Фото: Polisia.kz
Полицейлер Салық Зиманов көшесінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті жарыс ұйымдастырып апаттық жағдай туғызған жүргізушілерді анықтады. Олардың әрекеті өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің өміріне айтарлықтай қауіп төндірген.
Құқық бұзушылардың қатарында Skoda автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісі, сондай-ақ Toyota Highlander көлігін басқарған екі адам болған. Олардың бірі – кәмелетке толмаған жасөспірім, екіншісі – 33 жастағы азамат.
Барлық қатысушыларға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілі де жауапкершілікке тартылды. Ол көлік құралын басқару құқығы жоқ тұлғаға бергені, баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны және жасөспірімнің ересектердің қарауынсыз жүргені үшін жауап берді.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, барлық құқық бұзушының көліктері коммуналдық тұраққа қойылды.
Министрлік: Үш күнде 40 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелді
Жалпы, жыл басынан бері елордада апаттық жағдай туғызғаны үшін шамамен 1800 жүргізуші, ал маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 3000-ға жуық жүргізуші жауапқа тартылған.
Полиция өкілдері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын атап өтті. Әсіресе, қауіпті жүргізу, заңсыз көше жарыстары және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер ерекше бақылауда тұр.