Жоба аясында зауыт құрылысына 41,9 млрд теңге инвестиция салу жоспарланып отыр. Кәсіпорын жылына 280 млн литрге дейін алкогольсіз сусын өндіре алады. Нысанды іске қосу 2027 жылға белгіленген.
Ақтөбедегі «ақылды» өткел: NAZAR технологиясы жаяу жүргіншілерді қалай қорғайды?
Өңір басшысы бұл бастама облыстың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, жоба ірі инвестиция тартумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және өндірістің экологиялық стандарттарын жетілдіруге мүмкіндік береді. Жергілікті билік тарапынан инвесторға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Жоба шеңберінде 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда кәсіпорын құрылысы үшін 41-разъезд аумағынан 25 гектар жер телімі бөлініп, жобалау және дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа өндірістік кешен Coca-Cola Içecek компаниясының Қазақстандағы төртінші зауыты болмақ. Ол заманауи технологиялық желілермен, қалдықтарды экологиялық басқару жүйелерімен және халықаралық тұрақты даму стандарттарына сай энергия үнемдейтін шешімдермен жабдықталады.
Аталған жобаның жүзеге асуы Ақтөбе облысының индустриялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтып, өңірге ірі халықаралық инвестициялар тартуға және экономиканың сабақтас салаларын дамытуға серпін береді.