Экспозиция суретшінің сан қырлы шығармашылық жолын айшықтайды. Автор үшін өнер – үнемі алға ұмтылу, форманың кемелдігі мен мазмұн тереңдігін үйлестіру жолындағы үздіксіз ізденіс дерсіз. Автор шығармашылық ғұмырында батыл эксперимент жасап, жанрлық және стильдік шекараларды кеңейтіп келеді.
Көрмеде мүсіндік және сәулеттік жобалар, кескіндеме мен графика туындылары, дизайн, цифрлық өнер және көркем фотосурет саласындағы еңбектер ұсынылған. Әрбір жұмыс автордың материалды сезіну ерекшелігін, пластикалық ойлау жүйесін және кәсіби шеберлігін танытады.
Суретші үшін «қолөнер» ұғымы тек техникалық машық емес, ол – дәстүр мен жаңашылдықты, ұлттық көркемдік кодтар мен заманауи әлемдік үрдістерді тоғыстыратын шығармашылық философия.

Көрме қазақстандық суретшілердің ұлттық бейнелеу өнерін дамытудағы елеулі үлесін айқындайды. Терең академиялық мектептен өткен, мол тәжірибе жинақтаған отандық шеберлер елдің мәдени кеңістігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді.
«Бұл көрме жас ұрпақ үшін де тағылымды. Музейдің басты міндеті – көркем мұраны сақтау және көрсету ғана емес, мәдени сабақтастықты нығайту, Қазақстанның көрнекті суретшілерінің есімдерін кеңінен насихаттау арқылы болашақ буынға кәсіби әрі рухани үлгі көрсету», дейді көрмені ұйымдастырушылар.
Көрменің ашылу салтанатына суретшінің әріптестері мен замандастары Нелли Бубэ, Марат Тұрғымбай, Марлан Нысанбаев, Мақсат Қаңтарбаев, Есенғали Садырбаев, Джамиля Такен, Шоқан Төлеш, Естай Даубаев, Фатима Тарази және басқа да өнер қайраткерлері қатысты. Жиналғандар «Қолөнер тарихы» ретроспективасы – шығармашылықтың аралық қорытындысы ғана емес, заманауи қазақстандық өнер кеңістігінде өзіндік орны бар шебердің үздіксіз көркемдік эволюциясының айқын көрінісі екенін атап өтті.
