Білім • Бүгін, 08:20

Білімді бақылау жүйесінде алға озды

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Білім саласының қызметін цифрландыру жөнінен Шымкент республика көлемінде алдыңғы орынға шықты. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.

Білімді бақылау жүйесінде алға озды

Цифрлық жүйенің арқасында 2 млрд теңгеден астам бюджет қаража­ты үнем­делді. Қала әкімдігі білім бас­қар­масымен бірлесіп, бұған дейін жұмыс істеп келген оншақты бағдар­ламаның басын біріктіріп, тұтас бір жүйе жасады. Соның нәтижесінде білім саласында көрінбей келген көптеген кемшілік анықталып, біраз заңбұзушылық қалпына келтірілді. Мәселен, қосымша білім беру қызметін басқа бағдарламалармен үйлестіру арқылы әкімдік 830 баланың үйірмеге қатыспайтынын анықтаған. Бірақ құжат бойынша ол балалардың барлығы да үйірмеге барып жүрген. Сонымен бірге «Сана» бағдарламасымен ұстаздарға заңсыз ақы төленген 800 млн теңгедей қаражат айқындалды.

Бұл жерде әңгіме негізгі екі бағдар­лама туралы болып отыр. Олар «Ай­қын» мен «Қарқын» деп аталады. «Айқын» оқушылар мен ұстаздардың, өрт қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп, балалардың ыстық тамақпен қамтылуын қадағаласа, «Қарқын» мектептегі білім сапасына көбірек жауап береді. Алайда екі бағдарламаның ақпараттық жүйесі бір арнаға түйіскен. Ол полиция де­пар­таменті мен білім басқармасына мектептегі жағдайды толық бақылауда ұстап тұруына көмектеседі.

Мәселен, «Айқын» арқылы полиция департаменті бейнекамералармен мектептің әр бұрышын көріп отырады. Соның нәтижесінде білім ұяларында буллинг, суицид және тағы басқа қайғылы немесе төтенше жағдайлардың алдын алады. Егер бөгде біреу қарумен мектепке кіретін болса, ақылды камера полиция департаментіндегі жедел басқару орталығына бірден хабар береді. Дабыл нүктесінің арқасында құқық қорғау органдары оқиға орнына жедел жете алады. Осы жүйені іске қосқан «Транстелеком» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының атқарушы директоры Талант Басқынбаевтың айтуынша, камералар текпешектер мен мектеп шатырына баратын жолдарға дейін қойылған. Себебі буллинг пен суицидтік оқиғалар көбінесе осындай камерамен қамтылмаған жерде орын алады екен. Сондай-ақ өрт шыққан жағдайда мектеп есігінің алдындағы турникеттер автоматты түрде төмен қарай түседі. 

Т.Басқынбаевтың мәлімдеуінше, бұл да ұтымды шешім болып отыр. Өйткені турникеттер де балалардың төтенше жағдай орын алған жерден тез шығып кетуіне үлкен кедергі келтіруі мүмкін. Ал «Қарқын» бағдарламасының негізгі міндеті – мектептің қаржылық, кадрлық жұмысын бақылау. Мұғалімдердің күнделікті қызметін қадағалайды. Сол ар­қылы атқарған еңбегіне қарай нақ­ты айлық жалақысы есептеледі. Бұл жоғарыда айтып өткеніміздей, білім са­ласындағы жемқорлықтың жолын ке­суге жәрдемін тигізеді. Осы екі бағдарлама да бір-бірімен біріккен түрде, яғни интеграциялық әдіспен жұмыс істейді.  Бұл «Айқын» мен «Қарқынның» деректері бір жүйеге тоғысады деген сөз. Мұндай жаңашылдық Шымкенттің білім саласындағы цифрлық қызметін ең озық технологиялар қатарына қосты. Бір жағынан, мұндай бастама әзірге еліміздің басқа өңірлерінде әлі қолға алынған жоқ. Мұның тағы бір кереметі – шалғай елді мекендердегі мектеп мұғалімдерінің сабағын білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық мамандары онлайн тексере алады. Жедел әдістемелік бақылауды күшейтудің нәтижесінде ұстаздардың біліктілігі артып, ол өз кезегінде жалпы білім сапасын жақсартуға жол ашады дейді басқарма мамандары.

Осының алдында цифрлық платфор­ма­лардың өзін бұзуға тырысқан жағ­дайлар  кездескен. Ал жаңа интегра­цияланған жүйеде ондай әрекет ешқа­шан іске аспайды. Себебі сервер, яғни барлық дерек базасы Ұлттық ақпа­раттық технологиялар орталығында орналасқан. Оған ешкім де қол сұға алмайды. Тіпті әкімдік пен бағдарламаны техноло­гия жағынан қамтамасыз еткен «Транстелеком» компаниясына да кіруге рұқсат жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, Ұлттық ақпараттық технологиялар орталығы стратегиялық нысан ретінде мемлекет қорғауына алынған. Сондықтан сервердегі дербес деректердің қауіпсіздігі әрдайым сақталады.

 « Енді заң мен тәртіп қағидаты аясында жекеменшік мектептер де тексеріледі. Цифрлық жүйенің көмегімен мектептегі бірқатар заңбұзушылықты анықтадық. Қазір соларды жою бағытында жұмыс жүріп жатыр. Білім саласындағы үлкен проблема сыбайлас жемқорлық дер едім. Жаңа жүйенің жәрдемімен осының бәрі тоқтатылды», деді қала әкімінің орынбасары С.Құранбек.

 

ШЫМКЕНТ 

Соңғы жаңалықтар