Құқық • Бүгін, 08:18

Жұмыскер құқын қорғайтын құжат

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен бюро отырысында депутаттар 19 наурыздағы Сенат отырысының күн тәртібін айқындап, Палатаның іс-шаралар жоспарын пысықтады.

Жұмыскер құқын қорғайтын құжат

Сурет: smartnews.kz

Отырыста алдымен Сенат төрағасы республикалық референдум еліміздің ұзақмер­зім­ді дамуының бағыт-бағдарын ай­қын­даған тарихи оқиға бол­ғанын атап өтті. Сондай-ақ М.Әшім­баев сенаторларға өңір тұрғын­дарына конституциялық нор­малар­ды түсіндіру жұмысына бел­сен­ді қатысып, реформаның ашық­тығын қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

«Референдумның алдын ала нәтижелеріне сәйкес да­уыс берген азаматтардың басым көпшілігі жаңа Конституцияға қолдау білдірді. Осылайша, 15 наурыз тарихымызға еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындаған күн ретінде еніп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, отандастарымыз жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Референдум нәтижесі азаматтарымыз Мем­лекет басшысының рефор­маларын қолдайтынын, жал­пы ел болашағына бейжай қара­майтынын көрсетті. Халық­тың белсенділігі мен жоғары аза­мат­тық жауапкершілігі – тәуел­сіз Қазақстанның демокра­тия­­лық дамуының берік кепілі. Сон­­дай-ақ дауыс берушілер саны бойын­ша ең жоғары рекордтық көр­сет­кіш тіркелген жалпыұлттық референдумның ашық әрі әділ өткенін, барлық заң талабы қатаң сақталғанын атап өткен жөн», деді М.Әшімбаев.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес алдағы бейсенбіде сенаторлар «Халықаралық азаматтық авиа­ция туралы конвенция­ның 50а)-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы және Халықаралық азаматтық авиация туралы кон­венцияның 56-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Ұсынылып отырған өзгерістер Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің құрамын 36-дан 40 мемлекетке дейін ұлғайтуға бағытталған. Бұл мүше мемлекеттердің неғұрлым әділ, теңгерімді әрі географиялық тұрғыдан кеңірек өкілдік етуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ техникалық сараптаманы күшейтіп, ұйымның норма шығару қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Аэронавигациялық комиссия құрамын 19-дан 21 мүшеге дейін көбейту көзделіп отыр.

Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағ­дайын жетілдіру, жұмыскерлер­дің еңбек құқығын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралады. Құжаттың мақсаты – жұмыскерлердің еңбек құ­қығын қорғау саласындағы ұлт­тық заңнаманы жетілдіру. Заң еңбекті және азаматтарды әлеуметтік қорғауды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағыт­талған. Осыған байланысты Еңбек, Әлеуметтік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстеріне, сондай-ақ «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы»,  «Мемлекет­тік са­тып алу туралы» заңдарға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізіледі.

Бұған қоса Сенат отырысы­ның күн тәртібіне «Бір тараптан ҚР Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық Қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы мен Инвестициялар кепілдігінің көпжақты агенттігі арасындағы ҚР орнықты дамуына және өр­кендеуіне жәрдемдесу мақ­сатын­да ынтымақтастықты кеңей­ту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң және Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясын қызметінен босату туралы мәселе шығарылды.

Сондай-ақ Сенатта осы апта­да атом өнеркәсібін дамыту, кәме­летке толмағандар істері жөнін­дегі мамандандырылған ауда­наралық соттардың қызметін жетілдіру секілді өзге де өзекті мәселелер қаралады. Депутаттар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды Сенат комитеттеріне бөліп берді.

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық тұр?

Ауа райы • Бүгін, 09:52

«Жасыл» энергия – жаһан үдерісі

Энергетика • Бүгін, 09:00

Ұлыс пен ырыстың негізі

Наурызнама • Бүгін, 08:50

Қарлығаш – құт-береке рәмізі

Наурызнама • Бүгін, 08:45

Кемел әулетінің кемеңгері

Қоғам • Бүгін, 08:40

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:35