Тағзым • Бүгін, 08:05

Алаш арыстарын ардақтаған жиын

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық музейде Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханның ­­­–160, Әлімхан Ермекұлының –135, Қошке Кемеңгерұлының 130 жылдық мерейтойына орай «Алаш арыстары» атты танымдық дөңгелек үстел өтті.

Алаш арыстарын ардақтаған жиын

Жиынды ашқан Ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы аталған ұлт қайраткерлерінің мерейтойы ескерусіз қалмау керек екенін айта келіп, олардың атқарған істеріне қысқаша тоқталды. Сондай-ақ ол Ұлттық музейдің Алашқа арналған бөлімі қайта жаңғыртылып жатқанын, Алашорда үкіметі мүшелері мен Алаш жетекшісі Әлихан Бөкейханға арналған жеке стенд ашылатынын жеткізді.

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Алаш қайраткерлерінің ұлт болып ұйысу жолындағы еңбектеріне тереңірек тоқталды. «Біртұтас Алаш ұстанымы» тақырыбында сөйлеген ғалым: «Бір ұлт ортақ мақсатқа жұмылмай, бірлікке жетпейді. Біз атын атап отырған үш тұлға да осы ортақ мақсатқа біріге білді», дей келіп, Әлихан, Әлімхан және Қошкенің қайраткерлік қырына қатысты тың деректерді бөлісті.

«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы Алаш мұраты тақырыбында ой қозғады. Ол Алаш қайраткерлерімен шығармашылық байланыста болған неміс профессоры Макс Кучинскийдің еңбегіне тоқталып, шетелдік ғалымның Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен таныс болғанын, 1924 жылы Қарқаралы, Семей өңірінде экспедиция жүргізген кезінде Қошке Кемеңгерұлы, Әлімхан Ермекұлымен жүздескенін айтып, аталған тұлғалардың ортақ тұсына қатысты құнды деректер келтірді.

Дөңгелек үстелде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры Шерубай Құрманбайұлы «Әлихан Бөкейхан және кітап сыны» деген тақырыпта баяндама жасады. Ғалым Алаш көшбасшысының «Күншығыс» баспасынан шыққан кітаптарына жазған рецензияларын талдады. Ол Әлиханның кітаптарға жазған 18 рецензиясын сүзіп шығып, соның ішінде Ю.Вагнердің су, әуе, жер, жануарлар туралы кітаптарының қазақ тіліндегі аудармаларын сынға алғанын, ұсыныс-пікірін білдіргенін атап өтті. Шерубай Құрманбайұлы  баяндамасын «Орыстың кітабын қазаққа деп өзгерткенде Крыловтың басына тымақ кигізген Ахметті де ұмытпау керек» деген сөзімен түйіндеді.

Сонымен қатар жиында ғалымдар Марат Әбсемет, Айгүл Ісмақова, Сұлтан Хан Аққұлы, Қайырбек Кемеңгер, сондай-ақ­ Әлімхан және Қошкенің ұрпақтары сөз алып, Алаш қайраткерлерінің қажыр-қайратқа толы тағылымды ғұмыры Һәм қазақ руханиятына қосқан үлесі туралы айтып, олардың еңбектерін жан-жақты насихаттады.

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық тұр?

Ауа райы • Бүгін, 09:52

«Жасыл» энергия – жаһан үдерісі

Энергетика • Бүгін, 09:00

Ұлыс пен ырыстың негізі

Наурызнама • Бүгін, 08:50

Қарлығаш – құт-береке рәмізі

Наурызнама • Бүгін, 08:45

Кемел әулетінің кемеңгері

Қоғам • Бүгін, 08:40

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:35