Ең алдымен көзге түскені – жергілікті биліктің рөлін күшейту туралы мәселе. Президент мәслихат депутаттарына нақты жауапкершілік жүктеп отыр. Бұған дейін жиі айтылатын «аймақтарды дамыту» деген сөз бұл жолы нақты тапсырмалармен толықты. Әсіресе жергілікті бюджет мәселесіне қатысты айтқандары өте орынды деп ойлаймын. Көп жағдайда аймақтарда қаражат қалай бөлінетіні, қандай жобаларға жұмсалатыны туралы халық толық ақпарат ала бермейді. Президенттің «бюджет соңғы сәтте ұсынылып, депутаттар оны үстірт қабылдайды» деген сыны – шындық. Демек енді жергілікті өкілді органдар формалды құрылым емес, нақты бақылау жүргізетін институтқа айналуы тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе – масылдық психологиясынан арылу туралы ой. Аймақтар тек орталықтан келетін дотацияға қарап отырмай, өз табысын көбейтуге жұмыс істеуі керек деген талап қойылды. Бұл – экономикалық тұрғыдан өте дұрыс ұстаным. Өңірдің дамуы тек бюджетке қарап емес, инвестиция тарту, бизнеске жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жүзеге асатыны анық.
Президент сөзінің тағы бір өзекті бөлігі – қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси жағдай туралы пайымдары. Соңғы уақытта халықаралық саясаттағы тұрақсыздық, түрлі әскери қақтығыстар мен экономикалық текетірестер бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Мемлекет басшысы мұны ашық айтып, Қазақстан үшін ең дұрыс жол – сабырлы, теңгерімді сыртқы саясат екенін тағы бір рет атап өтті. Бүгінгідей құбылмалы кезеңде эмоциямен емес, стратегиялық есеппен әрекет ету маңызды екені түсінікті.
Сондай-ақ ел ішінде жүргізіліп жатқан реформаларға да нақты тоқталды. Экономика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала – бәрі жүйелі түрде айтылды. Кейде қоғамда «ештеңе жасалып жатқан жоқ» деген пікірлер кездеседі. Бірақ нақты деректерге қарасақ, өндіріс орындары ашылып жатыр, жолдар салынып жатыр, энергетика, су жүйесі жаңартылып жатыр. Әрине, мәселе де бар, қиындық та бар. Бірақ даму бар екенін де жоққа шығаруға болмайды.
Президенттің сөзінде ерекше назар аударған тағы бір тақырып – жаңа Конституция жобасы. Бұл құжаттың негізгі идеясы – билік жүйесін жаңарту, жауапкершілікті күшейту және азаматтардың құқықтарын кеңейту. Мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматы қалыптасуы тиіс деген ой анық айтылды. Әсіресе, жоғары лауазымды тұлғалардың өкілеттігін шектеу, туыстардың мемлекеттік қызметке араласуына тосқауыл қою сияқты нормалар қоғамда көптен бері айтылып жүрген мәселелер еді.
Тағы бір маңызды тұсы – «Заң мен тәртіп» қағидаты. Соңғы жылдары бұл ұғым мемлекеттік саясаттың негізгі тіректерінің біріне айналып келе жатқанын байқаймыз. Шын мәнінде, заң үстемдігі болмай, әділетті қоғам құру қиын.Заң үстемдігі демекші, Президент сөзіндегі тағы бір назар аудартқан тұс – нақты цифрлар мен жауапкершілік мәселесі болды. Мемлекет басшысы ел экономикасындағы бірқатар көрсеткішті атап өтіп, өңірлердің дамуында жергілікті өкілді органдардың рөлі ерекше екенін жеткізді. Сонымен қатар мәслихат депутаты деген атақ тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік екені де ашық айтылды. Егер депутат өз міндетін атқармаса, халықтың мәселесін көтермесе немесе формалды жұмыс істесе, мұндай жағдай жауапсыз қалмайды деген ескерту болды. Яғни алдағы уақытта депутаттардан нақты нәтиже талап етілетіні байқалады. Бұл – жергілікті биліктің тиімді жұмыс істеуі үшін маңызды сигнал.
Президент сөзінің жалпы мазмұнын қорытқанда бір нәрсе анық байқалды. Қазіргі кезең – жай ғана реформалар уақыты емес, мемлекетті басқарудың жаңа моделін қалыптастыру кезеңі. Мұндай өзгерістер оңай жүрмейтіні анық. Қоғам да, мемлекет те жаңа жағдайға бейімделуі тиіс.
Екі күннен кейін өтетін референдум да осы үлкен саяси өзгерістердің бір бөлігі. Сондықтан әр азаматтың өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамауы маңызды деп ойлаймын.
Қалай болғанда да, бүгінгі сөзден мемлекет алдында тұрған міндеттер мен бағыттар анық көрінді. Ең бастысы, халқымызда бірлік, тұрақтылық және жауапкершілік болса екен.Лайым еліміз алға қарай нық қадам баса берсін!
Гүлім ЫСМАҒҰЛ, журналист,
Қостанай облысы
Жангелдин ауданы
Торғай селосы