Сұхбат • Бүгін, 08:15

Серік Тұрғынбекұлы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Кез келген қазақтың негізінде ақындық бар

10 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 70-жылдары әдебиетімізге тегеурінді бір толқын келді. Осы буынның айтулы өкілінің бірі – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы. Арқалы ақын cыршыл сезімге толы жырларымен қазақ поэзиясына мол олжа салды. Тарихи тұлғалар туралы көлемді туындыларға қалам тербеді. Ел сүйіп тыңдайтын әндердің сөзін жазды. Бір­қатар драмалық шығармасы сахналанды. Біз бүгін сексеннің сеңгіріне сергек жеткен Серік ағамызбен өнегелі өмірі мен ақындық өнер жайында әңгімелестік. Өткен ғасырдың 70-жылдары әдебиетімізге тегеурінді бір толқын келді. Осы буынның айтулы өкілінің бірі – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы. Арқалы ақын cыршыл сезімге толы жырларымен қазақ поэзиясына мол олжа салды. Тарихи тұлғалар туралы көлемді туындыларға қалам тербеді. Ел сүйіп тыңдайтын әндердің сөзін жазды. Бір­қатар драмалық шығармасы сахналанды. Біз бүгін сексеннің сеңгіріне сергек жеткен Серік ағамызбен өнегелі өмірі мен ақындық өнер жайында әңгімелестік.

Серік Тұрғынбекұлы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Кез келген қазақтың негізінде ақындық бар

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Серік аға, Кеңшілік Мырзабеков­пен құлын-тайдай тебісіп, бір ауылда өстіңіз. Әдебиетке де қатар келдіңіз. Поэ­зияға құштарлығыңыз қалай оянды?

– Бала күнімізден ертегі тыңдап, батырлар жырын оқып өстік. Содан ба, жасымыздан өлең жазып, әдебиетке үйір болдық. Кеңшілік екеуміздің алғаш көрген ақынымыз – Нұрхан Ахметбеков. Сол жылдары Торғайда Нұрханның атағы аспандап тұрды. Талай мәрте айтысқа түсіп, топ жарды. «Қазақстанның халық ақыны» атанды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Ел ішінде жыршылар ақынның «Есім сері», «Ұры Қарға», «Амангелді», «Жасауыл қырғыны», «Күләнда» поэмаларын таңға дейін тоқтаусыз жырлайтын. Бұл туындыларды мен де жатқа білуші едім. Қазір де ойымда қалған кейбір шумағын айта аламын. Бір жолы ақынды көрудің сәті түсті. Бұл – 50-жылдардың соңы. Нұрхан аға біздің ауыл – Ақшығанаққа келді. Қасында республикалық музейдің директоры Сара Есова бар. Алыстан келген қонақтар бір сыйлы кісінің үйіне түсті. Мен оның Нұрхан екенін айтпай-ақ білдім. Ол кезде 6-7 сыныпта оқимын. Ақынға сыртынан қызығып қараймын. Алайда жанына жақындай алмаймын. Бір топ адам еріп жүр. Жұртшылықпен жүздесті. Мектепті аралады. Содан кейін ауыл іргесіндегі Торғай өзеніне барды. Осы сәтте Нұрхан ағаның топтан бөлініп, жалғыз өзі үн-түнсіз ағып жатқан өзенге қарап, оңаша ойланып тұрғанын байқадым. Осы көрініс маған ерекше әсер етті. «Е, ақын деген осындай болады екен», деп ойладым.

– Нұрхан атамыз қандай кісі еді?

