Президент • Кеше

Жұмыс созылып кетті: Мемлекет басшысы Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуде өңірдегі бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кеткенін атап өтіп, Үкімет пен «Самұрық-Қазынаға» жобаны жеделдетіп, қатаң бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Жұмыс созылып кетті: Мемлекет басшысы Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды

фото: Ақорда

«70 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған Кентау жылу энергия орталығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді.

Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе. Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек. Жұмыс созылып кетті. Үкіметке және «Самұрық-Қазынаға» осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жалпы, аймақта түрлі өндіріс кәсіпорындары ашылып, жүздеген адам біртіндеп жұмыспен қамтылып жатыр. Мұның бәрі де – ел ішінде болып жатқан нақты жұмыстың көрінісі.

«Мен әрдайым айтып жүремін: аймақтарымыз қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Бұл біздің жетістіктеріміздің негізгі формуласы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан өңірлердің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын стратегиялық мақсат болып қала бермек», деді Қ.Тоқаев. 

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті.