Қоғам • Бүгін, 08:45

Көлік кептелісі шектен шықты: Әрбір жүргізуші жылына кемінде 50 сағат көшеде қаңтарылып тұрады

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде Алматының экологиясын бірінші кезекте көлік кеп­телісі ушықтырып тұр. Бұл мәселенің өзектілігі сон­шалық, халықтың зая кеткен уақыты мен ден­сау­лы­ғына тигізіп жатқан орасан зиянын есептеп шығу мүм­кін
емес.

Көлік кептелісі шектен шықты: Әрбір жүргізуші жылына кемінде 50 сағат көшеде қаңтарылып тұрады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, күн са­йын қала көшелеріне 1,2 млн көлік шығады екен. Бірақ мега­по­лис­тегі машиналар саны бұдан үш есе аз болған кезде де осы мәселе ойластырылып, қоғамдық көліктер ғана жүретін жолақтар салынды, метро стансалары пайдалануға берілді, даң­ғылдар ұзартылып, көшелер кеңей­тіліп жатыр. Әйтсе де бұл түйткіл әлі тарқатылған жоқ.

Жалпы, бұл кешегі қателік­тің салдары ма, жағдайды әлі де түзетуге бола ма? Күрделі тақырыпқа қатысты қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланыс саласының сарапшысы, Qazaq Expert клубының мүшесі Андрей Андреев төмендегідей пікір білдіреді.

«Күн сайын қалада 1,2 миллионнан астам автокөлік жолға шығады, оның 500 мыңы – облыс пен өзге өңірлерден келетін көліктер. Алматы әлемдегі ең кептелісті 50 қаланың қатарына енген, орта есеппен әрбір жүр­гізуші жылына 50 сағатқа дейін жолда уақытын жоғалтады. Бұл жыл­дар бойы қордаланған мәсе­ле­ге айналды. Осы орайда негізгі 9 факторды атап өтуге болады», дейді.

Бірінші, маңайдағы облыстардан ағылған көліктер. Әу баста қалаға кіретін Рысқұлов, Райымбек сияқты магистральдар машиналардың қазіргідей легіне есептелмегендіктен, нәти­же­сінде «бөтелке мойны» деген жағдай пайда болады. Қазір Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (БАКАД) дейінгі жолдардың ашылуы жағдайды ішінара жеңілдеткенімен, ескі екі жолақты учаскелер әлі де тәулігіне 2 сағатқа дейін кідіріс тудырады.

Екіншіден, қаланың орталық көшелері іргетасы қаланғаннан бастап мегаполис қалпына бейім­дел­меген. Әу баста 500 мың тұрғыны бар қала ретінде жобаланса, қазір Алматының халқы 2 миллионнан асты дейді ресми дерек. Әлі де Абай, Төле би, Райымбек сияқты негізгі даңғылдарды, күре жолдарды ұзартпайынша, 2030 жылға қарай кептеліс қаланың жол желісінің 60%-ын мешеу күйінде ұстап тұра беруі ғажап емес.

Үшіншіден, қар түсіп, жаңбыр жауған күндері де көліктер иін тіресіп, қиылыстарда кептетіліп қалады. Сол тұрғыда ауа райы мен маусымдық фактор да жол жүру уақытын 50–100%-ға дейін ұзартуға «үлесін» қосып шыға келеді.

Төртіншіден, көшелерді жөн­деу, жамау, құрылыс жұ­мыс­та­ры кейде тым ұзаққа созылып, тиімді жүргізілмейтіндіктен, сол аймақтарды сал қылып, елдің уақытын жеп жатыр.

Сарапшы бесінші кезекте қоғамдық көліктің жеткілікті дамымауын алға тартады. Автобус­тар қашан да лық толы, жолаушысы аузы-мұрнынан шыққан қоғамдық көліктің келу жиілігі 20–30 минутқа дейін жететін жағдай таңсық емес, бәрінде бірдей кондиционер жоқ. Қала билігі газбен жүретін 1 800 автобус сатып алғанымен, газ құю стансасы тапшылығынан олардың бір бөлігі қаңтарылып тұр. Метро мен троллейбустар небәрі қала тұрғындарының 10–15%-ын ғана таси алады. Мәселен, Алматыдағы автокөлік паркі 2024–2025 жылдары 15%-ға өсті десек, көшелерді кеңейтудің жәрдемі уақытша ғана көрініп отыр.

Алматыда әбден жауыр болған мәселенің бірі – жол қозғалысы ережелерінің сақталмау, жүр­гізу мәдениетінің төмендігі. Жасыл жыпылықтаса да жанталаса алға ұмтылған жүргізуші­лер қиылыстарды жауып қалып, бұл келесі беттегілердің ашу-ызасын туғызып, үсті-үстіне иін тірескен кө­ліктер бағдаршамдарға ба­ғын­бай кететіні жиі қайтала­на­тын құбылыс. Айналып келгенде, уақыттан ұтылатын да көлік иелерінің өздері. Сондықтан жұрт жұмысқа баратын, қайта­тын қысалтаяң мезетте жол сақ­шыларына қиылыстардағы бей­бе­ре­кетсіздікті реттеп отыруға тура келеді.