 – Орта бойлы, шағын денелі адам екен. Арғымақ тектес десе болады. 1963 жылы Нұрхан аға алпыс жасқа толды. Онда біз мектепте оқимыз. Торғайда ақынның мерейтойы болатынын естіп, Кеңшілік екеуміз жолға жаяу шықтық. Ол кезде көлік қат. Жұрттың дені атпен жүреді. Біздің ауыл мен аудан орталығының арасы 80 шақырым. Түйемойнақтың тұсынан шөп тиеген бір машина кездесті. Шопыры егде кісі. Тоқтап, жөнімізді сұрады. Біз оған Нұрханның тойына бара жатқанымызды айттық. Әлгі адам ойланып тұрды да: «Сендерді отырғызатын жер жоқ. Шөп тиеп бара жатырмын. Бірақ шөптің арасына орнығып алыңдар. Ешкімге көрінбеңдер», деді. Сөйтіп, Торғайға жеттік. Бірден той өтіп жатқан Мәдениет үйін тауып алдық. Іші лықа толы адам. Ине шаншар орын жоқ. Сыртқы есік айқара ашық. Кейбіреулер даладан тыңдап тұр. Кеңшілік екеуміз иін тірескен адамдардың арасынан сынамалап өтіп, есік аузына жақындап тұрдық. Алматыдан Сырбай мен Ғафу келіпті. Сырағаң ақын шығармашылығы туралы баяндама оқып жатыр. Оның сонда сөйлеген сөзі әлі жадымда. «Нұрекең алпысқа алқынып жеткен жоқ, шарқ ұрып жетті. Нұрекең алпысқа еңбектеп жеткен жоқ, орасан еңбекпен жетті. Біз Нұрекеңе Алатаудың бір биігін сый­ла­сақ та артық емес. Бірақ ағамызға Ала­тау­дың көк майсасы секілді жасыл шапан кигіземін», деп Сырағаң ақынның иығына шапан жапты. Одан кейін Ғафаң тебіреніп өлең оқыды. Нұрхан аға сахна төріне жайғасқан. Қатты сырқаттанып қалған. Тіл жоқ. Сөйлегендердің сөздерін үнсіз тыңдап отыр. Кейде жылайды. Кейде күледі. Менің екі көзім – Нұрханда. Әр қимылын қалт жібермеймін. 

– Тойда сіздер де өлең оқыдыңыздар ма?

– Соны айтайын. Салтанатты жиын­ның соңы концертке ұласты. Кеңшілік екеуміздің де Нұрханға арнаған өлеңіміз бар. Соны ел алдында оқығымыз келе­ді. Осы ойымызды ақын Назарбек Бектемісовке барып айттық. Назағаң мені бұрыннан біледі. Аудандық газетке оның алғы сөзімен «Он бес жасар ақын» деген топтамам жарияланған болатын. Соны меңзеді ме, Назарбек аға маған қарап: «Серік, мен сені газетке шығардым ғой. Осы жолы Кеңшілік оқысын» деді. Сахнаға шығып, ол өлеңін оқыды. Жұртшылық дән риза болды. Кеңкең енді маған «өлең оқытамын» деп әрекеттенді. Бір-екі кісіге айтып еді. Олар «сөйлеуші көп» деп ыңғай танытпады. Бірақ Кеңкең ауылға келгенде «Нұрханның тойында Серік екеуміз де өлең оқыдық», деп айтты. Кеңшілік сондай ниеті таза, адал дос еді.

 – Белгілі қаламгер Сапабек Әсіпке арнаған өлеңіңізде «Аудандық газетке әкеп кіргізіп ең, Торғайда, біле­гім­нен ұстап алып», деп жазыпсыз. Шынымен, солай болды ма?

– Иә. Әкем соғыстан жаралы болып оралды да, ерте қайтыс болды. Онда мен 5-6 жастамын. Жалғыз шешем бар. Он жылдықты Тәуіш ауылындағы орта мектептен тәмамдадым. Мектеп бітіргеннен кейін Торғайға келдім. Аудан орталығындағы достарымды қимай екі-үш күн жүріп қалдым. Бірде көшеде келе жатыр едім, алдымнан Сапабек аға шыға келді. Сол жылдары ол кісі Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы. Оқушы кезімнен аудандық басылымда өлеңдерім мен шағын мақалаларым жиі жарияланатын. Содан мені жақсы біледі. Сапекең білегімнен шап беріп ұстады да: «Әй, Серік, сен биыл жоғары оқу орнына барасың ба?», деп сұрады. Шынымды айтсам, оқуға барғым келеді. Алайда үйдің жағдайы жоқ. Бір жағынан, жалғыз шешемді қимаймын. Сондықтан «бір-екі жыл жұмыс істеп барсам» деп ойлайтынмын. Сапекең қолымнан ұстаған күйі жетектеп, редакцияға алып келді. Аудандық газетке бірден жұмысқа қабылдады. Осы редакцияда 3-4 жыл еңбек еттім. Қаламгер аға­ларым­ның тәлім-тәрбиесін алдым. Журна­листиканың қыр-сырын үйрендім. Өлең­дерім, очерктерім облыстық, республикалық басылымдарда жариялана бастады.

