Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күдік тудырған сөмке бірнеше күн бойы қоқыс арасында жатқан. Сөмкеден қолқаны қабатын иіс шыққандықтан, оған ешкім жақындай алмаған.
Сол маңда аула сыпырушы болып жұмыс істейтін Болат Жұмағалиев бұл сөмкені бұрыннан көргенін айтады.
«Ол сөмке осында кеше ғана жатты. Қатты сасық иіс шықты. Әбден шіріп кеткен сияқты. Әйелім екеуміз осы маңда тұрамыз, осында аула сыпырушымыз. Ішіне қарағым келген, бірақ иістен жақындай алмадым. Шіріп кеткен ет шығар деп ойладым. Кеше мұнда полиция келіп, ешкімді жақындатпады. Сөйтсек, сөмкенің ішінде адамның мәйіті болып шықты», деді ол.
Сөмкенің қоқыс жәшіктерінің жанында қанша уақыт жатқанын нақты ешкім айта алмайды.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл деректі растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, сөмкенің ішінде 55 жастағы ер адамның мәйіті болған.
Ведомство әзірге оқиғаға қатысты толық ақпарат жарияламады. Полиция тұрғындарды түрлі қауесет таратпауға шақырып отыр.
«Мәйіттің табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаменті.
Қазіргі уақытта адамның қаза табу себептері мен оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.