Қызылорда облысының Сырдария ауданында дүниеге келген Әзиз домбыраға бала күнінен әуес болып өскен. Мектепте алғашқы ұстазы Гүлназ Сералиевадан күй өнерінің әліппесін үйреніп, кейін Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжде білім алып, ұстазы Жансұлтан Жұмабектен күйшілік шеберлігін шыңдаған. Осы жылдарда ол жүзге жуық күй үйреніп, «Сарыарқа», «Серпер», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Байжұма» сияқты әйгілі күйлердің басым бөлігін нота арқылы меңгерген.
Әзиз әскери бөлімнің құрамында Алматы қаласының қауіпсіздігін күзетіп, бос уақытында қаруластарының өтінішімен күй тартады.
– Домбырада күй орындау маған халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттау жауапкершілігін жүктейді. Сыр күй мектебі өкілдерінің ізін жалғап жүргендігімді мақтан етемін, – дейді Әзиз.
Ол домбыраның қоңыр үнімен қасиетті өнерді дәріптеп, ғасырлардан жеткен күй дәстүрін жаңа буынға жеткізіп келеді. Оның орындауындағы әсерлі күйлер сарбаздардың көңіл күйін көтеріп, жауынгерлік рухын арттыра түседі.
АЛМАТЫ