60-жылдардың ортасында бұрынғы Целиноград облысында Тың өлкесі жазушыларының съезі өтті. Соған Торғайдан Сейіт Кенжеахметов, Таңатқан Сәтбаев үшеуміз қатыстық. Жиынға Алматыдан Ғабит Мүсірепов бастаған бір топ-ақын-жазушы келді. Арасында айтулы ғалым Зейнолла Қабдолов бар екен. Жиында жас қаламгерлерді әр секцияға бөліп, шығармаларын талқылады. Мен көрнекті ақын Ғали Ормановтың секция­сына бөліндім. Ғалекең менің өлеңімді мақтап, басқалардың да пікірін сұрады. Сол кезде Зейнолла Қабдолов орнынан тұрып, «Бұл жігіттің поэзиясы маған ұнады. Өлеңдерінен эпикалық сарын байқалады. Болашағы бар. Мен Серікті Алматыға алып кеткім келіп тұр. Алдағы күзде университеттің сыртқы бөліміне құжат қабылдау басталады. Соған оқуға кел», деді Зекең. Бұған айрықша қуан­дым. Қанаттандым. Алматыға бару – арманым еді. Күзде Алатаудың етегіндегі әсем қалаға келдім. Зейнолла ағаны тауып алдым. «Оқуға құжаттарыңды өткіз. Түсесің. Бірақ тыныш жүр», деді ол кісі. Сөйтіп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне сырттай оқуға түстім. Кеңшілік Алматыға менен бір-екі жыл бұрын кеткен еді. Сөйтсем, ол оқуға түспеген екен. Екеуміз бірге түстік.

– Құрдастарыңыз сізді: «ҚазМУ-де 16 жыл оқыды» деп әзілдеп айтады. Осы оқиғаға да тоқтала кетесіз бе?

– (Күлді). Оның түрлі себебі бар. Кейде әр қилы жағдаймен қысқы немесе жазғы сессияға қатыспадым. Осылай талай мәрте оқудан шығып қалдым. Бір жолы Кеңшілік екеумізді оқудан қатар шығарып жіберді. Көңіл күйіміз жоқ. Ұнжырғамыз түсіп келе жатқанбыз. Алдымыздан ғалым Әбілфайыз Ыды­рысов кездесті. Бізді «жерлес іні­лерім» деп, іш тартып жүретін. Оған жағдайымызды айттық. Әбілфайыз аға ойланып тұрды да: «Сендер босқа жүрмеңдер. Ректор Асқар Закаринге кіріңдер. Жақсы азамат. Торғайлық. Оған кездесіп жөндеріңді айтсаңдар, түсінеді», деп ақыл қосты. Ректордың қабылдау бөлмесіне келдік. Алды толған адам. Келесі күні тағы бардық. Тағы сондай көрініс. Осылай бірнеше күн кіре алмай жүрдік. Мұндайда Кеңшілік марқұм тапқыр еді. Қабылдау бөлімінде отырмыз. Кеңкең хатшыға: «Қарындас, ол кісіге торғайлықтар келіп тұр деп айтасыз ба?», деп өтініш білдірді. Хатшы қыз ректордың кабинетіне кіріп кетті. Бір кезде: «Торғайлықтар кіріңіздер» деді. Бізбен бірге университеттің екі-үш қызметкері кірді. Олар қолдарындағы қағазға қол қойдырып алды да, шығып кетті. Атшаптырым бөлме. Екеуміз бұрыштағы үстелде үрпиіп отырмыз. Бізді ол кісі көрмеді. Хатшы қызға қайта қоңырау шалып, «Жаңағы торғайлықтар қайда?» дегенде екеуміз орнымыздан тұрдық. Асқар ағаны бұрын көрмегенбіз. Ат жақты кісі екен. Түсі жылы. Оған Қысқы сессияға қатыса алмай, оқудан шығып қалғанымызды айттық. Ректор бізді асықпай тыңдады да, хатшы қызға айтып Қожакеевті шақыртты. Екеуміздің тіпті зәреміз ұшты. Темкең бізді жақсы біледі. Алдында кабинетінен: «Торғайыңа барыңдар!», деп қуып жіберген. Бір кезде Қожакеев келді. Бізге жақтырмай қарады. Алайда Асқар аға: «Темірбек, Торғайдың жолы алыс екенін білесің, мына менің екі інім қыста боран соғып, сессияға келе алмапты. Енді балаларды бір жолға кешіріп, оқуға қайта кіргізсеңіз қайтеді», деді сыпайы сөйлеп. Қожакеев: «Біз тізімді бекітіп жібердік қой», деді. Сонда да Асекең: «Тізім соңына қосып жіберіңіз. Ештеңе етпейді», деді қайыра тіл қатып. Бірақ Темкең райынан қайтар емес. «Бұларды мен жақсы білемін. Екеуі мүлде сабаққа келмейді. Жазушылар одағынан шықпайды. Үнемі сонда жүреді», деді қабағы қатуланып. Асқар аға сабырлы кісі екен. Артық сөйлемеді. «Бір жолға кешір. Балалармен сөйлесіп көрші», деп Қожакеевке қарады. Үшеуміз ректордың кабинетінен бірге шықтық. Темкең алдымызға түсіп кетіп қалды. Екеумізде Қожакеевтің қабинетіне қайта кіруге батылымыз жоқ. Бір кезде Кеңкең: «Кірмей-ақ қояйық. Керек болса, өзі шақырып алады», деді. Ақыры кірмедік. Бірақ сол жолы оқуға қайта қабылдандық.

