- Жарыста Батырхан Төлеуғали (87 кг) турнир чемпионы атанса, Эльдар Бірімбай (74 кг) күміс медаль иеленді. Абылайхан Мергенбай (63 кг) мен Бейбарыс Қабланға (+87 кг) қола медаль бұйырды. Қыздар арасында Айдана Құмартаева (46 кг) күміс медаль, 53 кг салмақта сынға түскен Нодира Ахмедова мен Айдана Сүндетбай, Мария Севостьянова (57 кг), Назым Махмұтова (73 кг) қола жүлде олжалады.
- Моңғолия астанасы – Ұланбатырда бокстан Азия чемпионаты жалауын желбіретті. Құрлық додасының алғашқы сайыс күнінде рингке шыққан қыздарымыздың жолы болмады. Жазира Орақбаева (51 кг) бірінші айқасында Солтүстік Корея елінің өкілі Ан Кум Биолға есе жіберді. 54 кг салмақта сынға түскен Элина Базарова ширек финалға шығар жолда үндістандық Притидің қарымына тойтарыс бере алмады. Римма Волосенко да (60 кг) алғашқы айналымда сүрініп, үндістандық Прия Приядан ұтылды. Ерлер арасынан 60 кг салмақта сайысқа түскен Оразбек Асылқұлов филиппиндік Пол Джулифер Басконды үйіне ерте қайтарды.
- Филиппиннің Тагайтай қаласында велоспорттан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жерлесіміз Кирилл Курдиди гит сайысында құрлық чемпионы атанды. Күміс медаль қытайлық Хань Сеге, қола жапон Рето Ичиданың еншісіне жазылды. Әлішер Жұмақан топтық сайыс пен скрэтч сынында, Рамис Дінмұхаметов пен Илья Қарабұтов мэдисонда күміс медаль иеленді. Рината Сұлтанова із кесу тартысында қола жүлде олжалады.