Қылмыс • Бүгін, 08:48

Елді алаңдатқан есірткі саудасы

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақпан-наурыз айларында Солтүстік Қазақстан облысында есірткі заттарын қолдану мен таратуға қатысты қылмыстық іс жиі анықталды.

Елді алаңдатқан есірткі саудасы

Мәселен, Аққайың ауданындағы жанармай құю бекетінде «Lada Granta» автокөлігімен келген 25 жастағы азаматтан 5 грамм синтетикалық есірткі табылды. Сегіз орамға бөліп салынған психотроптық заттардың арнайы тарату мақсатында дайындалғаны көрініп тұр. Мұндай есірткінің 2,5 грамын алып жүрген адамның өзі ұзақ мерзімге сотталады. Ал бұл бұрын да бірнеше мәрте сотты болған күдікті жазасын өтеп шыққан бойда бір ай бойы есірткі таратумен айналысқан. Енді ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ Петропавл қала­сында күдікке ілінген 19 жас­тағы жігіттен де синтетикалық есірткі заттары табылған. Ұс­тау кезінде жас жігіттен ұнтақ тәрізді заты бар 19 орама тәр­кі­ленді. Сараптама нәти­жесін­де оның α-PVP деп атала­тын пси­хотроптық зат екені анық­талған. Тәркіленген заттың салмағы – 35 грамм. Қазір бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полицияның мәліметінше, күдікті тыйым салынған заттарды сатумен айналысатын интернет-дүкендердің біріне «жасырын орналастырушы» ретінде бір ай  бұрын жұмысқа тұрған. Қазір қамауда отыр. Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу фактісі бойынша оған да 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.

Петропавл қаласы Жұмыс­шы кентінің 39 жаста­ғы тұрғы­ны да қала аумағында есірткі өткізумен айна­­лысты деген күдікпен ұсталды. Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру барысында тәртіп сақшы­лары шамамен 75 грамм героин тәркі­леді. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Өзінің айтуынша, ол героинді елордадан алып келген. Медициналық куәлан­ды­ру нәтижесі ұсталған адам­ның опио­идтерді қолданғанын көрсетті. Айта кету керек, кү­дікті бұған дейін де ұрлық және есірткі затта­ры­ның заңсыз айналымы бо­йынша сотталған. Алайда өткеннен еш сабақ ал­маған оны енді қатаң жаза күтіп тұр. Бұл – жыл басынан бері об­лыста героин анық­талған жал­­ғыз дерек. Жалпы, қаңтар айы­­нан бастап өңірде полицейлер 39 есірткі қылмысын тіркеп, заңсыз айналымнан 1 600 грамнан аса түрлі есірткі заттарын тәркіледі. Оның 900 грамы – синтетикалық есірткілер.

Петропавл қаласындағы гараж кооперативтерінің бірінің аумағында полицейлер күдікке ілінген «Volkswagen Golf» автокөлігін тоқтатады. Көліктегі жолаушы Солтүстік Қазақстан облысы аудандарының бірінде тұратын 28 жастағы жігіт екен. Оның бел сөмкесінен сұйықмай тәрізді зат құйылған 5 капсула және шылым шегуге арналған құралдар шықты. Бұл – есірткі заттарын жасырын орындарға қалдыру мақсатында жасалатын құ­рал­дар. Осы тәсілмен күдікті психотроптық заттар таратқаны белгілі болды. Сараптама нәти­жесінде тәркіленген зат каннабис сығындысы, яғни гашиш майы болып шықты. Күдік­тінің тұрғылықты мекенжа­йынан тағы 10 капсула есірткі заты, 24 бос капсула тәркіленді. Медициналық куәландыру ер адамның есірткі қолданғанын көрсетті. Күдіктінің айтуынша, ол шамамен екі ай бойы «закладчик» ретінде жұмыс істеген. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Аса ірі мөлшерде психо­троптық заттарды өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктіге 6-дан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал мына оқиға облыстың «Батыс» бақылау-өткізу беке­тінде тіркелді. Полиция қызмет­керлері Петропавл қаласының 37 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Lada Granta» автокөлігін тоқтатып, тексеріс жүргізгенде жалпы салмағы 405,36 грамм болатын α-PvP атты синтетикалық есірткі заты салынған орамалар тәркіленді. Бұл – биыл облыста анықталған ең ірі синтетикалық есірткі партиясы. Жүргізуші есірткі заттарын интернет арқы­лы сатумен айналысатын заң­сыз «наркошоптардың» бірінде жұмыс істейтін болып шықты. Ол 2025 жылдың желтоқсан айында есірткіні жасырушы болып кірісіп, кейінгі уақыт­та қылмыстық иерархияда «жо­ғарылап», тасымалдаумен айна­лысуға келіскен екен. Алай­да Қостанайдан Петропавл қала­сына психотроптық заттарды жеткізуге бағытталған алғашқы сапарында қолға түсті.

Міне, осылайша «оңай» олжа табу жолына түскендер өз өмірінің басым бөлігін темір тордың артында өткізуге өз еріктерімен қадам басып келеді. Ал еңбек ете­мін деген азаматтар үшін Петро­павл қаласында лайықты жұ­мыс орындары жеткілікті. Оның үстіне, өңірде қаншама жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Бұлақ көрсең, көзін аш

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:15