– Көптеген жақсы-жайсаңымен араластыңыз. Оларға жақын іні болдыңыз. Әсіресе Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбековтің орны бөлек. Солар туралы да айтсаңыз?

– Жас күнімнен Сырағаңа қатты еліктедім. Өлеңді сол секілді мөлдіретіп жазсам деп армандайтынмын. Оның күркіреп жыр оқыған дауысын да ұнатушы едім. Бір жолы танымал қаламгер Сабыржан Шүкірұлы ауылға Алматыдан Сырбайдың өлең оқыған дауысы жазылған пластинка алып келді. Соны қайта-қайта тыңдап, Сырағаңның дауысын бойыма сіңіріп алдым. Онда «Жаңа өмір» газетінің жас тілшісімін. Сонымен бірге аудандық радио торабында қосымша қызмет істеймін. Сол жылы Мәскеуде коммунистік партияның кезекті съезі өтіп жатқан. Соған байланысты «Социалистік Қазақстанға» Сырағаңның өлеңі шығыпты. Күн сайын радиодан жаңалық оқимын. Соны оқып болғаннан кейін «бүгін студияға қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәуленовті шақырып отырмыз», деп Сырағаңның дауысына салып, ақынның газетке шыққан өлеңін оқыдым. Сыртқа шықсам, есік алдында ақынның Торғайда тұратын Ғалым Сомтеміров, Мырзалым Өтелбаев дейтін ағайындары жиналып тұр. Бәрімен амандасып жатырмын. Олар маған қарайтын емес. Бірден «Сырбай қайда?» деп сұрады. Ол кісі «Алматыда ғой», десем «Жаңа аудан радиосынан өлең оқыған жоқ па?», дейді.

Сондай қызық оқиға болған. Алма­тыға келгеннен кейін Сырағаңмен жақын араластым. Ағалық ықыласына бөлендім. Батасын алдым. Ақындығын ерекше бағалаймын. Өмірден өткенше қолынан қаламын түсірмеді. Сырағаңды әлі сағы­намын.

– Ғафекеңді алғаш қашан көрдіңіз?

– Ғафекеңді бұрын бір-екі рет сыртынан көргенім бар еді. Бірақ жақын таныс болған емеспін. Бір жылы елден Алматыға Ғафекеңнің туған қарын­дасымен бірге ұшып келдім. Ол кісі аудандық газеттің баспаханасында істейтін. Сессияға келген едім. Бізді аэро­порттан ақынның туысы Тұрсынбек Токин күтіп алды. Ғафекеңнің үйіне түстік. Тұрсынбек ол кісіге мені «жас ақын» деп таныстырды. Алғашында онша мән бермеді. Кейін іш тартып сөйлесіп, жақын тартты. Ғафекеңе: Алматыдан жұмыс табылса, осында қалатын ойым бар екенін айттым. Ғафу аға бірден сол кездегі «Қазақ радиосының» директоры Ертай Арысовқа хабарласып, мені сонда қызметке орналастырды.

