Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында қолайсыз ауа райының салдарын жою шаралары қаралды. Өңір әкімдігі атап өткендей, 9-12 наурыз аралығында Павлодар облысы аумағында жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жеткен солтүстік-батыс циклоны тіркелген. Бұл облыс аумағында түскен қардың 80%-ға ұлғаюына әкеліп соқтырған. Қазгидрометтің дерегіне сәйкес, кейбір жерлерде қардың қалыңдығы 2-ден 20 см-ге дейін артқан. Ақтоғай, Шарбақты аудандарында қардың қалыңдығы 10-20 см шамасында тіркеліп отыр.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегінше, қолайсыз ауа райы кезеңінде облыстың 96 ауылдық елді мекені электр қуатынан апаттық жағдайда ажыратылған. Қалпына келтіру жұмыстарына 43 апаттық бригада, 100-ден астам маман тартылып, электрмен жабдықтау қысқа мерзімде толықтай қалпына келтірілді.
«Табиғи апаттың салдарынан Екібастұз қаласында 75 көпқабатты тұрғын үйдің, 9 әлеуметтік нысанның, бір әкімшілік ғимараттың шатыры зақымданды. Қазірде ғимараттарға тексеру жүргізіліп, келтірілген шығын көлемі нақтыланып жатыр. Қалада жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апаттан зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардан өтініштер қабылдау жалғасады», деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Ақсу қаласында дауыл салдарынан 32 нысанның, соның ішінде тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарының шатырлары зақымданданған. Аталған қалада, Баянауыл, Павлодар аудандарында да табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімі енгізілді. Баянауыл ауданы аумағында инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үй қоры бүлінген. 38 ауылдық елді мекеннің 37-сінде электр қуатының өшуі тіркелді. Сонымен қатар боранның салдарынан 198 бас ұсақ мал, 2 бас ірі қара, 82 жылқы қырылған. Қазір боранда ығып кеткен 600-ден астам қой іздестіріліп жатыр.
Электр жарығынан ажырау деректері Ақтоғай, Аққулы аудандарында да тіркелген. Өңірлік төтенше жағдай департаментінің ақпарынша, облыстағы 58 елді мекен су тасқыны қаупі бар аймақтарға жатқызылды. Бүгінде ауылдық жерлерден 196 мың тоннадан астам қар шығарылды.
Павлодар облысы