Ата заң • Бүгін, 14:24

Өскемендегі университетте жаңа Конституция және референдумды қолдау мәселесі талқыланды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өскеменде Жаңа Конституция жобасына арналған қоғамдық кездесу өтті. Зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен жастар алдағы республикалық референдумға шығарылған құжатты талқылап, өз ұстанымдарын білдірді, деп жазады Egemen.kz.

Өскемендегі университетте жаңа Конституция және референдумды қолдау мәселесі талқыланды

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Жалпыұлттық коалицияның «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» бастамасымен кездесу өтті. Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап келді. Жиынға Мәжіліс депутаттары Лүкбек Тұмашинов, Сергей Пономарев, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, «Еуразия» бірінші арнасының баспасөз хатшысы Полина Шиманская, университет ректоры Мұхтар Төлеген және өзге де өкілдер қатысты.

Ата заң эволюциясы: Өтпелі кезеңнен кемел келешекке

Кездесу барысында Аида Балаева Конституциялық реформа жекелеген түзетулермен шектелмейтінін, ел дамуының сапасына әсер ететін түбегейлі өзгерістерді көздейтінін атап өтті.

«Бүгін Жаңа Конституция жобасын талқылай отырып, біз үлкен не кіші түзетулер жайын сөз етіп отырған жоқпыз. Ел дамуының бағыты түбегейлі жаңарады. Бұл, біріншіден, ұлттық құндылықтардың мәңгілігі, ең биігінде Тәуелсіздігіміз тұрған ұстаным. Екіншіден, құқығы мен бостандығы ғылым, мәдениет және инновация құндылықтарымен нығайтылған, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру. Үшіншіден, Ұлттың қазіргі әлемдік тәртіптегі орны мен рөлін қайта пайымдау», деді ол.

Вице-премьер жобаның тұғырнамалық негізін Мемлекет басшысының бастамалары құрайтынын да айрықша айтты.

«Жаңа Конституцияның тұжырымдамалық өзегін «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сияқты Президент бастамалары қалыптастырды. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлын Негізгі заңның басты авторы деуге толық негіз бар. Мемлекет басшысы қоғамнан түскен әрбір ұсынысты жеке қарап, айтылған сынға да мән беріп, одан нақты қорытынды шығарды», деп түйіндеді Аида Балаева. Бұл жерде Қасым-Жомарт Тоқаевтің жеке қатысуымен қалыптасқан қоғамдық диалогтың маңызы атап өтілді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның кең қоғамдық талқылаудан өткенін жеткізді.

«Жаңа Конституция жобасы азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қауымының ұсыныстарын ескере отырып дайындалды. Бұл – шын мәнінде бүкілхалықтық жұмыс нәтижесі», деді ол.

Аида Балаева: Жаңа Ата заң адам құқығы мен бостандығын басты орынға қояды

Институционалдық жаңалықтарға тоқталған Мәжіліс депутаты Лүкбек Тұмашинов тарихи сабақтастық пен басқару жүйесінің тұрақтылығы мәселесін тарқатты.

«Құрылтай атауы терең тарихтан бастау алады. Вице-президент институтына қатысты пікір көп айтылды, алайда мұндай тәжірибе көптеген елдерде бар. Бұл институт жүйенің орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Құрылтай қалыптасқан соң Президент кандидатура ұсынады, депутаттар дауыс береді. Вице-президент бірқатар бағытта, соның ішінде халықаралық байланыстарда жұмыс атқарады, ал төтенше жағдайда билік сабақтастығын сақтап, сайлауды белгіленген мерзімде ұйымдастыруға жауапты», деді депутат.

Университет алаңындағы пікірталаста адами капиталдың рөлі де кеңінен сөз болды. Университет ректоры Мұхтар Төлеген адам дамуына басымдық беру білім мен ғылымды өңірлік бәсекеге қабілеттіліктің өзегіне айналдыратынын айтты.

«2026 жылғы Конституциялық реформа – нормаларды жаңарту ғана емес, Әділетті Қазақстанды құру логикасына сай институционалдық жаңғыру. Адами капиталды дамытуға конституциялық деңгейде басымдық беру – елдің стратегиялық таңдауы. Білім мен ғылым экономикалық өсімнің, технологиялық егемендіктің және өңірлік бәсекеге қабілеттіліктің қозғаушы күшіне айналып отыр», деді ол.

Жаңа Ата заңда «адам» сөзі 76 рет кездеседі: Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігін атады

Кездесу қорытындысында қатысушылар Жаңа Конституция елдің болашағына айқын бағдар беретінін, мәтінде білім, ғылым, инновация, экологиялық жауапкершілік және келер ұрпақ алдындағы міндеттерге ерекше мән күшейгенін атап өтті. Қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріліп, референдумның мәні түсіндірілді.

Соңғы жаңалықтар