Білім • Бүгін, 08:38

Тіл тазалығы ой тазалығынан басталады

90 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік универсиеті теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Балгенже Қарағұлова жастардың сөйлеу мәдениетінің жылма-жыл төмендеп бара жатқанына алаңдайды. 

Тіл тазалығы ой тазалығынан басталады

Оның айтуынша, сөздің аяғын жұтып қою, ойды дұрыс жеткізбеу, қате жазу, лас сөйлеуді қалыпты құбылыс деп қабылдайтын жастар қатары көбейген. Дұрыс сөйлемеу дұрыс ойламаудан бастау алатынын ескерсек, ойын түзей алмаған, сөзін дұрыс сөйлей алмаған адамға кедергі көп. Өйткені көп жағдайда сөйлеу мәдениеті қалыптаспаған адам сыни ойлауға қауқарсыз. Өкінішке қарай тілдік қолданыстардың бұзылуына әлеуметтік желілердегі әдепсіздік те тікелей әсерін тигізіп жатыр. Жастардың санасы көп жағдайда ненің дұрыс екенін бағамдай алмайды. Осы кезде ақылды, мейірбан ата-ана, бағыт сілтей алатын жақсы ұстаз, жанашыр дос үш жақтан кеңес беріп, бағдарын түзегені жөн дейді ол.

«Сәби кезінен бастап жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты айыра білуді үйрету керек. Шектен тыс мейірім мен қаттылық та қажет емес. Ең бастысы – ата-анасы баласын еңбекке баулып, қабілетін ерте танып, өмірлік мақсатын айқындауға көмектескені жөн. Бағдары айқын, сыни ойлау қабілеті бар жас ешқашан да тура жолдан таймайды. Біріне-бірі құрметпен қарайтын, еңбекқор, мейірімді ата-ана, ата мен әже, жанашыр туыстардың арасында өскен бала толыққанды азамат болып қалыптасады», дейді ұстаз.

Сондай-ақ ол жастарды қара­байырлықтан сақтандырады.

«Жастардың сөйлеу мәде­ние­тінің жыл сайын жұтаң­дап бара жатқаны ерекше алаң­датады. Әлеуметтік желідегі па­рақшасына, мессенджерге хабарлама алмасқанда сленг, жар­гондарды жиі пайдаланып, көп жағдайда не жазып жатқаны түсініксіз, қате өріп жүреді. Мәдениетті сөйлеу адам­ның парасаттылығын, ішкі мәдениетінің көрінісі. Мұның негізі – қазақы тәрбиеден бас­тау алады. Біз жасымыздан бойға сіңірген қазақы тыйымдар қандай еді? Үлкеннің алдын кес­пеу, сөзін бөлмеу, ойды қысқа да нұсқа жеткізу, ересек адамдарға құрмет білдіру, өзіңнен жасты құрметтеу, ғайбат сөздер айтпау, дауысыңды қатты шығарып күлмеу сияқты тыйым-ережелермен өстік. Былайша айтқанда, бұл тұтас әдеп жүйесі еді. Осы жүйенің бұзылып жатқанына бәріміз де кінәліміз. Өйткені үйде ата-ана баласымен сөйлеспейді, туыс-туғанмен араласу сиреді, адамдар арасында тұйықтық басым. Сананы тұрмыс билеп кетті. Мұндай жерде адам өзгелерден оқшауланады. Бұл да тілдік ортаның өзгерісіне белгілі бір деңгейде әсерін тигізеді. Әсіресе бұл құбылыс жастар арасында анық байқалады», дейді Балгенже Қарағұлова.

Осы себепті ол қолы бос кезінде студенттермен пікір­лескенді ұнатады, оларды тол­ғандырған мәселелермен барынша ашық сөйлесуге тырысады. Осындай еркін әңгімелесулер кезінде қоғамға төнген қатер­ді де жиі байқайды. Балгенже Сағидоллақызы діни танымды үстірт бағалау, жалған соқыр сенімдерге еліктегендердің артуы қазақы танымға берілген соққы деген пікірде. «Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде діни атаулар қазақы таным-түсінікпен біте қайнасқан ұғымдарды ығыстырып шығарып жатыр. Бұл алаңдатарлық мәселе. Дәстүрлі тілдік қолданыс тек құр сөз емес, ол сана-түсінік, қоғамның даму көрсеткіші. Осы жағынан күнделікті қарым-қатынаста қазақы тілдік нормаларды дұрыс қолдануды бәріміз талап етуіміз керек», дейді лингвист ұстаз.

Өмірдің кей сәттерінде Бал­генже Абай атындағы Ал­маты ұлттық педагогикалық уни­­вер­ситетіндегі ұстаздары мен ата-ана­сының ақыл-кеңесін жиі еске алады. Шалқар ауданында 25 жыл бойы мектеп директоры қызметін атқарып, саналы ғұмырын білім саласына арна­ған әкесі Қарағұлов Сағидұлла даналық пен ұлағаттың дәнін сепкен нағыз педагог, ал анасы Рузия үй шаруасында отырып-ақ, он баланың тәрбиесін мойнына алған мейірімді ана бола білді. Әке-шешенің тәрбиесі осы үйдің сегіз баласына ұстаз­дық жолды таңдауға ықпалын тигізді. Оған сегізі де өкінбеді. Бүгінде Қарағұловтар әулетінде 4 ғылым кандидаты бар. Олар­дың жақсы дәстүрін немерелері де жалғастыра бастады. Ата-әжесінің тәрбиесінде өскен Сандуғаш жақында PhD диссертациясын сәтті қорғап шықты. Балгенже мен күйеуі Ержан да ұлы мен қызының тәрбиесінде ата-ана өнегесін үнемі назарда ұстайды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық университетіне 1994 жылы жас маман ретінде қабылданып, содан бері табан аудармастан осы оқу орнында еңбек етіп келе жатқан Балгенже Қарағұлова – 130-ға жуық ғылыми еңбектің авторы. Оған қоса 3 мо­нография, 5 оқу құралын жа­риялады. Ол талантты шә­кірттерінің ғылым жолына тү­суіне де ықпал етіп келеді Осы оқу орнында жүріп, сөз тарихы мен қолданыс аясы, салалық терминология, аударманың өзекті мәселелері тақырыбында 30-ға жуық магистрлік жұмыстар­ға жетекшілік етті. Балгенже жа­һанданудың тілдің лексикалық қабаты мен әлеуметтік-мәдени өзгерістерге әсерін зерттеуді жалғастыра бермекші. Оның бас­ты мақсаты – жақсы шәкіртке лайықты ұстаз бола білу.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар