Ата заң • Бүгін, 14:57

ҚазҰУ ғалымдары жаңа Конституция жобасын түсіндіретін оқу құралын жарыққа шығарды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқу құралы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға орайластырылған. Авторлар жаңа Конституция әр азаматтың құқықтары мен бостандығына, өмір сапасына тікелей қатысты екенін атап өтті. Жаңа құжат ережелерін мамандар ғана емес, қоғам түсінуі керек, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚазҰУ ғалымдары жаңа Конституция жобасын түсіндіретін оқу құралын жарыққа шығарды

Оқу құралын университеттің ғалымдар ұжымы Өңірлік коммуникациялар алаңында таныстырды. Басылымда қолданыстағы негізгі заң нормалары мен ұсынылып отырған өзгерістер егжей-тегжейлі салыстырылып, әр түзетудің себебіне үңілген, олардың құқықтық және әлеуметтік мәнін ашып, жаңа ережелерді іске асырудың нәтижесін болжайды. Азаматтардың конституциялық сауаттылығын арттыруға бағытталған жобадағы тың идеялар мен құндылықтарға басымдық берілген.

1

Авторлық ұжымды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы, ректор, филология ғылымдарының докторы, профессор, Конституциялық комиссия мүшесі Жансейіт Түймебаев басқарды. Басылымды дайындауға университеттің бірінші проректоры, профессор, Конституциялық комиссия мүшесі Еркін Дүйсенов пен университеттің 30-ға жуық профессор-оқытушысы қатысқан.

Ұлытауда Конституциялық реформаның мәні мен маңызы талқыланды

Қоғамдық талқылау барысында он мыңнан астам азамат өз ұсынысын енгізіп, ҚазҰУ ғалымдарының идеясы жаңа жобада тікелей көрініс тапқаны атап өтілді. Авторлардың айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау қажеттілігі цифрландыру, экологиялық қауіптер, инновациялардың дамуы, меншіктің жаңа нысандарының пайда болуы мен әлемдік саяси-экономикалық жағдайдың өзгеруі сияқты қазіргі заманғы сын-қатерлермен байланысты туған.

«Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені бекітілген, ал мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылады. Жаңа преамбулада халық бірлігі, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы, мемлекеттің унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы мен шекарасының мызғымастығы айқын көрсетілген. Сонымен қатар мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны дамыту, табиғатқа ұқыпты қарау, өзге мемлекеттермен достыққа ұмтылу сияқты құндылықтар көрініс тапқан» деді профессор Еркін Дүйсенов.

Жоба 11 бөлімге біріктірілген 96 баптан тұрады. «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп аталған І бөлімде және онда мемлекеттің негізгі қағидаттары – егемендік пен тәуелсіздік, заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау және жалпыұлттық бірлікті нығайту бекітілген.

Конституция жобасының негізгі ережелерінен хабардар етті

«Меншік құқығын қорғау мен меншік иелерінің жауапкершілігіне, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән берілген. Алғаш рет конституциялық деңгейде әркімнің еңбек етуге және кәсіпті еркін таңдауға құқығы бекітіледі. Адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде танылады. Құжатта ер мен әйелдің ерікті одағы ретіндегі неке мен отбасын қорғау нормалары да бекітілген», деп атап өтті ҚазҰУ заң факультетінің деканы, профессор Уалихан Ахатов.

Сонымен қатар жоба жаңа мемлекеттік институттарды құруды көздейді. Оқулық авторларының пікірінше, Конституциядағы өзгерістер мемлекеттің ары қарайғы дамуына, ел азаматтарының құқығын қорғауға негіз болады.

 

Алматы

Соңғы жаңалықтар

КазLLM қалай жұмыс істейді?

Жасанды интеллект • Бүгін, 15:25