениет және өнер саласындағы әріптестікке ерекше мән береміз. Қазақстан тарапынан ресейлік мәдениет қайраткерлеріне әрдайым жылы қабылдау көрсетіледі. Бұл ортақ мәдени кеңістік пен рухани құндылықтардың сабақтастығын дәлелдейді. Ресейде өткен Қазақстан мәдениеті күндері де үлкен мәдени оқиғаға айналды. Ендігі міндет – алдағы жылдардағы ынтымақтастықты нақты мазмұнмен толықтыру», деді ол.
Дөңгелек үстел барысында музей ісіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен І Петр атындағы Антропология және этнография музейі қазақ этнографиялық материалдарының каталогын бірлесіп әзірлеу жөнінде келісімге келді. Сонымен қатар Мемлекеттік Эрмитажбен бірлесіп, 2027 жылдың күзіне жоспарланған жаңа археологиялық көрмелер мен өзара экспозициялар дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Биыл күзде Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде Мемлекеттік Третьяков галереясы қорынан алынған туындылар ұсынылатын «ХХ век русского искусства в 30 шедеврах» атты көрме ашылады.
Реставрация саласындағы ынтымақтастық та жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Қазақстан тарапы мамандардың Ресей реставрациялық орталықтарында тағылымдамадан өту бағдарламаларын жалғастыруға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ шекаралас аймақтардағы музейлермен каталогтау және архив ісі бойынша бірлескен жобалар тереңдетілмек.
Киноиндустрия саласында фестивальдік көрсетілімдермен қатар бірлескен фильмдер түсіруге басымдық беріліп жатыр. «РОСКИНО» ұйымы ортақ практикалық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты. «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы да «Время» көркем фильмі бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады. Түсірілімдер Қазақстан мен Ресей аумағында өтеді деп жоспарланған. Сонымен бірге Ресей Мемлекеттік киноқорында сақталған қазақ кино мұрасын цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кездесуде жас композиторлар арасындағы тәжірибе алмасу, джаз өнерін дамыту, концерттік алаңдар арқылы ынтымақтастықты күшейту мәселелері де талқыланды. Хореография саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, бірлескен білім беру бағдарламалары, тағылымдамалар, шеберлік сабақтары және қос дипломды оқыту жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылды.
Театр, кино және диалог: Астанада Ресейдің мәдениет күндері өтеді
Жиын соңында Аида Балаева айтылған барлық ұсыныстар алдағы бірлескен жұмыстың негізіне айналатынын атап өтті. Ол 2027-2028 жылдарға арналған өзара іс-қимыл жоспары тараптардың нақты бастамаларымен толықтырылатынына сенім білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Ресей Федерациясының Ресей этнографиялық музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тақырыптық каталогтарды бірлесіп әзірлеуді, ғылыми-әдістемелік бағыттарды дамытуды, сондай-ақ суретшілер, реставраторлар және музей саласының мамандары арасындағы байланыстарды нығайтуды көздейді.