TikTok − әлемдегі ең ірі әлеуметтік желілердің бірі. 2025 жылы платформаның ай сайынғы белсенді қолданушылары саны шамамен 1,59 миллиард адам болғаны мәлім. Бұл TikTok-ты әлемде ең көп қолданылатын әлеуметтік медиа платформалар қатарына қосады және оның ақпарат таратудағы ықпалын айқындайды.
Қазақстанда да TikTok аудиториясы жыл сайын өсіп жатыр. 2025 жылғы деректер бойынша елдегі ересек интернет қолданушылардың 86,5 %-ы TikTok арқылы жарнамалық контентке қол жеткізе алады, бұл платформаның кең таралғанын көрсетеді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерді пайдалану көлемі жалпы интернет қолданушылары арасында жоғары: 2025 жылы елде интернет қолданушылар саны 19,2 миллионға жеткен, оның ішінде жастар арасында TikTok өте танымал екені байқалады.
TikTok-тың негізгі ерекшелігі − қысқа бейнеформат арқылы ақпарат тарату. Бір минутқа жетпейтін видеолардың ішінде оқиғаның мәнін ашу журналистерден ықшам ойлауды, нақты әрі әсерлі тіл табуды талап етеді. Бүгінде жаңалықтың мазмұны ғана емес, оны ұсыну формасы да шешуші рөл атқарады. Көрермен назарын алғашқы секундтарда аударта алмаған контент кең аудиторияға жетпейді.
Қысқа видеоның қоғамға тигізер оң ықпалы бар. Ең алдымен, ақпарат тарату жылдамдығы артты. Оқиға орнынан түсірілген бейнематериал көрерменге оқиғаның шынайы бейнесін жеткізеді. Сонымен қатар, TikTok − жастар арасында кеңінен таралған платформа. Бұрын дәстүрлі медианы сирек тұтынған жас аудитория әлеуметтік, саяси және қоғамдық тақырыптарға осы желі арқылы назар аудара бастады. Бұл журналистика үшін жаңа мүмкіндіктер алаңын ашты.
Сонымен бірге қысқа форматтың белгілі бір шектеулері де бар. Күрделі тақырыптар кейде терең талдаусыз, жеңілдетілген түрде беріледі. Ал платформаның алгоритмдік жүйесі эмоцияға құрылған, қаралым жинауға бейім контентті алға шығарады. Мұндай жағдайда ақпараттың нақтылығы мен сапасы екінші орынға ысырылып, жалған немесе тексерілмеген мәліметтердің таралу қаупі күшейеді.
TikTok жұлдызы Хаби Лейм өзінің ЖИ-сыңарын 975 миллион долларға сатты
Журналистика үшін ең өзекті мәселенің бірі − кәсіби стандарттарды сақтау. TikTok-та кез келген қолданушы өзін ақпарат таратушы ретінде көрсете алады. Алайда журналистік қызмет жауапкершілікпен, дереккөздерді тексерумен және этикалық нормаларды сақтаумен тікелей байланысты. Осы ерекшеліктерді ескермей, әлеуметтік желідегі кез келген контентті журналистикамен теңестіру дұрыс емес.
Дегенмен TikTok-ты дәстүрлі журналистикаға қарсы қою біржақты көзқарас болар еді. Қазіргі таңда көптеген медиа ұйымдар бұл платформаны аудиториямен байланыс орнатудың, жаңалыққа қызығушылық тудырудың тиімді құралы ретінде пайдаланып отыр. Қысқа видео − ақпаратқа бастайтын алғашқы қадам, ал терең талдау мен толық түсіндіру дәстүрлі медианың үлесінде қалуы тиіс.
TikTok-та қазақ ұлтына тіл тигізген Қостанай тұрғыны 2 жылға сотталды
Қорытындылай келе, TikTok дәуірі журналистиканы жоққа шығарған жоқ, керісінше оны жаңа форматқа бейімдеді. Қысқа бейне қоғамға ақпаратқа қолжетімділікті арттырды, алайда сапа мен жауапкершілік мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Бүгінгі журналистика үшін басты міндет − жылдамдық пен тереңдіктің, танымалдық пен сенімділіктің арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
Алуа МҰРАТХАНҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті