Жоба • Бүгін, 08:38

Жас талаптың жобасы

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі жас буын цифр­лық технологияларды еркін қолданып, жаңа мүм­кіндікті батыл игеріп келеді. Бүгінгі оқушылар тек тұтынушы емес, тың идея ұсынып, нақты өнім жасап жүрген жасампаз ортаға айналды. Осындай талапты жастың бірі – Алматы қаласындағы №214 жал­пы білім беретін мек­тептің 11-сынып оқу­шысы Нұрлыхан Майлин. Ол 17 жасында қазақ тілін үйрететін «SayRa» мобильді қосымшасын жасап шықты. Жас әзірлеуші бұл жобасы арқылы мемлекеттік тілді заманауи форматта меңгертудің жаңа жолын ұсынып отыр.

Жас талаптың жобасы

Қызық болғанда, жас стартапшының ІТ-са­ла­сына қы­зығу­шы­лығы шахматтан басталған. Бес жасынан бастап зияткерлік ойынға бет бұрып, стратегия құруды, есептеуді үйренген. Кейін тіпті өзі оқитын лицейде шахмат клубын да құрған.

Алайда уақыт өте келе, жо­ғары сыныпқа өткен сайын бос уақыттың азайғанын сезінеді. Бір­неше бағытты қатар алып жүру қиындай бастайды. Уақытты тиімді пайдаланып, IT-саласына көбірек көңіл бөлу мақсатында, 10-сыныпта жалпы білім беретін мектепке ауысады. Бұл қадам оның әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Жаңа мектепте ол оқушылар сеніміне ие болып, мектеп президенті атанады. Ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, түрлі іс-шара өткізіп, орта қалыптастыруға үлес қосады.

Мектеп өмірінде ол маңыз­ды бірнәрсені байқайды. Яғни қатарластары шет тілін түрлі қо­сымша арқылы қызыға үйренеді. Ал қазақ тіліне келгенде мұндай заманауи құралдар жоқтың қасы. «Неге ана тілімізді де дәл сондай қызықты форматта үйренбеске?» деген ой оны мазалай бастайды. Сөйтіп, осы сұрақ «SayRa» жобасының бастауына айналады.

11-сыныпта көпшілік оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалады. Ал Нұрлыхан болса басқа жолды таңдады. Сыныптастары ҰБТ-ға қызу кірісіп жатқанда, ол мобильді қосымша жасаумен айналысты. Бірақ ол өз таңдауына сенді. Айтуынша, бұл оның IT-са­ласындағы алғашқы жобасы емес. Бұған дейін онлайн күнделік жасау арқылы тәжірибе жинап үлгерген.

«SayRa» қосымшасының ерек­шелігі – оның толықтай жеке еңбекпен жасалуы. Жоба бары­сында ол ешқандай команда жина­маған. Инвестор да тартпаған. Бар­лық техникалық жұмысты өзі орын­дап, жеке қаражатын жұм­саған.

Қосымшаны әзірлеу, тесті­леу, App Store-ға шығару – әр кезеңі күрделі үдеріс. Әсіресе платформаға орналастыру талап­тары мен тексерістері оңай бол­маған. «Apple»-дің қатаң талап­тарынан өтіп, халықаралық стан­дарттарға сай өнім жасап шы­ғарды. Қазіргі таңда «SayRa» қосым­шасын 500-ге жуық адам жүк­теп үлгерген. Ең қызығы, ше­тел­дік қолданушылар да қызы­ғушылық таныта бастаған. Демек, бұл жобаның әлеуеті бар.

Жоба мұнымен тоқтамайды. Керісінше, енді ғана дамудың бастапқы кезеңінде тұр. Нұрлы­ханның алдағы жоспарлары: қо­сымшаға AR технологиясын ен­гізу, камера арқылы сөз аудару мүмкіндігі, интерфейсті ағылшын, қытай тілдеріне бейімдеу, толық­қанды ұлттық цифрлық өнімге айналдыру.

«Көп оқушы ҰБТ-ны білімнің толық көрсеткіші секілді көреді. Болашағымыз тестілеуге тікелей байланысты деп ұғады. Бірақ олай ойламаймын. Бұл тек бір кезең ғана. Егер нақты идеяң болса, оны кейінге қалдырмай, дәл қазір бас­тау керек. «SayRa» – жай қосымша емес. Бұл – қазақ тілін жаңа форматта ұсынуға қосқан үлесім. Болашақта оны үлкен экожүйеге айналдырғым келеді», дейді ол.

Мектепті аяқтаған соң ол Astana IT University-ге түсуді жос­парлап отыр. Әрине бұл жобаны кәсіби деңгейге көтерудің келесі сатысы болмақ. Сонымен қатар оқушы отандық инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Өйткені кез келген стартаптың өсуіне қолдау мен орта қажет.

Жас әзірлеушінің бұл қадамы қатарластарына нақты әрекет арқылы үлгі болары анық. Оның бастамасы қазақ тілін үйренуді жаңа деңгейге шығарып, цифрлық ортадағы қолданысын кеңейтуге серпін бермек. Бастысы, ол технологияны тұтынудың емес, оны ұлттық мазмұнмен байытудың жолын таңдады. «SayRa» – жеке жоба ғана емес, ұлттық құндылықты заманауи форматта жаңғыртудың бір көрінісі. Бүгінгі оқушының бастамасы ертеңгі ірі экожүйеге айналуы да ғажап емес. Ең ма­ңыз­дысы – осындай талапты жас­тардың көбейіп, қоғамға жаңа серпін әкелуі.

Соңғы жаңалықтар

Бұлақ көрсең, көзін аш

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:15