Шындығында, Ғафекеңмен өмірдегі, өлеңдегі інісі ретінде өте жақын араласып, көп сырластым. Сексенінші жылдар ішінде «Жұлдыз» журналында бірге қызмет істедім. Сонда ақынның біраз әңгімесін тыңдадым. Бірде Ғафекең өз аталарының ерлік істері туралы әңгімелеп отырды. Қасымызда Шөмішбай Сариев бар еді. Ғафекең әңгімесінің ұзын-ырғасында аталарының көбісі атыс-шабыс, қан майданда қаза болғанын айтып, соңғы сөзін «он жеті» партизанға тіреп: «Осылай менің ата-бабаларым әділдік жолында құрбан болған» деп бір-ақ тоқтады. Сол сәтте мен: «Апырай, Ғафеке, сөзіңізге қарағанда мергендердің көбісі кісі қолынан қаза тапқан
екен-ау», деппін. Сол кезде Ғафекең селк ете қалып: «Әй, Шөмішбай, Серіктің мына сөзі адамның зәресін алады екен. Мен бар ғой, Шөмішбай, осы Серікке неге екенін білмеймін, ұрыса алмаймын. Ұрыссам болды, рақаттанып бір күледі де отыра береді. Сосын қалай ұрсасың», дегені бар еді.

Қайнекей Жармағамбетовтің де біраз жақсылығын көрдім. Ардақты аға өмірінің соңғы жылында Алматыда жалғыз өзі тұрды. Үйіне келмейтін адам жоқ. Ақын Хамит Ерғалиев сол үйден шықпайтын. Жазушы Ғабдол Слановты да сол шаңырақтан жиі көруші едім. Төлеген Айбергенов Қарақалпақстаннан келіп, ақынның пәтерінде біраз уақыт тұрғанын білемін. Елден келгенде мен де біраз сол үйде тұрдым. Қайнекей аға өте білімді еді. Кітапханасы бай болатын. Ол кісі Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан секілді тұлғалармен жақын сыйласты. Әдебиетте де өнімді еңбек етті. Поэзиядағы баллада жанрын қалыптастырды.

– Енді шығармашылыққа ойыссақ. Ақындық – тылсым әлем. Бұл өнер адамға тумысынан қона ма?

– Меніңше, ақындық – табиғаттың сыйы. Ешкім оқып ақын болмайды. Әрине, білім қажет. Онсыз биікке көтеріле алмайсың. Біз балғын шағымыздан қазақ фольклорын бойымызға сіңірдік. Бұрынғы халық ақындары да солай қалыптасты. Солардың ықпалы бізге көбірек тиді. Кез келген қазақтың негізінде ақындық бар. Мысалы, менің ұлы шешем керемет ақын болған. Өлеңдетіп сөйлегенде ешкімге дес бермеген. Әкем де өнерде қара жаяу болмаған. Әжемнің көзін көрген үлкендер: «Сен ұлы шешеңе тартып, ақын болғансың», деп айтатын. Соған қарағанда ақындық адамға тегінен даритын секілді.

– 70-жылдары әдебиетке келген сіздің буын поэзияға қандай жаңалық әкелді деп ойлайсыз?

– Біз соғыс аяқталған соң, бір жылдан кейін туған ұрпақпыз. Қанды қырғынды көзіміз көрмесе де, оның қандай зардап әкелгенін жақсы білеміз. Соғыс жылдары халық әбден қиналды. Ауыр тұрмыс кешті. Сол уақыттағы кейбір атқа мінерлердің келеңсіз қылығы мен олардың халыққа көрсеткен зәбірі – бізге де әсер етті. Одан кейін 50-жылдардың ортасында тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталды. Елімізге сырттан қаншама өзге ұлт өкілі ағылып келді. Соның салдарынан қазақ өз жерінде саны аз ұлтқа айналды. Солтүстік өңірде көптеген қазақ ауылы мен мектебі жабылды. Біз осы жағдайды көріп, жүрегіміз ауырды. Қолымыздан келетіні жазу еді. Сондықтан халқымыз тартып отырған тауқыметті шығармамызда астарлап айттық. Емеурінмен жеткіздік. Әрине, заман ағымынан аса алмадық. Уақытқа икемделдік.

