Спорт • Кеше

Михаил Шайдоров жалақысы туралы мәлімдеген Спорт министрлігіне ренішін білдірді

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарының алтын медаль иегері Михаил Шайдоров Спорт және туризм министрлігінің өзіне қатысты жарияланған ақпаратқа ренішін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Михаил Шайдоров жалақысы туралы мәлімдеген Спорт министрлігіне ренішін білдірді

Жақында ғана Спорт және туризм министрлігі мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров пен оның командасының дайындығына жұмсалған қаржы туралы ақпарат таратқан еді. Ведомство спортшыға мемлекеттік қолдау тетігі барлық кезеңде көрсетілді дегенмен, спортшы толыққанды қолдау тек соңғы маусымда ғана көрсетілгенін айтады. Tengrinews-ке берген сұхбатында М. Шайдоров өзінің жалақысы туралы құпия ақпараттың дүйім жұртқа жария болғаны оның көңіліне қаяу түсіргенін жасырмады.

«Менің жалақым туралы ақпараттың көпшілікке жария болғаны көңілімді түсіргені рас. Жеке ақпараттың бұлай жариялануы орынсыз деп санаймын. Шыққан шығынға неге ерекше назар аудару керек болды екен, түсінбеймін. Мен жай ғана үзіліссіз жаттығып, нәтижеге жетуге тырыстым», деді ол.

Мәнерлеп сырғанаушы ешқашан қолдаудың жоқтығына шағымданбағанын, алған қаражаттың барлығын тек дайындыққа жұмсағанын атап өтті. Оның пікірінше, спортта жүлденің құны тек нәтижемен бағалануы тиіс.

Олимпиада ойындарының жабылу салтанатында Қазақстан туын Михаил Шайдоров алып шықты

Сондай-ақ спортшы шығындардың едәуір бөлігін отбасы мен демеушілер көтергенін айтты. Алайда олар бұл туралы еш жерде жарияламаған.

М. Шайдоровтың айтуынша, мәнерлеп сырғанаудағы көптеген шығындар заңда қарастырылмаған. Мәселен, мамандардың шұғыл ұшақпен қатынауы, оқу-жаттығу жиындарынан тыс тұратын баспана, тәуліктік шығындар, костюмдер, музыкаға лицензиялар сияқты шығындар спортшының өз есебінен төленеді.

Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровқа көлік сыйлайтын болды

Оның айтуынша, ол 2025 жылы әлем чемпионатында күміс медаль алғаннан кейін ғана оның жалақысы өсіп, бапкерлер мен мамандардың еңбегі төлене бастаған. Алматы мен Астанадағы мұз айдындары дайындыққа беріліп, алғаш рет бағдарламалары мен костюмдері, дәрігер қызметі қаржыландырылған. Бұған дейін ол ұзақ уақыт бойы ең болмағанда ең төменгі жалақыны көтеруді сұраған. Себебі оның қаражаты тіпті базалық дайындыққа да жетпеген.

Айта кетейік, 21 жастағы Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтады. Президенттің шешімімен Михаил Шайдоров II дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.

Соңғы жаңалықтар