Шахмат • Бүгін, 09:15

Бибісараның тағы бір белесі

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кипрдің Пафос қаласында «Үміткерлер турнирі» аяқталды. Осындай беделі зор, мәртебесі жоғары жарысқа еліміздің өкілі тұңғыш рет қатысты. Жерорта теңізінің жағалауында 22 жастағы Бибісара Асаубаева табысты өнер көрсетіп, жер-жаһан жанкүйерлерін асқан шеберлігімен тамсандырды.

Бибісараның тағы бір белесі

Алғашқы екі кездесуде Бибісара Асаубаева (ФИДЕ рейтингінде 2 516 ұпайы бар) Рамешбабу Вайшали (Үндістан, 2 470), Александра Горячкинамен (Ресей, 2 534) тең түсті. Үшінші турда әлемдік рейтингте екінші орында тұрған қытайлық Чжу Цзиньэрді (2 578) жеңіп, сенсациялық нәтиже тіркеді. Көп кешікпей әлемнің экс-чемпионы Тань Чжунъимен (Қытай, 2 534) ұпай бөлісті. Бесінші, алтыншы турларда Асаубаева сәтсіз өнер көрсетіп, Екатерина Лагно (Ресей, 2 508) мен Дивия Дешмукхқа (Үндістан, 2 497) есе жіберді. Осы сәтсіздіктің салдарынан жерлесіміз жарыс кестесіндегі жағдайын күрт нашарлатып, жетінші орынға сырғып түсті. Жетінші турда Анна Музычукпен (Украина, 2 522) шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде жеңімпаз анықталмады.  

Екінші кезең басталған тұста жоғарыдағы жағдай айна-қатесіз қайталанды. Алғашқы айналымдарда Вайшали, Горячкинамен тең ойнаған Бибісара 10-турда Цзиньэрді тағы да ұтты. Одан кейін Чжунъимен ұпай бөлісті. 12, 13-турларда қарқынын күрт күшейткен қандасымыз Лагно мен Музычукті ұтып, ұпай санын 7,5-ке жеткізді. Осы жеңістерінің арқасында Бибісара осыған дейін жеке-дара көш бастап тұрған Вайшали Рамешбабуды қуып жетіп, бірінші, екінші орынды өзара бөлісіп тұрды.

Бірінші орынның бәсі соңғы турда шешілді. Бибісара Дешмукхмен шеберлік байқасып, тең түсті. Ал жерлесіміздің басты қарсыласы Рамешбабу Вайшали Екатерина Лагнодан айласын асырды. Нәтижесінде, Б.Асаубаева 8 ұпаймен, екінші орынды қанағат тұтты. Осы жарыс барысында 14 кездесу өткізген ол төрт рет жеңіске жетіп, екі рет ұтылды. Жеті ойында жеңімпаз анықталған жоқ. Қалай дегенде де Б.Асаубаева бұл турнирде сәтті өнер көрсетті. Кілең мықтылар бас қосқан бәсекеде екінші орын алу – аса жоғары көрсеткіш. Сол тұрғыда жастайынан-ақ әлемдік додаларда топ жарған, блицтен (шапшаң шахмат) үш дүркін әлем чемпионы деген атағы бар қайсар мінезді қазақ қызының болашағы алда деп сенеміз.

Бибісарадан бар-жоғы жарты ұпай артық жинаған Вайшали «Үміткерлер турнирінің» жеңімпазы атанды. Енді үндістандық шахматшы бүгінде төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылып отырған қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен чемпиондық тәжге таласады.

Жарыстың жүлде қоры биыл 300 000 еуроны құрады. Бас жүлдені олжалаған шахматшы 28 000-ды иеленсе, екінші орын алған ойыншы 17 000-ды еншіледі. Үздік үштікті түйіндеген бұрымды 8 600 еуроны әмиянына салды.

Ерлер арасындағы жарыс Жавохир Синдаровтың жарқын жеңісімен аяқталды. Турнирдің аяқталуына бір тур қалғанда өзбекстандық гроссмейстерді енді ешкімнің қуып жете алмайтыны белгілі болды. Кипрде ол германиялық Маттиас Блюбаум, үндістандық Рамешбабу Прагнанандха, америкалық Фабиано Каруана мен Хикару Накамура, нидерландық Аниш Гири, қытайлық Вэй И, ресейлік Андрей Есипенко сынды саңлақтардың алдын орап кетті. Жавохир 14 кездесуде 10 ұпай жинап, рекордтық нәтиже көрсетті. Енді 20 жастағы өзбектің аса дарынды шахматшысы әлем чемпионы, үндістандық Гукеша Доммараджумен чемпиондық тәжді сарапқа салады.

Соңғы жаңалықтар

Кітап апталығы басталды

Руханият • Бүгін, 09:25

500 команда білім жарыстырды

Қоғам • Бүгін, 09:22

Бостандық жолы бұралаң...

Әдебиет • Бүгін, 09:20

Он мың ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:18

Бибісараның тағы бір белесі

Шахмат • Бүгін, 09:15