Соғыстан кейін қазақ поэзиясы өртеңге шыққан гүлдей қайта бүр жарды. Адамның жан дүниесін тербейтін лирикалық өлеңдер туды. Оны Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов секілді ақындар бастады. Бұл дәстүрді кейін Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Сағи, Қадыр, Тұманбай әдемі жалғады. Осы ақындардың ішінде өз басым Тұмағаңды ерекше көремін. Қазір Тұманбай Молдағалиев туралы көп айтылмайды. Біздің буынға Тұманбайдың сыршыл лирикасының ықпалы көбірек тиді. Поэзия сезімнен тұрады. Ақынға ақылдан гөрі, сезім керек. Тұмағаң сезімнің ақыны еді.

Бір жолы талантты сыншы Амангелді Кеңшілікұлы теледидардан қазақ поэзия­сы туралы сөйледі. Сонда ол қазақ поэзиясы өткен ғасырдың 60-70 жылдары шарықтау кезеңіне жетті деп баға берді. Мен осы пікірді құптаймын.

–Егемендік алғаннан кейін шығар­машылығыңыз жаңаша өріс алды. Эпи­калық дастандар жаздыңыз. Драма­лық туындыларыңыз қойылды...

– Шынымды айтсам, тәуелсіздік менің тынысымды ашты. Шабытымды оятты. Ұлттың азаттығы жолында құрбан болған тұлғалар туралы жазу – бұрыннан ойым­да бар еді. Әсіресе жас кезімде Кейкі туралы жазғым келетін. Бала күнімде 1916 жылғы Торғайдағы Ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан қариялардың шет-жағасын көрдім. Солар «нағыз батыр Кейкі» деп отыратын. Жазушы Ақан Нұрманов романында оның есімін ашық айта алмай «Құлан» деп алғаны да бекер емес. Бұл дастанда Кейкінің батырлығын, батылдығын, мергендігін барынша шынайы көркемдедім. Осы шығарманы Әбіш Кекілбайұлы мен Ақселеу Сейдімбек жоғары бағалап, мақала жазды. Ал «Кенесарының Ақмолаға шабуылы» тура­лы поэманың жөні бөлек. Мұнда Хан Кененің Ақмола бекінісіне бұзып кірген сәттегі қаһарман бейнесін көркемдедім. Бұл тарихи оқиға көп айтылмайды. Кенесарының қасында қазақтың жүрек жұтқан батырлары болды. Солардың бекіністі алғандағы ерлігі елеусіз қалмасын деп жаздым. Ал «Махамбет пен Жәңгір хан» атты дастаныма Махамбет сыйлығын алдым. Бұл туындыны Фариза Оңғарсынова оқып, оң пікірін білдірді. Сондай-ақ «Сәкен – Сұңқар», «Ахмет-Іңкәр», «Ғарыш-қазақ» және «Ақан сері – Балқадиша» атты поэмаларымды да оқырман жылы қабылдады. Бірнеше драмалық шығар­маларым сахналанды. Оны жазуға көр­некті режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің ықпалы тиді.

– Жерге түскен жарықшақ ақын жүрегі арқылы өтеді деп айтады. Қазір сізді қоғамдағы қандай мәселе толғандырады?

–Дұрыс сұрақ қойып отырсың. Толғандыратын дүние көп. Біз тарихта есеміз кеткен ұлтпыз. Отаршылдық қамытын ұзақ кидік. Соның зардабын әлі тартып келеміз. Тіл – ұлттың жаны. Одан айырылуға болмайды. Қандай жағдай болса да, ұлт мүддесі бәрінен биік тұруы қажет. Бүгінде адамдардың көкірегі ояу, санасы биік. Әсіресе халық қоғамдағы әділетсіздіктен шаршады. Бұрынғы сарыннан арылатын кез жетті. Қоғамға жаңашылдық керек. Бастысы, халықтың үміті ақталса деймін. Бір жағынан, қазір әлем құбылып тұр. Айналаның бәрі ала-құйын. Бұл – жақсы емес. Уақыт өзгеріп, әлем тынышталса екен. Еліміз аман, бейбіт заман болсын демекпін!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен  –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Табиғат сынағына тосқауыл

Аймақтар • Бүгін, 09:00

Келелі кеңес келешегі

Пікір • Бүгін, 08:58

Сот төрелігіне сенім артып келеді

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:55