Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Кездесу Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің төрағалығымен өтті. Негізгі назар тарифтердің негізділігіне, олардың халыққа әсеріне және байланыс сапасына аударылды.
Қазіргі таңда елдегі ұялы байланыс нарығында небәрі үш оператор ғана жұмыс істейді. Сарапшылар мұны бәсекенің төмендеуіне әкелетін негізгі факторлардың бірі деп бағалайды. Соның салдарынан тарифтердің өсуі байқалады. Мәселен, өткен жылы монополияға қарсы органға 1 000-нан астам, ал Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 1 700-ден астам шағым түскен.
«Respublica» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау жиында бірқатар өткір мәселені көтерді. Оның айтуынша, кейбір байланыс операторлары тарифтерді негізсіз көтеріп отыр.
«Талдау Beeline тарифтерінің 151%-ға өскенін көрсетеді, бірақ бұл өсімге нақты түсініктеме берілмеді. Екіншіден, неге бұл салаға жаңа инвесторлар келмейді? Егер нарық тартымды болса, инвестиция салуға дайын компаниялар табылар еді. Үшіншіден, неге байланыс сапасы төмен? Интернет трафигі тез таусылады, шексіз интернетке ай сайын абонемент төлейсің, бірақ соңғы 5-6 күн мүлдем істемейді. Ауылдық жердегі жағдай тіпті қиын», деді депутат.
Жиын барысында депутаттар азаматтардан түсетін шағымдардың жүйелі түрде шешілмей отырғанын атап өтті. Әсіресе, интернет жылдамдығының тұрақсыздығы, қызмет сапасының төмендігі және тарифтердің негізсіз өсуі қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр.
Beeline, Tele2 және Altel абоненттік ақыны қымбаттатынын мәлімдеді
Кездесудің басты мақсаты – байланыс операторларының коммерциялық мүдделері мен азаматтардың сапалы әрі қолжетімді қызмет алу құқығы арасындағы теңгерімді табу.
Депутаттар бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, нарықтағы ашықтықты арттыру және нақты тетіктер арқылы тариф саясатын реттеу қажеттігін алға тартты.