Пікір • Бүгін, 08:12

Ортақ жауапкершілік жүгі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы референдумда халық қолдаған Ата заң Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашатынын айтты. Сондай-ақ отандастарымыздың ел тағдырына ортақ жауапкершілік пен бірлік танытқанын ерекше атап өтті.

Ортақ жауапкершілік жүгі

Сурет: gov.kz

Референдумға дейін біз жа­­с­тармен, колледж студенттерімен және оқыту­шылармен кездесулер  өткізіп, жаңа Конституциядағы жастар­ға қатысты нормаларды ашық талқыладық. Әсіресе білім алу және денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақ көп болды. Халықты мазалап жүрген тақырыптардың бірі – «білім мен медициналық көмек енді тек ақылы болады екен» деген жаңсақ пікір.  Бірден айтайық: бұл – фейк ақпарат.

Қазақстан әлеуметтік мемлекет болды және бола береді. Бұл қағида жаңа Конституцияда да нақ­ты көрсетілген. Ата заңның 1-бабында: «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқын жазылған. Мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады.

Білім мен денсаулық сақтау саласындағы кепілдіктер сақ­та­лады. Бұл қызметтер «ақысыз» деп көрсетілгенімен, олар мем­лекеттік бюджет есебінен, яғни салықтарымыздың есебі­нен қаржыландырылады. Ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысы бар, коммуналдық шығындар бар. Ал қарапайым азаматтарға  білім әрі қарай да қолжетімді және тегін болып қала береді. Сол себепті Негізгі құжатта азаматтар «ақы төлемей» деп нақты көрсетілген.

Ұлттың болашағы білім­мен, ғылыммен, инновациямен тіке­лей байланысты. Көптеген елдің қарқынды дамуы жан-жақ­ты зерттелген. Әртүрлі ғалымдар әртүрлі факторды атайды. Де­ген­­мен бәрін жинақтасақ, ортақ заң­дылық анық көрінеді.

Жапония, Сингапур, Еуропа елдерінің тәжірибесі көрсеткен­дей, табыс пен даму үш негізгі тірек­ке сүйенеді: тәртіп пен мерито­кра­тия (заң), білім мен құндылық­тар­ға инвестиция, құндылықтардың жаңғыруы (ағарту) және тұлғадан биік тұратын мықты институттар.

Дәл осы құндылықтар жаңа Конституцияда көрініс тапқан. Соны­мен қатар қазіргі заманда жасанды интеллектіні игеру ғана емес, оны дұрыс бағытта қолдана білу де шешуші факторға айналып отыр.

Конституция күн сайын жұ­мыс істеуі керек. Себебі Негізгі заң – бір күннің немесе бір сая­си кезең­нің құжаты емес, ол ұзақмерзімді бағдар. Ата заңның әр бабы мұғалімнің сыныбында да, ауруханада да, сот залында да, мемлекеттік қызметшінің кабинетінде де орындалуы қажет. Енді оның нор­маларын нақты заңдарға айналдыру маңызды. Әрі сол заңдар­дың өмірде шын мәнінде, мүл­тік­сіз жұмыс істеуін қам­­тамасыз етуіміз керек. Бұл үшін бас­қару мәдениетін өзгерту, заң­ды бәрі­­­не бірдей қолдану, инсти­тут­тар­ды нығайтуымыз қажет. Бұл – билік­тің де, азаматтардың да ортақ ісі.

 

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,

Мәжіліс депутаты

Соңғы жаңалықтар