Көлік кептелісі Алматының экологиялық ахуалын әбден нашарлатып біткендіктен, оның шешімі мен қабылданып жат­қан шаралар бөлек зерт­теу­ді талап ететін тақырып. Мега­по­листің адамына адам, көлігіне көлік қосып жатқан факторларды айтпағанның өзінде, қалаға кіру­ге экологиялық шектеу енгі­зіл­генімен, ол толық іске аспай отырғандықтан, өкінішке қарай, нәтижесі көңіл де көншіт­пей­ді, көзге де көрінбейді.

Алматыдағы көлік кептелісі мереке күндері мен маусымдық кезеңде шырқау шегіне жетеді. Қонаққа, базарларға, балаларды мектепке дайындайтын кезде көліктің легі бірден  10–20%-ға көбейіп шыға келеді.

Қысқасы, мегаполистің жыл­­дар бойы шешімін таппай келе жат­қан басты мәселесінің себеп­тері осындай. Ендеше, неліктен рефор­ма баяу жүріп жатыр деген сауал­дың туындауы заңды.

Бюджеттен орасан зор қар­жы бөлінгендігіне (2025 жылы – 850 млрд теңге) қарамастан, алға жылжу, ілгерілеу неге өте баяу жүріп жатыр? Бұған бюрократия, жер телімдерін сатып алу­дың күрделілігі, қоғамдық көлікті ұйым­­дастырудағы олқылық ке­дер­гі болып отыр дейді мамандар.

Биыл 600 газбен жүретін автобус сатып алу, 1900 электронды табло орнату, дизельден бас тарту, 3 газ құю стансасын салу, троллейбус жүйесін жаңғырту, BRT/LRT дамыту, «ақылды көлік» жүйесін енгізу (кептелісті 20-25%-ға азайту) жоспарланған. Алайда бұл жобалар жедел түр­де жүргізілмесе, қағаз жүзінде қалып қою қаупі бар.

Сонымен Алматыдағы кө­лік кептелісінің түйіні қалай шешілмек? Жағдайды өзгертетін нақты шара­лар легі қандай деген сауал­дың жауабы төмендегідей.

Бірінші кезекте, қоғамдық көлікті түбегейлі дамытуға қол жет­кізу, яғни газбен, электрмен жү­ретін көліктерге толықтай көшу, басым жолақтар, автобус, троллейбустардың жүру жиілігін 5–10 минутқа жеткізу, Wi-Fi, кондиционердің болуы – жеке көлікті пайдалануды 25%-ға дейін қысқарта алады.

Оған қоса қала орталығына өзге өңір­ден келетін машиналарды ақы­лы түрде кіргізу – трафикті 20–30%-ға азайтады деген болжам бар.

Осы орайда қала шетінде (Талғар, Қаскелен, Қонаев бағы­ты­н­да) буферлік авто­тұрақтар мен көлік ауыстыратын хабтар салу – кіреберіс жолдарға түсетін салмақты 15–20%-ға азайтады.

Мамандар көліктердің легін интеллектуалды тұрғыда басқару, «ақылды» бағдаршамдар, датчиктер, болжау жүйелері кептелісті 20–25%-ға, жол-көлік оқиғаларын 10–30%-ға азайтатынын алға тартып отыр. Мұны жасанды интеллект арқылы нақты уақыт ре­жі­мінде ауқымды түрде жүзеге асы­руға болады. Түтіні будақ­та­ған, экологиялық талапқа сай келмейтін көліктердің ор­та­лыққа кіруін шектеу – трафикті 15–20%-ға азайтады. Айта кете­лік, 2026 жылдан бастап ескі кө­ліктерге ар­нал­ған шектеулі аймақтар енгізі­леді.

Өз кезегінде сарапшылар жұмыс кестесін ығыстыру мен қа­шықтан жұмыс істеу, мектеп­тер­­дегі сабақ – 8:00-де, жоғары оқу орындарында – 9:00-де, кеңсе­лер­дегі жұмыс 10:00-де бас­талса, таңғы кептеліс 10%-ға азая­ды деген ұсыныс тастап жүр­ге­ні белгілі. Егер мәселені шындап шешуге тура келетін болса, мұның да іске асуы ғажап емес.

Көлік кептелісін реттеуде, вело­сипед пен жаяу жүргінші ин­фра­­құрылымын дамыту да қарас­тырылған. Бірақ ойлы-қыр­лы Алма­тыда велосипед жолдарын да­мыту қиын екендігін де еске­ру керек.

Қорыта айтқанда, көлік реформасын кешенді жүргізбейінше, Алма­­тының кептелісте біржола тұ­рып қалу қаупі бар. Сол себепті бұл мәселе қала әкімдігінен саяси ерік-жігер мен қоғамға тиімді, тіпті тосын шешімдерді қабылдауды талап етеді. Әзірге мегаполис көлік кептелісі жағынан  әлемдегі 50 шаһардың қатарында тұр.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Сахна – рухтың шамшырағы

Театр • Бүгін, 09:05

Қазақы тағамның қасиеті

Экономика • Бүгін, 08:53