фото: polisia.kz
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 17 наурызда облыстың елорда аудандарының бірінің полиция бөліміне азаматтардан қатарынан үш өтініш түскен. Олардың айтуынша, өткен жылдың соңында өзін медициналық қызметкер ретінде таныстырған белгісіз тұлға әскерге шақырудан босату үшін «қажетті» диагноз қойып беруге уәде еткен.
Күдікті өз «қызметі» үшін жәбірленушілерден жалпы сомасы 1 млн 200 мың теңгеден астам қаражат алған. Алайда ақша берілгеннен кейін азаматтар уәде етілген медициналық құжаттарды да, қаражатты да ала алмаған. Осыдан кейін олар құқық қорғау органдарына жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жергілікті медициналық пункттердің бірінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Қазіргі уақытта аталған үш дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, сондай-ақ оның басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде.
Сонымен қатар тергеу барысында арызданушылардың әрекеттеріне де құқықтық баға берілетін болады. Себебі әскери қызметтен заңсыз жалтару әрекеті де заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Чекті кассада қалдырмаңыз: Мемлекеттік кірістер комитеті алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті
Құқық қорғау органдары азаматтарға ақшалай сыйақы үшін әскери қызметке қатысты кез келген «мәселені шешу» ұсыныстары заңсыз екенін ескертеді. Көп жағдайда мұндай уәделердің артында алаяқтық схемалар жасырылады.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерге қатысу, тіпті «клиент» ретінде де, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке соқтыратынын есте ұстау маңызды.
Заңсыз диплом: Абай облысында дәрігер болғысы келген азамат алаяқтың құрығына түсті
Полиция азаматтарды қырағы болуға және осындай фактілер туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.