Ата заң • Кеше

Жаңа Конституция және ұлт саулығы: сарапшы көзқарасы

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа Конституция жобасын тек саяси-құқықтық құжат ретінде ғана емес, алдағы ондаған жылға денсаулық сақтау жүйесінің даму бағытын айқындайтын стратегиялық бағдар ретінде қарастыру қажет. Бұл туралы Nazarbayev University Медицина мектебінің профессоры, қоғамдық денсаулық сақтау саласының докторы, Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Қуаныш Асылханұлы Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Жаңа Конституция және ұлт саулығы: сарапшы көзқарасы

Оның айтуынша, конституциялық нормалардың денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығына және азаматтардың өмір сапасына тікелей ықпал ететінін терең түсіну – маңызды мәселердің бірі.

Сарапшы жобада медициналық ғылымды дамытуға мемлекет дамуының берік іргетасы ретінде айрықша мән берілгенін атап өтті.

«Бұл ғылым мен кадр даярлауды елдің стратегиялық ресурсы ретінде мойындау деген сөз. Пандемия зерттеулерге, университеттік клиникалар мен ғылыми орталықтарға салынған инвестициялардың ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін көрсетті», дейді Ерғалиев.

Медициналық жоғары оқу орындары үшін бұл – ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту, білім беру бағдарламаларын жаңғырту және дәлелді медицина қағидаттарына сүйенетін, инновациялық технологияларды клиникалық тәжірибеге енгізе алатын жаңа буын дәрігерлерін даярлау дегенді білдіреді.

Сарапшы жобаға енгізілген 32-бапқа да ерекше тоқталды. Аталған бапта әрбір азаматтың денсаулығын қорғау құқығы және заңда белгіленген көлемде медициналық көмек алу мүмкіндігі нақты бекітілген.

Қуаныш Ерғалиевтің пікірінше, бұл ұстаным «World Health Organization» қағидаттарына толық сәйкес келеді. Ұйым Жарғысында (1948 ж.) «денсаулықтың қолжетімді ең жоғары деңгейіне ие болу – нәсіліне, дініне, саяси сеніміне, экономикалық немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан әр адамның негізгі құқықтарының бірі» екені көрсетілген.

Денсаулық – бұл артықшылық емес, ол – әрбір азаматқа тиесілі, мемлекет кепілдік беруге тиіс іргелі құқық. Осылайша, денсаулық құқығын ұлттық деңгейде бекіту – адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға сай келіп, денсаулық сақтау қызметтерін жалпыға бірдей қамту, кемсітпеу және медициналық көмекке тең қолжетімділік қағидаттарына адалдықты білдіреді.

Сарапшының айтуынша, жобада қоғамдық денсаулықты қорғауға бағытталған нормалар да қарастырылған.

«Азаматтардың денсаулығына қауіп төнген жағдайда діни ұйымдардың қызметін шектеу, сондай-ақ 23-баптағы сөз бостандығы денсаулық құқығы мен қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі тиіс деген талап – аса маңызды нормалар. Медициналық жалған ақпарат кең тараған кезеңде бұл қағидаттың мәні зор», деп атап өтті ол.

Халықаралық тәжірибе денсаулық сақтау құқығын қорғау үшін кей жағдайда жекелеген бостандықтарды ақылға қонымды әрі шамалас түрде шектеу қажет болатынын дәлелдейді. Мәселен, COVID-19 пандемиясы кезінде көптеген мемлекеттер World Health Organization ұсынымдарына сүйене отырып және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт нормаларын басшылыққа ала отырып, жаппай іс-шараларға уақытша шектеулер енгізді. Бұл шаралар заңды мақсат пен пропорционалдық қағидатына негізделді.

Қ.Ерғалиевтің айтуынша, «инфодемияға» – яғни жалған медициналық ақпараттың жаппай таралуына қарсы күрес мәселесі де айрықша өзектілікке ие болды. World Health Organization дезинформация вакцинация бағдарламаларына кері әсер етіп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді азайтып, тіпті адам өміріне қауіп төндіретінін бірнеше рет ескерткен.

Осыған байланысты бірқатар елдер цифрлық платформаларды реттеу тетіктерін күшейтіп, күмәнді контентті таңбалау жүйесін енгізіп, халықтың медициналық сауаттылығын арттыру бағдарламаларын қолға алған.

Жалпы алғанда, сарапшының бағалауынша, жаңа Конституция жобасы денсаулықты қорғау құқығының кепілдіктерін күшейтіп, медициналық ғылым мен білім беруді дамытуға берік негіз қалайды.

«Ғалым әрі оқытушы ретінде айтарым: адами капиталға, білім мен ғылымға салынған инвестиция – елдің болашағына салынған инвестиция. Осы басымдықтарды Конституция деңгейінде бекіту – дені сау, білімді әрі орнықты ұлт қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам», деп түйіндеді Қуаныш Ерғалиев.

Референдум және жаңа Конституция: Халық көп жиналатын орындарда ақпараттық жұмыс жанданды

Оның пікірінше, ғылымды дамытуға басымдық беру, құқықтық кепілдіктерді нығайту және бостандықтар мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау – қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап беретін және халықаралық тәжірибеге сай келетін шешім.

Қазақстанда автобустар жаңа Конституция жобасы туралы ақпарат тарату алаңына айналды

Соңғы жаңалықтар